«Арқанкерген» шындығы ашыла ма?!

«Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деген айыппен 2012 жылы өмір бойына сотталған Владислав Челах Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған екен.

Челах Тоқаевтан тергеу процесін қайта бастап, өзінен «жалғыз куәгер ретінде» жауап алуды сұрайды деген ақпар таратты «Азаттық» сайты.

«Құрметті президент, көп жыл өтсе де қайғылы оқиға жайлы қайта айтуға дайынмын. Менің бар сұрарым, мені тыңдап, маған мүмкіндік берсеңіздер. Қалай болғанын айтқым келеді және бәрін айтуға дайынмын. Тергеушілерге де бәрін айтуға дайынмын. Оқиғаның қалай болғаны сол күйі ашылмай қалды», деп жазған Челах президентке хатында.

Челах хатында шекара бекетіне «шабуыл жасалғаны жайлы» жазады. Ол сот кезінде де осы нұсқаны айтқанымен, сот оның сөзін қарастырмаған-ды.

Түрмеден жазылған хатты «Азаттыққа» Челахтың туыстары берді. Жақындарының сөзінше, Челах хатын президентке электронды түрде жіберген. Хат қаңтарда қаралатыны көрсетілген.

Челах президентке қайырылған хатында «жасамаған қылмысы үшін» өмір бойына қамалғанын жазады. Ол БҰҰ Адам құқығы комитетінің Қазақстан билігін Челахқа қорғануға мүмкіндік жасауды ұсынған шешімін де еске салған.

2012 жылы 30 мамырда Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінің өртенген орнынан 14 шекарашы мен бір қорықшының мәйіті табылған. Тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2012 жылғы желтоқсанда сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырған.

Челахқа Қылмыстық кодекстің «Екі және одан көп адамды өлтіру», «Жеке заттарды ұрлау», «Құпия құжаттарды ұрлау», «Қару ұрлау» және «Заңсыз қару ұстап жүру» тәрізді барлығы тоғыз бап бойынша айыптар тағылды.

2017 жылы қарашада БҰҰ-ның Адам құқығы комитеті Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактінің 14-бабын бұзып, Челахты өз ісін «әділ және бейтарап сотта қарау құқығынан айырды» деген ұйғарым шығарған. Комитетке шағымды оның адвокаты Серік Сәрсенов (ол 2018 жылы наурызда қайтыс болған) дайындаған.

Кейінгі 10 жылда қоғамда Арқанкерген оқиғасына қатысты сырттан шабуыл, контрабандистер, террористік топ сияқты әртүрлі болжамдар айтылған. Тіпті, бұл қантөгісті күш құрылымдары арасындағы бәсекемен байланыстырғандар да болған. Ол кезде (28 мамыр – Шекарашылар күні) заставаға жақын маңдағы аңшылық шаруашылығына жоғары шенді тұлғалар демалысқа барған, олардың арасында кикілжің туып, оның соңы қантөгіске ұласқан деген нұсқа да бар.

Сонымен қатар, үш жыл бұрын дәл осы «Арқанкерген» қырғыны туралы ресейлік жазушы, блогер және YouTube-те авторлық каналын жүргізетін Павел Карелин деген кісі өзінше зерттеу жасап, өз пайымын ұсынған болатын-ды. Ол былай дейді:

«Үшарал шекара қызметі отрядының әскери қызметкері Ержан Молдағалиев куә беру барысында «Арқанкерген» уақытша шекара бекетіне қытайлар шабуыл жасады дегенді айтқан. Бұл ақпаратты оған ұсталған кезінде Челахтың өзі жеткізген екен. Бірақ Челахтың өзі, шын мәнінде, қай жерде ұсталса да, әйтеуір, ұсталды. Ұсталған сәтінде Челах бірден бекетке қытайлар шабуылдағанын айтты. Аз уақыттан соң, Челах сөзін өзгертті. Әйтсе де бекетке шынымен де қытайлар шабуыл жасаған болса керек.

Жалпы, ғарышқа ұшырылатын зымырандар жиі құлайды. Тек кей мемлекеттер ұшырған зымыраны құлап қалғанын ашық жариялайды, ал кей мемлекеттер белгілі себептермен өз сәтсіздігін, қателігін қалай да жасыруды мақсат тұтады. Халқымның алдында беделімнен айырылам дей ме, әлде әлем алдында құпиямыз ашылмасын дей ме, әйтеуір, жасырады. Әсіресе, зымыран тасығыштың бортында өте құпия, әскери мақсаттағы шпиондық жабдық болса, тіпті, жасыруы керек. Өйткені әлгі тыңшылық технология қалай да басқа мемлекеттің қолына түсіп қалмауы керек. Шын ғой, бір мемлекет ғарышқа шпион-спутник ұшырады екен деген дерек ашылса, оның арты үлкен халықаралық жанжалмен аяқталуы мүмкін. Ең сұмдығы, сол бір құпия жабдық Ресей немесе АҚШ сияқты елдердің қолына түсіп қалар ма деген қауіп. Өйтсе, ғалымдардың жылдар бойғы жұмысы жоққа шығады, жұмсалған маңдай тер, көз майы мен ақшаның бәрі далаға кетті дей бер. Аса құпия қару немесе бәрін бақылайтын асқан құпия бағдарламаң біреудің қолына түскенше, өлгенің артық. Рас қой, сенің мемлекетіңнің қол жеткізген ең соңғы технологиялық жетістіктерін сенің тап жауыңның қолына топ етіп түсіп қалады-ау деген қауіп туса, сен соңына дейін барасың. Мұндай жағдайда өзіңнің аса құпия жабдығыңды бөтен елдің жерінен қалай да уақыт созбай алып кету үшін сен ештеңеден тайынбайсың. Келіссөзге уақыт жоқ. Келісе қоятын шекарашы қазақ та табылмаса. Қазақ шекарашысы қызметте, ол да бұйрықты орындауға міндетті. Минут тұрмақ, әр секундтің өзі үлкен тәуекел. Шын, келісетін уақыт жоқ, қырсық шекарашыларды қырып сал да, құпияңды тезірек алып кет.

2012 жылдың 26 мамырында Сичан деген жерінен Қытайдың құпия спутнигі салынған әскери зымыран ұшырылды. Зымыран ұшырыла сала оның бағыттаушы руль мұржалары істен шығып, зымыран бағынбай кетті. Өте биік көкке шығып алған зымыран Қазақстан шекарасына қарай қисайып, жерге құлай бастады. Оны қайдан білсін, қазақ шекарашылары. Тура басына жақын жерге тік құлап бара жатқан зымыранның бортындағы өте құпия құрал-жабдықтың отқа салса жанбайтын, қалай құласа да аман қалатынын қайдан біледі олар. Тым қатты қорғалған технология еді. Қытай бірден тура білді, зымыранның қай жерге дөп құлағанын. Қытай көрді, тура шекарадан бес шақырым жерге топ ете түскенін өзінің аса құнды құпиясының. Барып, тез алып кетуге болатынын тез түсінді. Ешкім білмеуі керек. Өйткені бұлардың не сұмдықты ғарышқа шығармақ болғанын. Бірақ сенің құпияң бөтен елдің жеріне құлады. Барайық та, алайық деді. Жарты сағат өтпей, Қытайдың әскери тікұшағы шекараны бұзып, қазақ жеріне қоныпты. Борт командирі тура шекара бекетіне барып, қазақ шекарашыларына Қытайға тиесілі мүлікті алып кетуге рұқсат бер деген. Бекет командирі көнбеді. Устав бар, шекараны бұзуға жол берілмейді. Дейді де, аспанға оқ атады. «Шекара жабық, ол күзетіледі» деп бір-ақ қайырған. Қытайлар үнсіз қайтып кетті. Қазақтар түсінеді, қытайлардың өзінің құпия мүлкін алып кету үшін барын салатынан. Хабарласа қояйын десе, байланыс жоқ, қытайлар үзіп, өшіріп тастапты. Көмек жоқ. Сары-Бөктерде де қорғана қоятын соншалық күш жоқ. Қытай болса ендігі қоршап тұр. Содан ең жас деген Челахқа дәлелдер салынған ноутбукті ұстатып, құпия картаны беріп, қолына әзірге байланыс жоқ болса да, телефонды ұстатып, басың ауған жаққа қаш дейді. Командир Челахтың беліне өз тапаншасын да қыстырып жөнелткен. Көмек сұра, болған жайды жеткіз деген Челахқа. Ал «Арқанкергенге» тым зор күшпен қайта келген Қытай бәрін қырып салды. Ешбір ізін қалдырмау үшін маңайдың бәрін өртеді. Бірақ іске үлкен саясат араласты. Қытайдың болғанын көрмей, мойындамай қойды. Челахтың тірі қалғаны оларға абырой болды. Челах болмаса, бұл іс халықаралық сипатқа ие болар еді. Тірі қалған біреу керек болды, соған бәрін ілу үшін», деген еді сарапшы.

Әділ АҚЫЛБАЙ

«Жас АЛАШ»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған