Қазір Қазақстан саптыаяқ басынан қарауыл қараған кезге тап болып тұр. Қаңтардағы мемлекеттік төңкерісті кім ұйымдастырмақ болды? Артында кімдер тұр? Бейбіт шеруді арандатқан, жаппай тәртіпсіздікке душар еткен топ басшылары құрықталды ма? Қай террорлық топтардың қатысы бар? Әлде бұл билікке таласқан кландар арасындағы қанды қақтығыс па? ҰҚК басшысы Мәсімов не бүлдірді? Қаймана жұрттың осы тақылтес сұрағы көп. Әзірге нақты жауап жоқ. Билік «мұны ұйымдастырған террорлық топтар» деседі. Бірақ атын атап, түсін түстей қоймады…
Рас кешегі бұлғақтан халық та, билік те ес жиып үлгерген жоқ. Жаңаөзенде бейбіт шерумен басталған митингтің соңы тұтас елді шарпыды. Арты қантөгіс қырғынға ұласты. Охлократия орын ала жаздады. Баршаға белгілі болған жайды тізіп шығудың қажеті шамалы. Халықты көшеге алып шыққан не? Әрине, тұрмыстың төмендігі, кедейшілік, жоқшылық, жетіспеушілік, жұмыссыздық һәм отыз жыл бойы бүйідей семірген азғантай бай-бағландарға, олигархиялық жүйеге жұмыс істеу. Осының бәрі ашу-ыза болып, бір күнде төгілді. Яғни әлеуметтік жарылыс. Алайда халықтың бейбіт шеруін елдің іргесін сөккісі келетін топтар пайдаланып кетті. Көшеге шыққан бұқараны аранға итеріп салды. Қан төгілді. Қаншама боздақ қосақ арасында кетті. Атылды. Ұсталды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында «қаралы қаңтар» деген атпен мәңгіге қалатын бұл қасіреттің анық-қанығы, болмай қалған төңкерістің саяси астары әлі-ақ ашыла жатар. Айтқымыз келгені бұл емес, басқа. Қалай айтсақ та Тоқаев өз билігін сақтап қалды. Халықтың талабын орындады. Ыңғайына жығылды. Газ бағасын (бұлғақ газ бағысының шектен тыс көтерілуінен басталған еді) реттеді. Үкіметті доғарысқа жіберді. Елдегі дүрбелеңді тоқтатты. Жаңа Үкіметті жасақтады. Иә, біздің күдігіміз осы жерден басталады. «Жаңа үкімет» қаншалықты жаңарды? Өкініштісі, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалды. Бірлі-жарлы министрлер оқшантайдан түсіп қалған болар, кейбірі тақ ауыстырған болар, бірақ бұрынғы үкімет мүшелері дерлік орындарын сақтап қалды. Үкімет басы Әлихан Смайылов бұрыннан осы құрамда біте қайнасып келе жатқан азамат. Ол пәрменді тірлігімен серпіліп алға шығыпты дегенді естімедік. Ал осы уақытқа дейін ескі әдіс-тәсілмен жұмыс істеп келген үкімет қаншалықты «жаңа Қазақстанның» ірге тасын қалай алады? Жаңару, жаңғыру дәуірінің бағыт-бағдарын көрсететін бағдаршамның рөлін ойнай ала ма? Міне, көңілге күдік ұялатып, шақшадай басымызды шарадай еткен осы. Негізі, люстрация заңын қабылдап, бұрыннан билікте жүрген жылпостарды орындарынан ығыстыру керек пе еді? Неге Тоқаев кезінде Назарбаев тосыннан алып келген Қажыгелдин секілді білікті, экономиканың майын ішкен азаматты таба алмады? «Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайға тиеді» демекші, ертең өзі үкілеп әкелген үкімет, үімітті ақтамаса, Тоқаевтың өзіне сор болып тиері хақ емес пе? Жаңа үкіметте жылт еткен жаңалық болмаған шақта шерулер қайтадан еселене түспей ме?Қысқасы, «Жаңа Үкіметтің» тығырықтан жол тауып, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» мемлекет тап болған қысылтаяң кезеңнен аман-есен өткізеді дегенге сенім аз. Күдік көп. Тағы бір мәселе, елде орын алған аласапыранды баса алған Тоқаевтан «пұт» жасау дәуір басталып кеткендей. Әрине, қиын-қыстау кезінде мемлекеттің тұрақтылығын, іргесін сөкпей, сақтап қала алған президентті қолдау қажет те шығар. Бірақ сыпыра мақтау, жағымпаздық жақсылыққа алып келмесі белгілі. Оны біз 30 жылдық Назарбаев кезеңінен білеміз. Қазір депутат та, әкім де, ақын мен жазушы да, қара халық та Тоқаевтан «дара батыр» жасауға тырысып жатыр. Бұл қаншалықты қажет? Тоқаев бұлғақ кезінде өзінің конституциялық міндетін атқарды. Басқа ештеңе! Керісінше, қазір Тоқаевқа жаңа идея, тың бастамалармен шыққан жөн. Ал үнемі мақтау, табан жалау, президент алдында көлгірсу елді тирандық басқарылымға алып келеді. Қазақ онсыз да отыз жылдық жеке басқа табынудан запы болғаны белгілі.
Күлтегін БЕК