Ырымшыл Бозымбаев һәм Баталовтан қалған аутсайдер облыс

Алматы облысының әкімі болып Қанат Бозымбаевтың тағайындалғанына екі апта болды. Екі аптаның ішінде жақсы да, жаман да пікірлерді айналасына жинап үлгерді. Бұрынғы әкім Амандық Баталовтан әлдеқайда жас ол облысқа өзгеріс әкелер деген үмітпен де қарайды. Десе де, биографиясындағы Жамбыл, Павлодар облысының әкімі болғандағы оқиғалар күмәнмен қаратады. Одан бөлек, екі орынбасары «парамен ұсталды» деген айыппен жұмыстан шеттетіліп еді.

Жоғарыда айтқанымыздай, 52 жастағы Қанат Бозымбаев үшін Алматы облысы – ол әкім болып тағайындалған үшінші аймақ. Әйтсе де облыс әкімі лауазымына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмекшісі рөлінен босап келді. Ол уақытқа дейін энергетика министрін бірнеше жыл басқарғанымен, ештеңені оңдырмай, денсаулық жағдайына байланысты орнын босатып еді.

Еске салсақ, осыдан бір ай бұрын Қанат Бозымбаевтың энергетика министрлігіндегі орынбасарлары Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевке қатысты сот ісі аяқталды. Бұрынғы вице-министрлер Қарасу өзенін тазалауға бөлінген 2,7 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған. Сот ісі 2020 жылдың қаңтарында басталып, 2021 жылдың қазан айында соңғы нүктесі қойылды. Алайда сот Қанат Бозымбаевтың бұрынғы орынбасарларын судан таза, сүттен ақ деп, ақтап шығарды.

Бозымбаев болса Ақордадан Алматы облысына қараша айында аттанып, жаңа қызметке тағайындалды. Сәйкестік дерсіз: орынбасарларына айып тағылмай тұрып, Бозымбаев қызметінен босайды. Содан кейін президенттің жанында жүріп, шашылған «авторитетін» біраз қалпына келтіреді. Сосын, ол жаңа таққа отырмас бұрын, сот ісі аяқталады. Жай ғана сәйкестік делік. Бірақ бір реттік емес, бірнеше оқиға осылай тоғысып тұрғанын сәйкестік дей салу қиынға соғар. Өмірін жаңа парақтан, жаңа қызметтен бастамас бұрын, «күнәларын» жуып-шаюға саяды бұл әрекеттер.

Айтпақшы, жаңа өмір дегеннен шығады, жаңа әкім кабинетін де, қызметтік көлігін де қайтадан жаңаламақшы-мыс. Шын-өтірігін анықтау мақсатында ресми органдарға хабарласып көріп едік, мардымды жауап ала алмадық. Жоға, жауапсыз қалдырды сауалымызды.

Әңгіменің әлқиссасы «Хабар» арнасының тілшісі Ардақ Айбаұлының фейсбук желісіндегі «Қауесет пе, рас па?» деген постынан бастау алады. Әріптесіміздің жазбасына сенсек, облысқа жаңадан тағайындалған әкім Амандық Баталовтан қалған қызметтік көлікке отырмай қойыпты. «Көлігін де, жүргізушісін де көрмейтін болайын», – деп, қазір өзі жеке автокөлікпен ел аралап жүрген көрінеді. Одан қалса, әкім резиденциясындағы жиһаздар түгелдей жаңаланады-мыс. «Осы айтылғандардың бәрі қауесет болмай, расқа айналса, Қанат Алдабергенұлы өте дұрыс істеген. Ол кісінің орнында болсам, мен де «бүлінгеннен бүлдіргі алмаға» салар едім. Мансаптық өсу үстіндегі тұлғаға «қызметтен типа үлкен абыроймен кеткен» әкімнен қалған мүлікті пайдаланудың тіптен қауіпті көрінері хақ. Демек, қанша орысша оқыса да, Қанат Бозымбаев өте ырымшыл адам», – деп ойын аяқтаған әріптесіміз.

«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» демекші, «үздік әкім» ретінде танылған Баталовтың артынан қалған біраз былық бар сияқты.  Күрмеуі шешілмеген мәселелер қатарына: мектеп құрылысы, медицина саласындағы кадр тапшылығын жатқызуымызға болады. Сондай-ақ облыс жолдарының 22 пайызы көңіл көншітерлік күйде емес. Халық өз қаржысына жолын жөндей ме, әлде Бозымбаевқа жиһаз әпере ме? Осыдан бір апта бұрын жыр болған Жылыбұлақ жолын жергілікті халық өздері жөндеуге кірісіпті. Әкімдік тарапынан қарашаның жылауымен асфальт қана бөлінген көрінеді. Басқасына қаржы қарастырылмаған-мыс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауыл азаматтары біріге білек сыбана кірісіп, шұқыр тесікті өз алақандарымен жамады. Бұл жол жыр болғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қыстың күні апатты жағдай орын алмасын деген оймен тұрғындар өздері қолдан келгенін жасады.

Облыстың «былықтарына» қайта оралсақ, аймақтағы фермер, аграрлық саланың проблемалары республикада да белгілі. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың болмауына байланысты тұрғындар негізінен егіншілікпен, фермерлікпен айналысады. Алайда аймақ топырағының ерекшелігі сонда – оны суару үшін көп суды қажет етеді. Жерді бөлу конкурстары, субсидия алу мәселесінде де бірақ қиыншылық бар сияқты. Өйткені осы мәселені айтып, жақында Ақсу ауданының шаруасы хабарласып еді. Оның айтуынша, жер конкурсында «бармақ басты, көз қысты» әрекет орын алған. Одан бөлек, тәтті түбіріне заңды түрде бөлінетін 2020 жылдың субсидиясын әлі ала алмай отыр екен.

Айтпақшы, республика бойынша трансұлттық компания жүзеге асыратын 19 жобаның 9-ы Алматы облысында іске асырылып жатыр деп мақтанамыз. Алайда осы компанияның біреуі немесе инвесторлар қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің проблемасын шеше алмай кетті. Бұл да аймақ проблемасының «қоржынында».

Өңір билігінің құзырындағы тағы бір маңызды мәселе – ұлттық табиғи парктерді дамыту. Жаңа басшы өңірдің баға жетпес туристік әлеуетін іске асыра ала ма, оның сапалы дамуына жағдай жасай ала ма және сонымен бірге облыстың табиғи байлығын сақтай ала ма? Жасыратыны жоқ, табиғи сұлулыққа бай аймақтың бір бөлігін «иемденіп» алғысы келетіндер көп. Жер беру тәжірибесі тоқтатыла ма, жер мәселелері қалай шешілетін болады – мұның бәрі облыстың жаңа басшылығының қолында.

Экс-әкім Баталовтың жұмысын бағалауда ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, шикізаттық емес салалардағы инвестициялық белсенділік рейтингінде 2021 жылдың 10 айында Алматы облысы 14 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың арасында 12-орынды алды. Жалпы, ел бойынша құрылыс (+120,6%), ауыл шаруашылығы (+41,9%), сауда (+31,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (+17,4%) сияқты салаларға инвестициялар көлемі ұлғайды. Инвестицияның өсуіне қарамастан, Алматы облысы «аутсайдер» (Қызылорда, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары) өңірлер қатарында. Баталовты алмастырған Бозымбаев тым болмаса облысты үздік бестікке апарар ма екен?

Әлде «квартирант емеспін» деп, Баталовтан қалған дүниені ауыстырумен шектеле ме? Айтпақшы, Бозымбаевтың ашуына қала әкімінің, облыс әкімінің орынбасарлары да ілініп жатқан сыңайлы. «Ескі гвардия» орнына «өз гвардиясын» әкелмекке бағытталған әрекет пе, бұл?

Әкімдердің салт-дәстүріне сәйкес, Қанат Бозымбаев та жұмыс аптасын аудандардың жай-күйімен танысудан бастады. Алдымен қалалық әкімдікте жиын өткізіп, көмір тапшылығы қолдан жасалған әрекет екенін айтты. «Жауаптылар бұл мәселені тез арада шешсін» деп те тапсырмасын жаудырды. Қарасай, Жамбыл аудандарының тыныс-тіршілігімен танысып, сын-ескертпелерін де айтып жүр.

Шыны керек, әкімнің бұл әрекеті жақында ғана көрген «Сәке» сериалындағы әкімнің әрекеттерін есіме түсірді. Былтыр жарыққа шыққан отандық туындыда әкім лауазымындағы Саят Саматович Чапай ауданына әкім болып тағайындалады. Сосын халықпен кездесу өткізеді, уәдесін үйіп-төгеді, барлығы «прозрачно» болуы керек дейді, халықтың алдында жауаптыларды «сояды». Оның сыртында ше? Шынтуайтына келгенде, әрекеттерінің барлығы – «саяси жоспар», «сыбайластық», бас пайдасын ойлап қалу. Яғни «показуха» әрекеттер. Әрине, Бозымбаев сериалдағы кейіпкер сияқты деуден аулақпыз.

Баталов екі жыл қатарынан уәде беріп, атауын ауыстыра алмай кеткен Ұйғыр ауданының атауын Бозымбаев ауыстырар деген үміттеміз. Сонда оның облысты көркейтіп, жаңа деңгейге көтеруге келгеніне сеніммен қарай бастайды халық. Әйтпесе бәрін басынан бастаймын деп жүргенде, бұрынғысынан айырылып қалмаса игі еді. Көк етікті менсінбей жүріп, көне етікке зар болып қалмасын, әйтеуір.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған