Үкіметтің басына қара бұлт үйірілгелі қашан! Мамин министрлер кабинетінің тізгінін ұстағалы бері жөні түзу бір сөз естімеді. 2019 жылдың жазында Арыста болған жарылысты айтпағанның өзінде, 2020 жылдың 10 наурызында Бекшиннің «наконец-то коронавирус бізге де келді» деуі мұң екен, бір қырсық Мамин үкіметін шыр айналдырды. «Қирап жатыр, жарылып жатыр, су басып жатыр, қурап жатыр, аштан қырылып жатыр. Үкімет қайда қарап отыр?» деген ауыр айыптаулар қоғамда дүңк-дүңк естіліп жатты және ол айыптаулар үкіметке қаратылып айтылды.
Рас, Мамин үкіметінің жолы ауыр ма, пандемия кезінде билік құрды. Ал індет үкіметтің бар қоясын ашып берді. «Керемет» деген интернеті онлайн оқуды көтере алмай жалп етті. «Мықты» деген медицина саласында өзгені былай қойғанда, қарапайым бетперде болмай шықты. Адам шығыны көп болды. Орта және шағын бизнес тұншықты. Жұмыссыздық бел алды. Бүкіл тауардың бағасы аспандап кетті. «Қырсық қырық ағайынды» демекші, су тасқыны, жарылыс, қуаңшылық т.б. нәубеттердің шегі көрінер емес. Бұлардың алдында үкімет дәрменсіздік танытты. Біліксіз екендерін білдіріп алды. Содан болар, халық Мамин үкіметінің тезірек доғарысқа кетуін талап ете бастады. Бірақ елде қандай қиын жағдай болып жатса да, Мамин былқ етпеді. Нағыз суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын баяғының батырларының образына кіріп алды. Тіпті министрлердің ойдан-қырдан «жонып» әкелген өтірік ақпараттарын биік мінберден «біз бәрін еңсеріп келеміз, мынадай жетістіктерге жетіп жатырмыз» деп мәлімдеумен келді.
Дегенмен «жанкештіге де бір өлім» дегендей, Мамин басқарған үкіметке бір тықыр шын таяған секілді. Ақорда жақтан жеткен күбір-сыбырға құлақ түрсек, Қазақстан халқы алдағы жаңа жылды жаңа үкіметпен, кейбір облыстар жаңа әкімдермен қарсы алады екен. Жұмбақтамай ашып айтсақ, алдағы уақытта жағдай былай болмақ көрінеді. Қазанның соңы, қарашаның басында Мамин үкіметі доғарысқа кетеді-мыс. Премьерлік орынға бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін тартып алатын пысықтау біреу отырмақ. Тіпті ол Алматы шаһарының маңайында туған «жүгермек» көрінеді.
Министрлердің 80 пайызы жаңармақ екен. Дегенмен ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бастаған бірді-екілі министр орнын сақтап қалады-мыс. Өйткені Балаева ханым бұрынғы министрлердей емес, БАҚ өкілдеріне өте жақын әрі олардың азды-көпті мәселелерін қолынан келгенше, шешіп беріп жүрген көрінеді. Тіпті, журналистер мәртебесін анықтайтын заңды дайындауға және ол заңның қабылдануына құлшыныс жасап жатыр-мыс дейді ұзынқұлақ. Бәрекелді!
Мәдениет және спорт министрі болып Арыстанбек Мұхамедиұлы қайтадан отырмақ екен. Айтпақшы, Ақорда жақтан жетіп жатқан күбір-сыбыр тек үкіметтің доғарысы ғана болып қоймайды, біраз әкімқаралар да орнын босатады дегенге меңзейді. Ақордалық ұзынқұлақты тыңдасақ, ардагер әкімдер Даниал Ахметов, Бердібек Сапарбаев, Гүлшара Әбдіқалықова, Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және т.б. біраз әкім Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойының қарсаңында жылы орындарымен қоштасады-мыс. Мейлі ғой, билікке кімдер келіп, кімдер кетпеген. «Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының мәні өзгермейді» демекші, майшелпек жердің иесі табылады. Бірақ сол орындарға іскер, білікті біреу келсе дейсің ғой.
Сонымен, Мамин үкіметінің күні батып келе жатқан сияқты. Айтпақшы, Асқар Ұзақпайұлы тәуелсіздік алғаннан бері қарай санамаласақ, 11-ші премьер екен. Ал 12-ші кім болмақ? Бұл жөнінде Ақорда жақтан жеткен сыбыс ештеңе айтпайды. Үнсіздік сақтап отыр. «Маминнің орнына кім келетінін білмеймін. Одан өзгеретін ештеңе жоқ. Тәуелсіздіктен бергі премьерлердің тірлігін қарап отырсам, тек Әкежан Қажыгелдин ғана мемлекет үшін ерен тер төккен екен. Қажыгелдин Қазақстанның нарық жолына көшуін жасап берді. Мүлдем жаңа модель ұсынды. Соның арқасында Қазақстан посткеңестік елдер ішінде нарықты мейлінше меңгерген мемлекет атанды. Әрине, бұл жерде тек Қажыгелдиннің атын атауға болмас, ол сол кездегі президент Назарбаевпен ақылдаса, кеңесе отырып, барлық нәрсені бірге қабылдады. Ал қалған премьер-министрлер Қажыгелдин салып берген нарық жолын ұстап қалуға тырысты. Басқа ештеңе істеген жоқ», – дейді белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали.
Саясаттанушы дұрыс айтты ма, бұрыс айтты ма, онда біздің шаруамыз жоқ. Біздің айтқымыз келгені бұл емес. Тілге тиек етіп отырғанымыз – бүгінгі үкіметтің ертеңгі күні қалай болмақ, болжамдар, сыбыстар жүзеге аса ма, жоқ па, соның тігісін жатқызып бір қарап шығу еді.
Күлтегін БЕК