Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Әзербайжанға сапары барысында Таулы Қарабаққа барды. 30 жылдай армяндардың бақылауында болған бұл аймақ былтырғы қақтығыстан соң Әзербайжан бақылауына өткен еді.
Ердоған Брюссельдегі НАТО саммитіне қатысқан соң Физулиге келді. Бұл аудан орталығына былтыр күздегі қақтығыс кезінде Әзербайжан әскерилер алғаш болып басып алған. Мұнда Ердоғанды Әзербайжан президенті Илхам Әлиев күтіп алды.
Одан кейін Ердоған мен Әлиев Таулы Қарабақтағы Шуши қаласына аттанды. Әлиев күздегі қақтығыстан соң Қарабаққа бірнеше рет барған. Ал Ердоған бұл аймақтта алғаш рет келді.
16 маусымда екеуі Бакуде өтетін Еуропа чемпионаты аясындағы Түркия-Уэльс футбол матчын тамашалайды.
Түркия Армения мен Әзербайжанның Таулы Қарабақ үшін соғыста Бакуді ашық қолдап, Әзербайжанды қару-жарақпен қамтамасыз еткен. Күздегі жанжал кезінде Түркияда жасалған ұшқышсыз ұшақтар шешуші рөл ойнаған.
2020 жылы күздегі әскери қақтығыстан соң Таулы Қарабақтың басым бөлігі Әзербайжанға өткен. Аймақ астанасы болған Степанакерт пен бірнеше аудан армяндардың бақылауында қалған. Екі аймақ түйіскен тұсқа Ресейдің бітімгер әскерилері орналастырылды.
Ердоған Брюссельдегі НАТО саммитінде АҚШ президенті Джо Байденмен жолықты. Кездесуден соң екеуі Вашингтон мен Анкара арасында шешілмеген мәселе жоқ деп мәлімдеді.