Қазақстанда 1 миллионнан астам адамның қарызы бар

Қазақстанда 1 миллион 400 мың адамның мойнында жалпы сомасы 1 триллион 450 миллиард теңге қарыз бар, деп хабарлайды Жас Алаш Алматы арнасына сілтеме жасап.

Оның төлемі 90 күннен артық кешіктірілген. Ал 365 мың азамат 5 жылдан бері мүлде берешегін жаппай жүр екен. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, елде несиесін өтей алмай жүрген 1 миллион 400 мың адам өзін банкрот деп жариялап, қаржылық жағдайын жақсарта алады. Қаржы министрлігі банкроттық туралы заңды бүгін түсіндірді.

«Біз осы заңнаманы әзірлеген кезде халыққа теріс тиетін, ауыртпашылық келтірмейтін оң жақтарын көздеуге тырыстық. Осы нормаларды әзірлеп, дайындап қазіргі таңда Мәжіліске өткізілді», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Қазір Мәжілістің қарауында жатқан құжатта банктрот деп жариялаудың үш нұсқасы жазылған. Алғашқысы, соттан тыс банкроттық. Яғни, банктер мен микроқаржы ұйымдары, коллекторлар алдындағы берешегі 4 миллион 900 мың теңгеден аспайтын адамдар үшін арналған. Келесі процедура – сот арқылы банкроттық. Ол өтелмеген берешегі 4 миллион 900 мың теңгеден асатын азаматтарға қатысты.

«Үшінші рәсім — ол төлем қабілеттігін қалпына келтіру рәсімі. Тұрақты табыс болған жағдайда қарызды төлеу үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу құқықтары және мүмкіндік қарастырылады. Бұл да заңды тұлғаларға қолданылатын процедура. Банкроттыққа жеткізбей реабилитация дейміз. Оңтайландыру дейміз. Сондай мүмкіндік осы жеке тұлғаларға да қарастырылып отыр», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған