Қыркүйектің ортасына қарай астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Мемлекет басшысының қабылдауында болған сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Әлемдік мәселелермен айналысу – Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде Ақорданың ең сүйікті жұмысы еді. Ескі сүрлеумен жүру Жаңа Қазақстан үшін қажет пе? Ескі сүрлеудегі идеялар мен жобалардың дені – Назарбаевтың ұлы мұратынан туатын-ды…
Нобель алу – Назарбаевтың өмірлік мұраты еді. Сол үшін Қазақстанның тұңғыш президенті не істемеді? Биліктегі отыз жылғы ғұмырында жасаған жобаларының дені – сол көкейді тескен Альфред Нобельдің өсиетнамасы. Әрине, Альфред ақсақал өзінің атындағы әйгілі сыйлықты қазақтың қарғысын арқалаған адамдар алсын демегені анық. Бірақ сол сыйлық үшін біздің экс-елбасымыз күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғаны ешкімге құпия болмаса керек-ті.
Нұрсұлтан Назарбаев Нобельді ең алғаш әлемге бейбітшілік орнатқан басшы ретінде алғысы келген-ді. Бұл ой оған сонау Семей ядролық полигонын «жапқан» тоқсаныншы жылдардың басында келген болуы керек. «Жапқан» деп, тырнақшаға алып жазуымыздың өзіндік мәні бар. Семей ядролық полигонын жапқызуға Әбішұлының қалай жағаласып, кіріп кеткені өз алдына бөлек тақырып.
Ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Нобель алуға соншалық «азарт» емес еді. Нобель беретін комиссиядағылар да Нұрсұлтан түгілі, Кеңес одағының қылтұзағынан жаңа шыққан Қазақстанды толық танымайтын. Нобель сыйлығы қанша жерден революциялық жаңалық жасағандар мен қоғам дамуына зор үлес қосқан азаматтарға беріледі дегенімізбен, саяси салмағы басым марапат! Тәуелсіздіктің басында Назарбаев саяси тұлға емес-ті. Қазір де түсініксіз!..
Сонымен, Нұрсұлтан Назарбаев Нобель алу үшін тағы не жасады? Әрине, Ақорда ресми ақпарат таратып, мына жоба президенттің Нобелді алуы үшін жасаған жұмысы демейтіні анық қой. Бірақ Назарбаевтың идеясынан туған, миллиардтаған ақша шашылған жобаларға қарасаңыз, соқыр мен мылқау да оның бір адамның мақсат-мұраты үшін істелгенін бірден түсінеді.
Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі барша дін өкілдерінің басын бір шаңырақтың астына жиып, жұмыр жердегі адамзаттың сенімін бір орталыққа тоғыстырғысы келді.
Өркениетті әлемге ұмтылу, демократиялы мемлекет құру идеясы тұрғысынан Назарбаевтың бұл идеясы супер! Мұндай идея Америка мен Батысқа майдай жағатыны тағы анық. Нобельді бір берсе, осы еңбегім үшін берер деген оймен экс-елбасы «Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізуді» қолға алды. Дүниенің төрт бұрышына сауын айтты. Сөйтіп, ұшақ билеті мен тамағын, қонақ үйін, қаламақысын төлеп, әртүрлі дін өкілдерін астанаға шақырды. Діни-диалог өткізді. Әбішұлы басқа емес, тура осы идеясынан қатты үміт күткен еді. Алайда онысы орындалған жоқ. Нобель беретін комиссиядағылар да соқыр емес қой. Қазақстандағы сәләфи-уахаби сеніміндегілер Ауғанстан асып, Сирияда сергелдең болып, дін үшін соғысып жүргенін білмейді дейсіз бе? Білгенде қандай?! Бұл екінші идеясы еді. Құдай басын қоспаған, Пайғамбарлар сол жолда шейіт болған дінді Назарбаевтың біріктіремін деуі астамшылық болды. Дін тілімен айтқанда, Нұрсұлтан Аллаға серік қосты. Ол аздай, қазақтың астанасына Мысырдың моласын көшіріп әкеліп, Пирамида салды.
Одан кейін бұрынғы президент Қазақстаннан 130-дан астам ұлт пен ұлыс жасап, әлемде әртүрлі этностардың берекелі қара шаңырағын көтерген басшы ретінде Нобель алғысы келді. Бұл жолда да аянып қалған жоқ. «Қазақстан халқы Ассамблеясын» құрды. Ассамблея төрағасы тағы өзі. Түкке қажеті жоқ ұйым. Алайда, Назарбаев Нобель алу үшін ақшаны судай шашты. Жыл сайын дәстүрлі түрде Ассамблеяның съезін өткізіп тұрды. Оған ауыл-ауданнан, аймақтардан қонақтар шақырылды. Сөйтіп, дәурені өткен елбасының атындағы қалада апта бойы ұлан-асыр той болсын.
Сол қырғын басқосу, жиналыстарда шешілген нақты мәселе бар ма? Ешкімнің есінде жоқ. Ел есінде қалған көрініс: съезге қатысқан этнос өкілдері бірінен-бірі озып, Нұрсұлтан Назарбаевты мақтау. Әсіресе қыз-келіншектер көзі жайнап, экс-елбасының энергетикасына алыстан мас болып жататындарын қайтесің?! Бірлі-жарым орыс пен неміс ұлтының өкілдері қазақша сөйлеген болады. Екі ұйғыр мен үш өзбек, екі кәріс пен үш дүңген Абайдан қайырып, Мұқағалидан өлең оқиды. Соңғы жылдары әлгі ода-бәйгеге қара негірлер де қатысып жүр…
Жер бетінде қанша ұлт пен ұлыс бар. Соның бәрі Назарбаев идеясына таңдай қақса ғой, шіркін! Ескі Қазақстанның ұлы арманы сол еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың Нобельге деген шексіз махаббатынан туған Қазақстан халқы Ассамблеясының күні өтті, қазір. Жаңа Қазақстанға ондай популизмнің қажеті шамалы. Астанада Н.Назарбаев: «Қазақстанда барша ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті тұрады», деп әдемі жиналыс ашады. Ал Қордайдағы дүңгендер, Шонжыдағы ұйғырлар, Сарыағаштағы тәжіктер «шалдың» өтірігін шығарып әлек…
Біздің нысанамызға ілінген Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш жобалары – оның ұлы арман-қиялдарының жемісі ғана. Ал бұдан бөлек, оның астана төрінде Ресей мен Түркияны татуластырмақ болғаны, Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жиынын астанада өткізуі – бәрі Нобель үшін жасалған көзсіз тәуекелдер еді. Оның артында қанша мың қазақтың көз жасы, табан ет, маңдай тері, адал еңбекақысы жатыр? Қазаққа бұйырмаған ақша Назарбаевтың қиялына құрбан болды. Бір адамның абырой-беделі, ата-даңқы үшін кеткен қаржының орнын кім толтырады, шыққан шығынның сұрауын кім береді? Мұның бәрі қазақтың және келешек ұрпақтың несібесі еді. Сол несібені жырған адамды Құдай сүйе ме екен?!
Жарас КЕМЕЛЖАН