Цой бұйрыққа өзгеріс енгізді: балалардың маска тақпауына рұқсат етілді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қоғамдық орындарда маска тағуды міндеттейтін бұйрыққа өзгеріс енгізді. Енді бұл ереже балалар үшін және ашық ауада жаттығу жасайтындар үшін міндетті емес, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізудің кейбір мәселелері туралы» министрдің 2020 жылғы 5 шілдедегі бұйрығына өзгерістер енгізілді.

«10-тармақтың 7) және 9) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

7) қоғамдық орындарда, халық келетін, қызмет көрсетілетін және демалуға арналған нысандарда, қоғамдық көлікте, бес жасқа дейінгі балаларды және әлеуметтік қашықтық сақталатын қоғамдық тамақтану орындарын қоспағанда медициналық немесе мата маскаларын тағу міндетті,

9) қоғамдық орындарда ашық ауада медициналық немесе мата маскаларын тағу міндетті, бұған бес жасқа дейінгі балалар, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, бес адамнан аспайтын жеке, топ бойынша спортпен айналысатын адамдар кірмейді», – делінген жаңартылған құжатта.

Айта кетейік, 30 шілдеден бастап, Қазақстанда көшеде маска тағу міндеттелген еді.

Сондай-ақ, кеше денсаулық сақтау министрі Алексей Цой көшеде ересектер ғана емес, балалар да маска тағуы міндетті екенін айтқан еді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған