Қалқансыз Қазақстан

Жақында президент  Қасым-Жомарт  Тоқаев Қазақстан Қарулы  күштерінің жаңа  тұжырымдамасын  бекітті. Бұл тұжырымдама биылдан бастап  2030  жылға дейінгі аралықты  қамтиды. Жөн-ақ. Қысқасы, әскер –  елдің  тұтастығының,  тыныштығының  кепілі. Әскер – еліміздің  қолындағы  шоқпары  мен қалқаны. Былайша айтқанда,  жасанып  келген  жаудың  төбесіне  шоқпардай  болып үйірілуі керек  я  жасалған  соққыны  қалқанша  тосып  алып, дарытпау қажет. Сонымен,  тәуелсіздік алған  соң,  жаңадан  құрылған  қазақ  армиясының  жағдайы  қандай?  Отыз  жылда қаруы  сайланған заманауи   қарулы  күштерімізді  жасақтай алдық  па? 

Әрине,  бір  қарағанда  бәрі   жақсы. 80  мыңдық  әскеріміз  бар. Майлап-сипап,   жөндеп,   ара-тұра  өтетін  салтанатты  шерулерге алып  шығатын   әскери  техникаларымыз  бар.  Шүкір, тәубе  дейсің. Бірақ  сол техника  бүгінгі күнгі  соғыс  жағдайына  төтеп  бере ала  ма?  Мәселен,  былтыр күздегі  Әзірбайжан  мен  Армения арасындағы 44  күндік  соғыста  армиян жағы   күйрей  жеңілді. Неге? Әзірбайжан өткен  ғасырдың  90-жылдары  армияндар басып алған  20  пайыз  жерімен таулы  Қарабақты  қайтарып алды. Армиян  жағының  жеңілу  себебі – оларда баяғы КСРО-дан қалған  әскери  техника  мен  сол  заманға  лайық  соғыс   тактикасы  еді.

Ал  әзірбайжандар жаңа  соғыс  техникаларын  қаржы аямай  сатып алды.  Бірлескен  қару-жарақ  шығаратын  кәсіпорындар ашты. Соғысқа  пилотсыз дрондарды  қосты. Түркиядан  «Байрақтар  ТВ2»  дроны мен  Израильден  «камикадзе»  дрондарын    көптеп  алды. Бұл дрондар  армиян  әскерлерінің  төбесінен  қырғиша  шүйілді. Бекінісі мен  бүкіл  техникасын   қиратты. Армения  тізе  бүкті. Әзірбайжан  жеңіс тойын  тойлады. Ең  бастысы,  Әзірбайжан  әлемдегі   соғыс тактикасын  өзгертті. Яғни  алдағы уақытта пилотсыз  дрондар  соғысы  кезеңі келгенін көрсетті.

Ал енді  Қазақстан  Қарулы күштерінің  техникасына келейік.  Бізде  де сол дәл  Армения  әскерінде  тұрған КСРО-дан  қалған  ескі-құсқы, жамау-жасқау  техника. Одан  қалса,  сәл де  болса  жаңарақ, азын-аулақ  КСРО-ның   мұрагері – Ресейден  алған атыс  құралдары. Өкініштісі, бұлардың бәрі Израильдің  шүйілгіш «камикадзе»  дрондары мен түріктің  «Байрақтар ТВ2»  және    жаңадан  іске қосылған «Байрақтар Ақынджы»  дрондарының  алдында  қауқарсыз. Күйреп  қалары  белгілі. Демек,  тұжырымдамада  көрсетілгендей, жаңа атыс  құралдары, әуе қорғаныс кешендерін жаңартуға  күш  салған  жөн-ау.

Мәселен, Ресейдің  беткеұстар әуе  қорғаныс  қаруы С-400 «Триумф», «Панцирь-С1», «Бук-М3»  секілділер бізге де  керек-ақ.   Тіпті  Израильдің  соғыс  жағдайында  сынақтан  өткен «Темір күмбез» зениттік-зымырандық  жүйесі де  біздің   тақиямызға  тар келмес еді.  Сондай-ақ  Ресейдің  (Су-30 СМ  ұшақтары  бізде  бар,  бірақ аздау) Су-34, Су-35  секілді  Сириядағы  соғыста сынақтан  өткен  мықты  ұшақтарын алсақ артықтық  етпес. Бізде  тұрған   Миг-29,  Су-27, Миг-31  ұшақтары  ескірді. РЭБ құралдарының да  соңғы  үлгісі керек екені  айтпаса да  түсінікті.  Сонымен  қатар бауырлас  түрік  елінен әзірбайжандар  секілді «Байрақтар ТВ2»,  «Байрақтар Ақынджы»  секілді  заманауи  дрондарды  көптеп  сатып алатын уақыт  жетті.

Рас,  2016  жылдан  бері бізде  қытайдың WinlongWL ұшқышсыз аппараттары  бар. Ол  жеткіліксіз. Қазақстанға Ресейдің 500  шақырымнан  соққы  беретін «Искандер» зымырандық  кешендерін    алып,  Қарулы күштеріміздің  айбынын  асыра  түсіруге де  болар  еді. Тәуелсіздік  алған  жылдардың  басында КСРО-дан  мұра  болып  Қазақстан  жерінде  5000  танк қалды. Қазір  қаншасы  бар екені  белгісіз. Кейбір  деректерде  300-800  деп  көрсетілген.  Мәселе – санында  емес, оның  заманауилығында, жүруінде,  атуында.  Қазақстан  танк  паркі  Т-62,  Т-72-лерден  тұрады. Бұлардың  бәрі   өткен ғасырдың  60-70  жылдары шығарылған  танктер. Біз  әлі соны жамап-жасқап  пайдаланып  жүрміз. Ал  бізге  керегі Ресейдің  Т-90 не  болмаса Оңтүстік Кореяның «Чёрная пантера»,  немістің   «Леопард 2»  секілді заманауи  танктері.

Әрине,  елімізде  10-нан  астам кәсіпорын  әскери   мақсаттағы  құрал-жабдықтар,  техникалар  шығарады  екен. Солардың ішінде  белгілісі – Каспий  теңізіндегі    Қарулы  күштерімізге арнап  әскери  қайықтар  шығаратын «Зенит» зауыты  ғана. Азды-көпті  бронды  көліктер шығады. Басқа  еш нәрсені  көріп  тұрған  жоқпыз.  Ашық  деректерге  сүйенсек, Қазақстан армиясында  222  ұшатын аппарат  бар; яғни 76 истребитель, 39  шүйілгіш ұшақ, 18  әскери  тасымал  ұшағы, 71  әскери, оның 18-і  соққы  беретін  тікұшақтар. 650  танк, 800  бронды  көлік, 600-ге  тарта зеңбіректер,  түйдектете ататын  артиллерия-минометтер  т.б.  бар  көрінеді.

Каспийдегі  әскери  теңіз  флотында  20-ға тарта кеме-катер  бар. Бары  осы. Қалай  десек те,  мұның  бәрі әлдеқандай  жағдай  бола  қалса, ұшағымыз  ұшып,  танкіміз  жүріп, артиллериямыз  снаряд  ата ала  ма? Мәселе  сонда. Қысқасы, ескі  техника,  ескі  атыс құралдарымен   тәуелсіз  елімізді қорғау  мүмкін емес.  Яғни  қалқансыз  Қазақстан  болып  қаламыз. Демек, Қазақстанға  мықты  қару-жарақ шығаратын  елдермен   бірлескен  кәсіпорындарды  көптеп ашу керек. Бәлкім, сонда  ғана уақыт  талабына  сай  әскери  техникаларға  қол  жеткізуге  болады. Әйтпесе тек  ҰҚШҰ (Ұжымдық  қауіпсіздік  шарты  ұйымы)   шеңберінде қаруды Ресейден    аламыз  деп  малданып  отыра  берсек, Мәскеуге  тәуелді  болып  қала  береріміз  хақ. Қаруы  мығым өзге де  өркениетті  мемлекеттерден  қару  сатып алғанымыз  жөн.  Сонда  Ресей алдындағы  тәуелділіктен құтылмақпыз.

Жалпы, 2020-22 жылдарға  бөлінген қорғаныс  бюджеті 961 миллиард теңгені  (2,55 миллиард  доллар) құрайды.  Оның 315,4 миллиард  теңгесін  биыл пайдалануы  керек екен. Мұның қаншасы  әскери  жаңа  техника алуға  кетеді?  Белгісіз. Кеше  ғана  қорғаныс  министрінің  орынтағына таза әскери адам  отырды. Бәлкім, сол Қарулы  күштерімізде   реформалар  жасар. Соған бек  сенейік.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған