Осыдан бірнеше күн бұрын премьер-министр Асқар Мамин мен Ресейдің СБЕР компаниялар тобының басшысы Герман Греф арасында цифрлық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мән бермеуге болар еді, бірақ осы қол қойылған келісімнен кейін қазақстандық сарапшылар бұған қарсылығын білдірді. Неге?
Ал Қазақстан премьер-министрінің сайтында бұл оқиға ақпараттық тұрғыда ғана айтылды. «Құжат Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу, деректерді талдау және жасанды зерде бойынша практикаларды қолдана отырып, мемлекеттік басқарудың реинжинирингі және цифрлық трансформациялау бойынша ынтымақтастықты дамытудың негізгі тәсілдерін көздейді. Цифрлық архитектураның платформалық моделі халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға жол ашады», – делінген хабарламада. Бірақ тереңірек қарасақ, мәселе басқада. Отандық сарапшылар мен IT мамандар дәл осы СБЕР компаниясымен жасалған келісімшартқа қатты алаңдап отыр.
–Барлық сала бойынша біз дербестігімізді беріп жатырмыз. Алғашқыда Ресейдің қысымымен тіл белсенділері қудаланып, қазақты ұлтшыл деп айыптады. Басқа ел біздің тілдік саясатымызға өрескел араласты. Содан кейін сол елмен цифрлық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Енді біздің жеке деректер (ЭЦП) солардың қолында болады. Тура айтсақ, Қазақстан мемлекетінің электрондық кілті Ресейдің қолында. Бұл жарты территорияңды бергеннен де жаман нәрсе. Мұндай жабайы идея кімнің басына келген? Егер салыстырмалы түрде қарасақ, орыстарға қарағанда Қазақстанда цифрландыру деңгейі анағұрлым жоғары емес пе? Ал СБЕР компаниясы бұл салада тиімді жұмыс істеп тұрған кеңсе емес. Бұл таза саяси келісім екені түсінікті. Бұл келісім бізді Ресейдің цифрлық колониясына айналдырады. Тағы ресейліктер АЭС саламыз деп отыр. Реакторлар ресейлік болады және бізге солар қызмет көрсетеді. Демек, идеологиялық, энергетикалық және цифрлық тұрғыдан Ресейге тәуелді боламыз. Сөйтіп, егемендігімізді жоғалтамыз, – дейді қоғам белсендісі Руслан Түсіпбеков.
Бұл пікірді IT маманы Самат Қазкенов те қуаттайды.
–Бұл келісім мені де таңдандырып отыр. Бұл – цифрлық тәуелсіздікті жоғалту.IТ саласының тәжірибелі маманы ретінде айтарым, кім бұл жүйені құрады, соның ғана бұған қолы жетеді. Бүкіл әлем СБЕР компаниясының IT жүйесі өте төменгі деңгейде екенін біліп отыр. Егер СБЕР акционерлерінің құрамында танымал саяси фигуралар болса, оған таңғалмаймын. Отандық IT мамандары бұл бағдарламаны жасай алады. Тіпті талқылау да болған. Сырттан біреудің басқарғанынан гөрі жүйенің отандық болғаны жақсы емес пе? – дейді тәжірибелі IT маманы Самат Қазкенов.
Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да «Ресейдің СБЕР компаниялар тобымен жасалған келісім стратегиялық тұрғыдан қателік» деп отыр.
Бір қызығы, әлеуметтік желіде қанша талқыланып жатса да, Мамин басқарған үкімет бұл сауалға жауап бермей отыр. Әлде жауаптан қашқақтап отыр ма? Расында да, егер Қазақстанның бүкіл ақпараттық жүйесін бөгде елдің қолына тапсырсақ, тәуелсіздігімізден не мән-мағына қалады?
Маминнің ойында не бар?
Батыр Жасұлан