«Орыс әлемі» қазаққа қажет пе?

Қазақтың территориясына көз алартып жүрген Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың «Орыс әлемі» қоры Қарағанды қаласынан орыс орталығын ашты. Бұл осымен елімізде ашылып отырған үшінші орталық. Бұрын Ақтөбе мен Алматыда есігін айқара ашқан-ды. Енді,міне,Қарағандыдаөз жұмысын бастады.

Жалпы, мұндай орталықтың қажеті қанша? Қазаққа берері не? Онсыз да орысша сөйлейтін Қазақстанда орыс  тілі қағажу көріп отыр ма? Нақты айтқанда, мұның астарында Ресейдің үлкен астыртын ықпалы жатыр. Басқа еш нәрсе емес.

142 миллион халқы бар бүкіл  Ресей онсыз да орыс тілінде сөйлейді. ТМД мемлекеттері де қарым-қатынасты осы тілде жасайды. Онда біздікі неткен жалпақшешейлік? Мәскеуге қарап жалтақтап, саясатты осылай білместікпен жүргізе беруге бола ма? Ертең біз осы саясаттың зардабын тартамыз. Бірақ мұны ұғып, ақ-қарасын анықтап жатқан кім бар? Қысқасы, біздің билікке бәрібір болып тұр ғой. Халықтың алаңдаған пікірінен кейін Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің басшылығы өз әрекеттерін ақтап, әлек болып жатыр.Тіпті ресми ақпарат таратты. Оларға сенсек, орыс орталығынан қорқудың еш қажеті жоқ екен. «6 маусымда А.С.Пушкиннің туған күні қарсаңында тойланатын Халықаралық орыс тілі күніне орай, филология факультетінде орыс тілі мен әдебиетінің оқу кабинеті ашылды. Өкінішке қарай, осыған байланысты кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтердің шынайы болмағанын айта кету керек. Университетте соңғы уақытта тілдерді сапалы оқыту үшін ағылшын, неміс, қытай, түрік тілдерінің кабинеті ашылғанын атап өткіміз келеді. Аталмыш кабинеттің «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып жатқан білім алушыларға және алыс-жақын шетелден келген студенттерге орыс тілі мен әдебиетін меңгертуді мақсат ететінін түсіндіреміз. Бұл кабинетті ашу мәселесі Қазақстандағы Ресейдің төтенше және өкілетті елшілігімен 2017, 2018, 2019 жылдары талқыланып, шешімін тапқан. Екіжақты өзара келісімнің негізінде 2021 жылы сәуір айында берілген 1038 дана оқу әдебиеті филология факультетінде орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқитын студенттердің оқу аудиториясына қойылды», –деп жазылды университет басшылығы таратқан мәлімдемеде.

Мақұл, орыс орталығы емес, өздері айтқандай, «орыс тілі мен әдебиетінің оқу кабинеті» бола қойсын. Бірақ Қазақстанда орыс тілі мұқтаждық көріп жатқан жоқ қой. Тіпті Қазақстанның Ата заңында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылып тұр. Ендеше Қарағандыға орыс тілі мен әдебиетінің оқу кабинеті неге керек? Мұның астарында Вячеслав Никоновтың «Орыс әлемінің» көкжиегін кеңейту пиғылы жатыр. Басқа еш нәрсе емес.

Онсыз да Қазақстанда орыс тілінің ықпалы күшті болып тұр. Елімізде Ресей тілінді сайрайтын сайттар мен БАҚ өте көп. Биліктің өзі Ресей тілінде сөйлейді. Өз елінде өгей баланың күйін кешіп отырған қазақтың тілін қашан төрге шығарамыз? Мәжіліс пен сенатта заңның барлығы алдымен орыс тілінде жазылады. Осы біз Ресейге қарап жалтақтап өмір сүргенді қашан доғарамыз?! Сұрақ көп. Базбір аз ұлттар әлемде тәуелсіздігін ала алмай, тіресіп, күресіп жатыр. Ал біз қазақ мемлекеті бола тұра, орыс әлемін кеңейтуге ұмтыла береміз. Неге? Зардабы бар саясат. Кейде тірлігіміз де түсініксіз.

Батыр Жасұлан

Тегтер:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған