Сенбі күні тәліптер Ауғанстанның Өзбекстанмен шекаралас Балх аймағының орталығы, елдегі төртінші ірі қала – Мазари-Шарифті бақылауына алды.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан Әмудария өзені арқылы өтетін автокөлік және теміржол өткелі – Достық көпірінде көп көліктің жиналып тұрғаны байқалады. Бұл өткел Ауғанстанның Хайратон қаласы мен Өзбекстанның Термез шаһарын жалғап жатыр. Кей деректер бойынша бұл – ауған үкімет әскерінің және тегі өзбек генерал Абдул Рашид Дустум өкілдерінің көліктері. Олар Мазари-Шарифтен қашып шығып, Өзбекстаннан пана сұраған болуы мүмкін.
Ресми Ташкент Ауғанстанмен шекарадағы жағдай бойынша ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Балх аймағының бұрынғы губернаторы Ато Мұхаммад Нұр Twitter-дегі парақшасында үкімет әскерінің Мазари-Шарифті еш ұрыссыз босатып бергенін растады. Оның айтуынша, тәліптер аймақты астыртын әрекет нәтжесінде басып алған.
«Батыл қарсылыққа қарамастан, ұйымдасқан, ауқымды әрі қорқау әрекет кесірінен барлық үкімет нысандары мен күштері тәліптерге берілді. Олар астыртын әрекет арқылы мені және маршал Дустумды қолға түсірмек болды, бірақ бұл ойы жүзеге аспады» деп жазды Ато Мұхаммад Нұр.
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, кей ақпаратқа қарағанда, генерал Дустум Өзбекстан шекарасын кесіп өткен, ал Ауғанстан президенті Мұхаммед Ашраф Ғани үкіметінің шенеуніктері Өзбекстан басшыларынан пана сұраған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
400 мыңдай тұрғыны бар Мазари-Шариф – көлік пен сауда жолдары тоғысқан маңызды қала. Балх аймағының солтүстігіндегі бұл шаһар мен Өзбекстанның Термез қаласының арасы 58 километр.
Тегі өзбек Абдул Рашид Дустум – Ауғанстанның белігі әскери әрі саяси қайраткері. Ол 1990 жылдардағы тәліптерге қарсы соғыста ерекше рөл ойнаған. Батыс қолдаған Хамид Карзай билікке келген соң Дустум Ауғанстан үкіметінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған.