Күзде де карантиндік шаралар қабылдануы мүмкін – Денсаулық министрлігі

Күзде коронавирустың екінші толқыны келсе, карантиндік шаралар қабылдануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Онлайн тәртіпте өткен баспасөз мәслихатында күзде коронавирустың екінші толқыны болатындығы туралы пікірлерге қатысты сұрақ қойылды. Бұл тұрғыда кәсіпорындардың жұмысына шектеу енгізу мүмкіндігі жайында сұралды. «Шынымен де күзде біз вирустың екінші толқыны келуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Алайда күзде қабылданатын шаралар жағдайға қарай іске асырылады, яғни сол кездегі эпидемиологиялық ахуал назарға алынады. Күзде қандай да бір карантиндік шаралар қабылдануы мүмкін, бұл қадамдар індеттің таралуы қаупіне байланысты болады», – деді вице-министр. Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директоры Дамир Көбжасаров коронавирустың екінші толқыны қай кезде келуі мүмкін екенін айтты. «Індет жұқтыру көрсеткіштері артуының екінші кезеңі күз мерзімінің екінші бөлігіне келуі мүмкін. Ел халқы вирустың бар екенін ұмытпауы керек. Бұл індет барша әлемде толықтай жойылмады. Кейбір адамдарда бұл ауру ешбір белгілерсіз болады, кейіннен бұл инфекция ағзасы індетке сезімтал кісілерге жұғуы мүмкін», – деді Д. Көбжасаров онлайн тәртіпте өткен брифингте.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған