Іс бітті, қу кетті… «Астана LRT» ісі: бұлар апыл-ғұпыл біреулерді соттап жіберді.

«Астана LRT» ісі бойынша түсініксіз жайттар жетіп-артылады. Мәселен, талай құжатқа қолы қойылған «Астана LRT-ның» басқарушы директоры Айтқазы Арықбаев сотталмақ түгіл, қызметін әлі жалғастыруда. Есесіне ешбір құжатқа қол қоймаған Ұлықбек Ачилов сотталды, «Астана LRT-ға» не қатысы бар екені белгісіз бизнесмен Дәурен Абдыхамитов сотталды.

Бас күдікті Талғат Арданның туысы Самат Сванбаевты босатып қоя берді. Арданның нақсүйері Айжан Ақбаеваны күдіктіден куәгер етті. «Астана LRT-ның» бас қаржыгері Айна Иржанова да жазасыз құтылып кетті. Сонымен бірге тергеу «Астана LRT-дан» ірі сомада ақша алған шетелдік компаниялардың өкілдеріне қатысты іс қозғаудан үзілді-кесілді бас тартты. Ешбір шетелдікті жауап алуға да шақырмаған деседі.

Істің соңы бар айыпты жеті адамға артып, бәрін соларға жаба салумен тынды. Қашып кеткен Ардан мен оның сыбайласы, әкімнің экс-орынбасары Қанат Сұлтанбековті іздеуге ешкім құлықсыз.

Енді, міне, «Астана LRT» ісі бойынша ақша жымқырғаны үшін сотталғандар тізімінде бірде-бір дөкей жоқ. Бір ірі шенеунік, бірде-бір ірі компанияның басшысы жоқ. Баяғы айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылды.

Сонымен қатар бұрынғы «Астана LRT», қазіргі City Transportation Systems-тің China Railway Asia – Europe Construction Investment компаниясына әлі 116 миллион доллар қарыз екені белгілі болды. 2020 жылдың соңындағы қаржылық есепке сәйкес, бұл компанияның қытайлық инвесторлар алдындағы кредиторлық қарызы 49,8 миллиард теңге болғанын да ұмытпайық. Ендеше соттың 5,8 миллиард теңгені сотталған жетеудің мойнына ілуге асыққаны содан ба екен?

Ал енді «Астана LRT» ісі бойынша кімдер сотталды десеңіз, олар мынау:

1) Астананың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы бастығы Рашид Аманжулов 10 жылға;

2) Бұрынғы депутат және мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов 8 жылға;

3) «НұрТрейд» ЖШС-нің экс-директоры (қосалқы мердігер – «Астана LRT») Ұлықбек Ачилов 8 жылға;

4) Мердігердің өкілі Дәурен Абдыхамитов 8 жылға;

5) Мердігердің өкілі Тимур Касабаев 8 жылға;

6) Astana Innovations кеңесінің экс-төрағасы Талғат Әшім 7 жылға;

7) Мердігердің өкілі Дулат Мусеновке 7 жыл кесілді.

Сонымен, болды! Іс бітті, қу кетті деңіз…

Айтпақшы, бұрынғы «Астана LRT» – қазіргі «City Transportation Systems» ЖШС бұл соттың аяғын күтпей жатып мемлекеттік кепілдікпен тағы 1 миллиард доллар займ алуға жаңа конкурс жариялап жіберген. Конкурсқа өтінім қабылдау мерзімі 11 маусымда аяқталып, қазір компания келіп түскен өтінімдерді қарастырып отыр. Ал, қайтесіз?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған