Төрткіл дүние көз тіккен Токиодағы XXXII жазғы олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Алайда Қазақстан қоржынына бірде-бір алтын не күміс түскен жоқ, қол жеткізгеніміз ‒ 8 қола медаль. Нәтижесінде медаль саны бойынша 86 мемлекеттің ішінен 83-орын алдық. Бұл спортшыларға алаңдап, елде тақымын қысып отырған отандастарымыздың еңсесін түсіріп тастады. Бірақ олар әлемдік додада бақ сынасып келген спортшыларымызға емес, бұл салаға спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шенеуніктердің қожалық етіп отырғандарына ашулы. Спорттың саясиланып бара жатқаны көпшіліктің наразылығын туғызып отыр.
Ел-жұрт «қымбатшылық қысып тұр, қуаңшылық келе жатыр, шөп жоқ, мәселе шаш етектен, осы кезде үкімет қайда қарап отыр» деп даурығып жүрсе, бұл кезде премьер-министр Асқар Маминнің олимпиададан қолы тимей жүрген көрінеді. Өйткені ол үкіметтің жұмысын қатырып болмай жатып, ҚР шайбалы хоккей федерациясының президенті лауазымын қоса алып жүр екен. Атақ жетіспей жатқаны ма, бұл қалай?
Ол ғана емес, А.Мамин қазақстандық спортшыларды олимпиада ойындарына жіберуді ұйымдастыратын ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінде де вице-президент. Ал 1990 жылы құрылған бұл комитеттің 2015 жылдан бергі президенті – «ФОРБС» журналының ең бай бизнесмендер рейтингісінен түспейтін миллиардер кәсіпкер Тимур Құлыбаев. Ол қаншама компаниялардағы үлесін есептемегеннің өзінде, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы, «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының төрағасы. ҰОК-де қасына вице-президент қылып алғандардың ішінде А.Маминнен бөлек, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, миллионер Қайрат Боранбаев, экс-министр, Астананың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбеков те бар.
Мұның барлығының әлеуметтік желіде атын атап, түсін түстеп шыққандардың бірі, белсенді журналист Гүлбану Әбенова: «Біздің олигархтар мен миллиардерлердің арасында қандай да бір спорт түрінің федерациясын басқару неге сәнге айналған? «ФОРБС-тың» тізіміне енгендер әлдебір федерацияларды басқарады. Не үшін? Несімен қызық болды? Кеудемсоқтық па, әлде көздегендері қосымша миллиардтаған пайда табу ма?» дейді.
Федерацияларды тізгіндеп отырғандардың ішінде спортқа қатысы жоқ, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы да, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те, «ФОРБС-тың» «ең бай 50 бизнесменінің» қатарына кіретін Кеңес Рақышев та бар.
Бұл тұрғыдан қоғам қайраткері Мұрат Әбенов барлық федерация басшыларына қарата миллиардтаған бюджет шығыны туралы, өздерінің жалақылары мен легионерлер үшін жұмсаған қаражаттары туралы есеп берсін деп отыр. «Форбс-тың» байлар тізіміндегі олигархтар өзінің имиджі үшін федерацияларды басқарғысы келсе, спортты біздің есебімізден емес, 100 пайыз өз қалтасынан қаржыландырсын» деген уәж айтады.
Ақша демекші, мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов Токиода өтетін олимпиада ойындары үшін биыл Ұлттық олимпиада комитетіне 15 млрд теңге бөлінгенін айтқан. Ал 1000-нан астам спортшылардан, жаттықтырушылардан, дәрігерлер мен мамандардан тұратын еліміздің штаттық ұлттық құрамаларының еңбекақыларына, жарыстарына, қоныс аударуларына, ұшуларына, алымдарына, тамақтануына және т.б. шығындарына министрлік жыл сайын 10 миллиард теңгеге жуық қаржы бөледі. Олай болса спортшыларымыздың алтын алып келуіне не кедергі болды? Мәселен, елімізге сыймай кеткен қазақстандық тренер Ержас Болтаев Өзбекстанға барып чемпиондар дайындап жатқаны және соның шәкірті, ауыр атлет Акбар Джураев кешегі олимпиадада алтын медаль алғанын естіген әлеуметтік желі қолданушылары біраз ашуға булыққан болатын. Себебі Қазақстандағы спорт шенеуніктер мен бай-бағландардың қолына өтіп кетіп, бұл саланың құлдырап жатқанына көз жетіп отыр.
Соңғы жылдары үкіметті сынап жүрген белсенді журналист Арман Шораев тіпті мемлекетке тек шығын әкеліп отырған мәдениет және спорт министрлігін жою керегін айтады. Себебі мұндай орган жеңұшынан жалғасқан жемқорлықтың одан сайын үдей беруіне ғана алып келмек. Оның айтуынша, дамыған елдерде мұндай министрлік жоқ.
Айта кетейік, Қазақстанда биыл алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, ал күміске 150 мың доллар, қолаға 75 мың доллар тағайындалған екен. Спортшыларға төленетін мұндай сыйақы мөлшерін белсенділер тым көп дейді.
Дегенмен қоғам қайраткері Ауыт Мұхибек мәдениет және спорт министрінің отставкасын талап етіп отырғандарға, керісінше, қарсы ой білдірді. «Үлкен спорт мәдениет және спорт министрлігінің құзырында емес. Спорттың бұл саласын, тағы қайталап айтайын, Тимур Құлыбаев деген қансорғыш узурпациялап алған. «Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті» деген дербес, тәуелсіз қоғамдық ұйым арқылы бұл саланың қаражатын сүліктей сорып келеді. Нақтылап айтсақ, аталған ұйым – мемлекеттің ішіндегі мемлекет. Шынымен кінәлі адам қызметтен алынуы керек болса, Ақтоты емес, Тимур Құлыбаев кетуі керек», – дейді ол.
Қайткенмен де биылғы олимпиада бітті, ал нәтиже көптің көңілін көншітпеді. Ұлттық олимпиадалық комитеттің жұмысын жауапты министрлікті қайдам, жұртшылық өте төмен бағалады. Расында, спортқа бөлінген ақша шеттерінен президент болып алған қаптаған шенеуніктен артылмай жатқан сияқты. Енді осының барлығы үшін халық алдында қашан есеп берілмек?
Тақырыпқа тұздық ретінде президенттер тізімін назарларыңызға ұсынамыз:
ҚР ҰОК президенті – Тимур Асқарұлы Құлыбаев;
жалпы сұрақтар бойынша вице-президент – Абулгазин Данияр Рустэмұлы;
паралимпиадалық спорт түрлері бойынша вице-президент – Қайрат Советайұлы Боранбаев;
жазғы спорт түрлері бойынша вице-президент – Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков;
қысқы спорт түрлері бойынша вице-президент – Асқар Ұзақпайұлы Мамин;
халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша вице-президент – Крюков Андрей Александрович;
Қазақстан гимнастика федерациясының президенті – Үміт Болатханқызы Шаяхметова;
атқарушы комитет мүшесі – Серік Сапиев;
ҚР волейбол федерациясының президенті – Нұртай Әбіқаев;
бессайыс федерациясының президенті – Берік Мәжітұлы Имашев;
теннис федерациясының президенті – Болат Жамитұлы Өтемұратов;
ауыр атлетика федерациясының президенті – Түсіпбеков Жанат Рашидұлы;
жеңіл атлетика федерациясының президенті – Даниал Кенжетайұлы Ахметов;
шаңғы спорты түрлері қауымдастығының президенті – Диас Төлеутайұлы Сүлейменов.
ҚР триатлон федерациясының құрметті президенті – Кәрім Мәсімов (ҚР ҰҚК төрағасы);
ҚР ат спорты федерациясының президенті – Берік Имашев (ҚР орталық сайлау комиссиясының төрағасы). Ол сондай-ақ бессайыс федерациясының да президенті. Ал Берік Имашевтың ұлы Әлжан Берікұлы Имашев – ҚР альпинизм және құзға шығу федерациясының президенті;
ҚР спорттық ату федерациясының президенті – Арыстанбек Мұхамедиұлы (ҚР Ұлттық музейінің директоры);
ҚР дзюдо федерациясының президенті – Қайрат Қожамжаров (сенат депутаты);
ҚР ұлттық конькишілер федерациясының президенті – Болат Жәмішев (МӘСҚ директорлар кеңесінің төрағасы);
ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті – Сауат Мыңбаев (биыл тамызға дейін «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасы болды);
ҰҚК-нің экс-төрағасы Нұртай Әбіқаев бір емес, екі федерацияға қожалық етіп отыр – ҚР волейбол федерациясының және ҚР гольф федерациясының президенті;
ҚР көгалдағы хоккей федерациясының президенті – Серік Үмбетов (экс-әкім, экс-депутат);
ҚР футбол федерациясының президенті – Әділбек Жақсыбеков (бұрынғы ПӘ жетекшісі);
ҚР теннис федерациясының президенті – Болат Өтемұратов (миллиардер);
ҚР таэквонда федерациясының президенті – Вячеслав Ким (миллиардер);
ҚР велоспорт федерациясының президенті – Нұрлан Смағұлов (миллионер);
2019 жылдан бері ҚР бокс федерациясының президенті – Кеңес Рақышев (миллионер).