Енді қазақстандықтар темекі мен алкоголь алғанда құжат көрсетуге міндетті

Қазақстанда алкоголь және темекі сату ережелері өзгерді: енді сатушылар тұрғындардар, тіпті, зейнеткерлерден құжат сұрауға міндетті. Бұл туралы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте жазылған, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Кодексте темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сататын адамдар жеке басты куәландыратын құжатты көрсетуді талап етуге міндетті екені жазылған.

«Егер жеке басты куәландыратын құжат көрсетілмесе, темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сатудан бас тартуға міндетті«, – делінген құжатта.

Мұндай норма алкоголь сатушыларға да қатысты жазылған. 110-баптың 18-тармағында егер жеке басты куәландыратын құжат көрсетілмесе, алкогольді өнімді сатудан бас тартуға міндетті екені айтылған.

Яғни, бұрын сатушы клиенттің белгілі бір жасқа келгеніне сенімді болу керек болса, енді сатып алатындардың бәрінен жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге міндетті.

Бұдан бөлек 2021 жылғы 1 шілдеден бастап тағы бір өзгеріс болуы мүмкін. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтарды шығарып және ашық көрсете отырып, сатуға тыйым салынады. Бұл туралы 110-бап 4-тармағының 16) тармақшасында жазылған.

«Бөлшек сауданың жүзеге асырылуы кезінде темекі өнімі, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелері және оларға арналған сұйықтықтар туралы ақпарат сатылатын өнімнің тізбесін орналастыру арқылы сатып алушылардың назарына жеткізіледі, оның мәтіні қандай да бір графикалық бейнелер мен суреттер пайдаланылмай, сатылатын темекі өнімінің бағасы көрсетіле отырып, бір сауда орнына 40х30 сантиметрден аспайтын көлемде ақ фонда қара түсті бірдей өлшемдегі әріптермен орындалады және әліпбилік ретпен жасалады», – делінген құжатта.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған