АҚШ әскери базасы Қазақстанда…

  Соңғы екі-үш күнде халықаралық қоғамдастықта  ел назарын аударарлық бірнеше оқиға болды. Оның бірі тікелей Қазақстанға қатысты. Ақиқатын айтқанда, әлемнің геосаяси салмағы таразыға түскелі тұр. Бірінші сауал…

«АҚШ Қазақстанда  әскери базасын орналастыра ма? Бұл  мүмкін  бе?»  деген  мәселе. Дәл осы болжамның орындалуы  қаншалықты  ақиқатқа жақын? Мемлекет басында отырған дипломат Тоқаев маңызы атан  түйе  тарта алмас шешімді қабылдай ала ма? Бұл сауалдарды бекер қойып отырған жоқпыз. 14 маусым күні бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ-тың Ауғанстандағы бейбітшілік пен келісім бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзадтың елордаға келіп қайтқаны жөнінде көбірек жазды. Мақсат –Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жағдайда реттеу. АҚШ-тың арнайы өкілі елордада  Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесті.

«Қазіргідей бұлыңғыр кезеңде ынтымақты арттыруға, оның ішінде Қазақстанмен де әріптестікті нығайтуға күш саламыз. Аймақ қауіпсіздігі мәселесімен Қазақстан мен АҚШ бірлесіп айналысқаны маңызды. Ауған халқының 40 жыл бойы соғыс азабын тартқанын ескерсек, бейбітшілікке қол жеткізу бойынша жұмыс істеу ләзім. Қазақстанның бітімгер ел ретінде беделі бар», – деді Залмай Халилзад.

Ал шын мәнінде биыл ауған жерінен АҚШ әскері кеткеннен кейін тыныштық орнай ма? Күмәнді. АҚШ-тың ресми өкілінің сөзіне қарағанда, «Ауғанстан жерінен АҚШ әскері кеткенмен, Америка кетпейді». Мұның себебі неде? Қазіргі кезде ДАИШ ұйымы күшейіп келеді. Егер ауған билігі мен тәліптер ДАИШ-қа қарсы күрессе, онда үміт  бар. Алайда алдағы жағдай қалай болары белгісіз. Қайта  ДАИШ күшейіп кетсе, онда Орталық Азия аймағына да қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Әрине, Ауғанстанға жақын жерден әскери база қажет. Ал база қай жерде орналасады? Өзбек пен қырғызда ма, жоқ әлде қазақ жерінде ме? Бірақ ақиқатын айту керек, АҚШ-тың Ауғанстан жөніндегі ресми өкілімен кездесу кезінде қандай шешім қабылданды, ол жағын біздің билік ашық айта алған жоқ.

АҚШ Залмай Халилзадты Орталық Азияға бекер жіберіп отырған жоқ. Ол осыдан бірер ай бұрын Тәжікстан мен Өзбекстанға келіп қайтқан. Енді, міне, қазақ жерінде ауған халқының тағдырын таразыға салып отыр. Залмай Халилзадқа ауған аймағы өте жақсы таныс. Ол осы елде елші болған. Соңғы екі-үш жылдан бері ресми өкіл ретінде ауған мәселесін шешумен айналысып жүр. Бірақ  басты сауал – Қазақстан өз жеріне АҚШ-тың әскери базасын орналастыра ала ма? Біз үшін бұл болжам мүмкін емес сияқты. Қазақстан жерінде Ресейдің әскери полигондары бар. Ресми Мәскеу АҚШ базасының Қазақстанға келуін мүлде қаламайды. Сондықтан Қазақстанға байыпты саясат ұстану керек болып тұр.

Ал өзбек пен қырғыз жерінде бұрын АҚШ-тың әскери базалары болған. Қазір жоқ. Сондықтан бұл жолы тәжік пен өзбек және қазақ билігінің  қандай шешім қабылдайтыны әлі нақты емес.

        «Пентагон Қазақстанға базасын қою мәселесін қарастыруда. Ресей мен Қытайдың деструктивті саяси позициясына қарсы тұруға, Орталық Азияда қандай да бір оңды әрекеттер мен процестердің, адам құқы мен либерализмнің дұрыс жолға қойылуына, Ресей мен Қытайдың «бөліп ал да, билей бер» ұстанымымен қиғылық салуына АҚШ қана тосқауыл қояды. Ресей мен Қытайдың райын қайтармай, Қазақстанда саяси өзгеріс болмайды. Қазақстан тарапы осы өліарада қолындағы қазынасын аздап шығындаса да, нейтралитетті ұстанымда болып, өз мүддесі тұрғысында өте сауатты дипломатиялық байланыс жасай білуі керек. АҚШ-тың Орталық Азияға келуі үш держава арасындағы геосаяси мүдделер қақтығысын үдетеді. АҚШ жақындамай, Орталық Азияда өзгеріс бола қоймайды. Себебі коммунистік Ресей мен Қытай осы қанау, әміршіл-әкімшіл жүйені ұстап тұруға барынша тырысады»,  деп жазды Бекболат Қаржан өз жазбасында.

Расында да, солай. Қазақстанның қос бүйірінде Қытай мен Ресей тұрғанда тағы бір алып ел – АҚШ-тың Қазақстанда әскери базасын ашуы мүмкін емес нәрсе. Бір ғана жорамал бар: АҚШ ұшақтары жүк тасымалы үшін біздің елдің әуе кеңістігін пайдалануы мүмкін. Бұған рұқсат. Ал әскери базаны орналастыру мәселесін Ресей ешқашан да құптамайды. Бұл мәселе аймақта геосаяси жағдайды күрделендіре түседі. Тағы  бір мәселе – Қазақстан  Ұжымдық қауіпсіздік  шарты  ұйымына  мүше. Жарғы  бойынша  ұйымға  мүше  емес   сыртқы елдердің  әскерін  орналастыруға  құқығы  жоқ. Сондықтан алдағы уақытта мәселенің қалай болмағы нақтылана жатар. Бірақ әскери база үшін АҚШ-қа ауғанға жақын тәжік пен өзбек жері ыңғайлы екенін де айта кеткіміз келеді. Бірақ  Ресей сол аймақта «АҚШ-тың  базасын ашуға мүмкіндік береді» деп айту қиын.

                  Байден мен Путин саммиті пайдалы бола ма?

Біз «әлемнің геосаяси салмағы таразыға түсейін деп тұр» деп жоғарыда бекер айтқан жоқпыз. АҚШ-тың ресми өкілі Орталық Азия аймағына ықпал ету тетігін іздеп, соңғы екі айда осы аумақтағы үш елге келіп қайтты. Ал бүгін Женевада АҚШ пен Ресей президенті кездеседі. Әлем бұған қатты мән беріп отыр. «Үлкен жетілік» саммитінен соң, Еуропада Ресейге қысым күшейе бастайтыны белгілі болды. Ал геосаясатта қолдаушысы жоқ, жалғыз қалған Ресейге оңай болмайын деп тұр. Алдағы уақытта жағдай күрделене  түседі. Ал Женевадағы АҚШ–Ресей саммиті Мәскеуге қандай пайда береді, «қырғи-қабақ соғысты» реттеуге мүмкіндік бола ма? Саяси сарапшылар бұл кездесуден нәтиже күтіп отырмаған сияқты. Сондықтан бірден қандай бір пайдалы келісім жүзеге асады, АҚШ пен Ресей арасындағы салқындық жылымыққа қарай ауысады деп айту қиын.

Бірақ Женевадағы саммитте осы уақытқа дейін қордаланып қалған екі ел арасындағы проблемалар сөз болатыны сөзсіз. Путинді «киллер» деп атаған Байден Ресей әскерилері Украинадан шықпай,  Мәскеуге ешқандай жеңілдік болмайтынын да айтып отыр. Путиннің өзі де «қазіргі АҚШ президенті тарапынан қандай да бір нық іс-қимыл болады деп ойламаймын» деген тұрғыда пікір білдірді. Демек, саяси жауырыншылар  айтып отырғандай, бұл кездесу «диалог үшін диалог» қана болуы мүмкін.

Иә, саясатта сан соқпақ бар. Бірақ оның барлығы да адамзаттың бейбітшілік мүддесін біріктіретін үлкен жолға алып келмеуі мүмкін.

Батыр ЖАСҰЛАН

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған