Тәуелсіздік алып, өз тізгініміз өз қолымызға тиіп еді, не істедік? Бұрынғыдан қаншалықты алысқа ұзадық? Бағытымыз, бағдарымыз, ертеңгі күніміз, болашағымыз қандай болмақ? Соңғы кездері жағымыз талмай, қазақ халқы, қазақстандықтар зор өрлеу мен өркендеуге қол жеткізді деп жүрген «жетістіктеріміздің» тасасында да көптеген келеңсіздіктердің барын жоққа шығаруға болмас. Нарық заңының өтпелі кезеңдеріндегі халқымыздың ауыр күйі, жебірлердің пайдасына оп-оңай шешілген жекешелендіру саясаты қазақ халқын тұралатуға жеткізді. Біраз жеріміз кетті ме – кетті, дін де, тіл де оңып тұрған жоқ.
Көп нәрсені жоғалтып алдық. Отыз жыл ішінде қол жеткен жетістіктер қоғам дамуында болған көптеген өкініші кетпейтін қателіктерді көлегейлемеуге тиіс. Оны бүге-шігесіне дейін білу бүгінде қалыптасып отырған күрделі жағдайымызды түсіну үшін керек. Бүгінде Қазақстан – баршаның қызығушылығын туғызып, ұлан-асыр байлығына өзгелерді ынтық еткен бай мемлекет. Ал қазір сол аста-төк Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бар дерлік қазба байлықтан «әрбір қазақстандық азаматтың несібесі қандай» деген сауалға біздің билік жауап бере алар ма екен? Биліктегілер еселеп есеп бергенімен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен мақтана алмайды. Әуелі билік тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың бүкіл жиған-тергенін құнсыздандырды. Одан кейін жекешелендіру басталды. Бұл реформаның өзі билік басындағыларға халықтық меншікті ұстата салған ең әділетсіз жекешелендіру болды.
Мемлекет меншігін жекешелендіру қалай жүргенін біздің халқымыз көрмей-білмей отыр деп топшылау да ағаттық. Халық ақымақ емес. Күрішті күрмектен айыра да, ажырата да біледі. Алып металлургия комбинаттарының, ірі көлемдегі кен орындарының, мұнайдың, газдың, металдың, мұнай-химия кешендерінің кімге, қаншаға берілгенін біледі. Халайық осыларды таратқанда ақтық шешімді кімнің қабылдағанын да жақсы біледі. Осындайда мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының: «Енді бәрін өз атымен атайықшы. Алып өнеркәсіптер кімнің қолында қазір? Бұларды олар қаншаға жекешелендіріп-меншіктеп алды? Кімнің қолы жүрді? Алтынға кім, мысқа кім, темір мен көмірге кім ие болып қалды? Мұнайдан түсіп жатқан қыруар табыс қайда кетіп жатыр? Халықтың қалтасына түсіп жатпағаны онсыз да белгілі. Ашығын айтар болсақ, еліміздің ұлттық байлығы ат төбеліндей билеушілер мен авантюралық капитал өкілдерінің қолында кетті. Бұлар алып өнеркәсіптің арқасында мыңғырған байлыққа ие болды. Байдың байына айналды», – дегенін тағы бір еске алайықшы. Бәлкім, біреулер үшін мұның ұсақ-түйек болып көрінуі де мүмкін. Бірақ халық үшін мұны білу аса маңызды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда 48 миллион қой-ешкі, 15 миллионға тарта ірі қара, 3 миллион жылқы, 4 миллион шошқа, 59,5 миллион құс, сонымен қатар 90 мың комбайн, 120 мың жүк машинасы, 200 мыңға тарта трактор болған. Әйетсе де елдің емес, жемқорлардың пайдасына оп-оңай шешілген жекешелендірудің арқасында жым-жылас жоғалған малдың, дүние-мүліктердің қайда кеткенін, кімдердің көмейіне
құйылғанын әсте ұмытуға болмайды. Сол дәулетке жеткізген, күндіз-түні еңбек еткен, байлықты бірге жасаған қарапайым еңбек адамдары еді ғой. Енді келіп осы қарапайым халықтың үлесі жоқтай, тарих бүгіннен басталғандай шулаймыз.
Қазір жекешелендірудің арқасында 1 пайыз байлардың қолында Қазақстанның 90 пайыз меншігі мен байлығы жинақталған. Бүгінде халқымыздың 1/3 бөлігі кедейшілік қамытын киюде. Биліктің «өз күніңді өзің көр, бай бай болады, кедей кедей болады» деген қағидасы жүзеге асырылып, өз күнін өзі көру мүмкіндігінен айырылған халық кедейшілікке ұшырады. Тарихтың небір зобалаңын бастан өткеріп келген халық тәуелсіздікке қолы енді жеткенде ел қамын ойлайды дегендердің іс-әрекеті әлгіндей болды. Экс-президенттің «Жұрттың көбі бай адамдарды жақтырмайды. Мен де ол сияқты бай боламын деп еліктеудің орнына оларды жек көреді» дегені есімізде. Егер де адам өзінің адал еңбегімен, бәріне бірдей мүмкіндік берілген бәсекелік ортада байыса, оны жұрт жек көріп қайтсін? «Біз байлыққа қарсы емеспіз, бірақ баюға тиіс емес адамдардың байып кеткеніне қарсымыз. Елге сіңірген еңбегі жоқ адамдардың байып кеткеніне қарсымыз» деп, көзі ашық адамдардың наразылық танытуы тегін бе?
Ел экономикасына 5-6 мың теңге емес, миллиондап, миллиардтап зиян келтіргендер елді кедейшілікке еріксіз итермелегендер деп тану керек. Ұлтты ұлт ететін – оның тәуелсіз мемлекеті, нақтырақ айтсақ, мемлекет жүргізетін саясат. Егер билік мемлекеттің жүйесін дұрыс құра алса, дамудың үлкен жолына түседі. Теріс жүйеге түссе, ұлт күйзеледі. Мұнайлы елміз, қойнауымыз толған байлық. Осының барлығын игеріп, 30 жылдың ішінде экономикамызды көтеруге толықтай мүмкіндігіміз бар еді. Өкінішке қарай, олай болмады. Биліктегілер тәуелсіздік алған жылдар ішінде қазба байлыққа қалай ие болмаудың үлгісін көрсетті. Қолдағы мол қаражатты оңды-солды есепсіз шашты. Күнделікті ішіп-жегенге, дүбірлетіп той тойлағанға мәз болды. Сөйте тұра, дамыған мемлекеттердің қатарына қосылғысы келеді. Алайда экономикасы жыларман халге түскенін өздері білмей қалған сияқты. Елді осы ахуалға тіреген – мұнай бағасы емес, экономиканы тиімсіз басқарған үкімет.
Тиімсіз экономика, мемлекетті тиімсіз басқарудың жемісін жеп жатырмыз. Ең өкініштісі, 30 жыл өтсе де, демократиялық емес, бюрократиялық, авторитарлық шикізат елі болып қалдық. Ал шикізат елі – ол әр уақытта қауқарсыз, тәуелді, әлемдік дағдарыста экономикасы күрт құлайтын ел. Алаштың ардақтысы Алтынбек Сәрсенбайұлының: «Қазақты кедейліктен құтқарудың жалғыз жолы – демократия. Себебі қазақ халқының несібесі – мұнай мен газды, одан түскен табысты халыққа әділ бөлудің бірден-бір жолы тек демократиялық құрылым», – деген еді. Демек, қазақ халқының тамағы тоқ, киімінің бүтін болуына тек демократия ғана мүмкіндік жасайды. Осындай терең демократиялық өзгерістер ғана біздің экономикалық табыстарға сай келетін болады. Сол үшін саяси жүйені өзгерту қажет.
Бізге мүлдем тәуелсіз парламент керек. Елдің тағдырын кез келген заңның жобасына ойланып-толғанып, жан қинап жатпай-ақ, қалай болса солай қол көтере салу сияқты роботтық парықсыздық танытатын парламенттен құтылып, ешкімге бағынбайтын, өз позициясы мен принципінен таймайтын депутаттардан парламент құру қажет. Осындай тәуелсіз парламент құрылғанда ғана ұзақ жыл бойы қордаланған проблемаларды шеше аламыз. Сонда ғана
жаңа парламент ескі жүйе өкілдерінің шетелдегі есепшотында жатқан қисапсыз қаражатты елге қайтару үшін күреседі. Сонда ғана ел байлығы әр тұрғынға әділ бөлініп беріледі. Басқадай құрылым жағдайында мұны орындаудың мүмкін еместігіне халықтың көзі жетті.
Егер тәуелсіздіктің тағдыры бір адамның қолында болса және сол адам саясатты өз қалауы бойынша немесе айналасындағылардың айтқанымен ғана жүретін болса, бұл мемлекеттің дамуын тежеп, өркениеттілікті ұзаққа шегіндіреді. Демократиялық жүйе дамымаса, қарапайым халық кедей қалпында қалып, өлместің күнін кеше береді. Биліктегілер сол қызметтерін сақтап қалу үшін қандай да бір қитұрқылықтарға барып, адалдықтарын айтып ант-су ішіп бағады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижесіз болды. Сол ескі жүйеден қалған жаттанды «алдымен – экономика, сосын – саясат» атты таптаурын болған ұранды дамыту одан әрі жалғаса береді.
Тәуелсіздік алғалы 30 жыл өтсе де, еш өзгермеген қазақ халқының басында баяғы қасіретті қиналыс. Теңгенің құлдырауы, бағаның өсуі, айлықтың, өтемақылар мен зейнетақының мардымсыздығы, жұмыссыздық, ресми көрсеткіштер мен шынайы көрсеткіштердің арасының алшақтауы, ат төбеліндей адамдар байыған үстіне байи түсуде, халық кедейленіп барады. Коронавирустың зардабы, бұған ел ішін жайлаған жемқорлықты қосыңыз. Жалпы, сыртқы қарызымызды қарасақ, 160 миллиард долларға жетіпті. Бұл жалпы ішкі өнім көлемінен асып, өте қауіпті деңгейге жеткен. Біз әр қазақстандыққа шаққанда 9000 долларға жуық қарыз екенбіз. Бұл – болашақ ұрпағымыздың алдында кешірілмейтін күнә, өтелмейтін қарыз.
Міне, халықтың бүгінгі тұрмысының көрінісі. Сонда 30 жылдағы тәуелсіздікке арналған мерейлі, шынайы той осы ма? Мұнай, тағы басқа пайдалы қазбалар – Алла тағаланың қазақ халқына бере салған дүниесі, оған биліктің ешқандай да еңбегі, қатысы жоқ. Ата-бабамыз осындай кең-байтақ жерді аман сақтап, бізге аманатқа қалдырды ма, демек бүгінгі иесі – қазақ халқы ма, ендеше мүмкіндігінше мұнай табысы барлығына теңдей бөлінуге тиіс. Мемлекет дегеніміз – биліктің емес, халықтың, елдің, барша азаматтардың игілігі. Билік басындағылардың жаны қарапайым халықтан артық емес. Ондағылар жақсы тұрмысты қалайтын болса, біздің халқымыз да биліктегілер сияқты рахат, бақуатты өмір сүргісі келеді. Халық лайықты тұрмысты аңсайды. Осы бүгін және дәл осы елде.