Бұл қазақ кімге сенеді? Билікке сеніп, болашағын Ақордамен байланыстыратын уақыттан әлдеқашан өтіп кеткен. Елдің сөзін айтатын ақын-жазушы, зиялы қауымға сенетін еді, бұрын. Ал қазіргі қаламгерлер Астананың сөлкебайына байланып қалды. 2000 жылдардың басында оппозицияға «Сен тұр, мен атайын» дейтін сақпанның тасындай сайыпқыран жігіттер келді. Қазақ соларға сенді, артынан ерді, алаңға шықты. Бүгінгі айтып жүрген әділетті Қазақстанды сол жігіттердің құратынынан сол кездің өзінде үміт күтті.
Сол шоғырдың жетек басында Жармахан Тұяқбаев, Алтынбек Сәрсенбаевтармен бірге Болат Әбілов, Ғалымжан Жақиянов, Төлен Тоқтасынов, Ораз Жандосов, Әлихан Бәйменовтер тұрды. Шеттерінен білімді, білікті, тәжірибелі, мемлекетшіл азаматтар. Қазақ оларды арқа тұтты. Тұлғаларына қарап сүйсініп, Қазақстанның болашағын сол жігіттермен елестетті бір уақыт. Кейін шоқ жұлдыздай жанған әлгі шоғыр шетінен сетінесін. Атылды, шабылды, жабылды, қуылды.
Ол өткен шақ, әрине! Қазақ оппозициясына әлі де бас қосып, бірігетін, айрандай ұйып береке-бірлікке келетін ынтымақ керек-ақ! Бірақ біз сол 15-20 жылдың алдында сенген, азаматтықтарына сүйсінген, ел басқаратын ерліктеріне риза болған жігіттер қазір бір-бірімен соттасып, бір-бірі туралы оттасып жүр. Әңгіме кімдер туралы екенін іштеріңіз сезген болар? Ғалымжан Жақиянов пен Төлен Тоқтасынов туралы айтып отырмыз.
Жақиянов пен Тоқтасыновты оқырманға таныстырып жатудың өзі артық. Бұл жігіттердің басқалардан ерекшелігі – Назарбаев жүйесіне былғанбаған, билікке басыбайлы қызметкер, барып кел, шауып кел болмаған еркіндіктерінде. Содан кейін, оппозицияға таза келіп, таза кеткен азаматтықтарында. Бәйменов сияқты екі өрісті қатар жайлаған жоқ. Жұрт жүріс-тұрыстарына сырттай сүйсініп, ұстанымдарына құрметпен қарап жүрген сол екі жігіттің арасынан қара мысық өтіпті.
Жуырда ғана «Адырнаның» ютуб арнасына сұхбат берген Төлен Тоқтасынов қанды көйлек досы, өмірде де, кәсіпте де бірге жүрген Ғалымжан Жақиянов туралы ел естімеген әңгімелер айтыпты. Сұхбаттың ұзын-ырғасынан түсінгеніміз, жігіттер ақша бөлісе алмай қалған көрінеді. Тоқтасыновтың сөзіне сенсеңіз, Ғалымжан Жақияновқа сеніп, ортақ бизнестерінен шығып, келісімшарт бойынша алуға тиісті қаржысының 20 пайызын ғана алып, тақырға отырып қалған. Ал Жақиянов ескі досының осы сұхбатына орай жауабын әлеуметтік желіге жазбаша жариялады. Әрине, Тоқтасыновтың сөзінің бәрін теріске шығарады. «Алаяқтық жолмен мені алдап соқты» дегендей уәж айтыпты. Қысқасы, осы.
Қазір ел сенген екі азамат бірін-бірі сотқа беріп жатыр. Бас жарылып, көз шықпаған соң, дастарқан басында шешілетін жеке бастың араздығын ел алдына жайып салудың қандай қажеттілігі бар еді? Осындай деңгейге түсетіндей, арыстай азаматтарға не көрінді? Жұрт бір жылдары осы жігіттер билікке келсе, қазақты жарылқайды, Қазақстанға демократия орнатады деп сенген жоқ па?!
Ал бұлар қалтаның қамын достықтан да биік қойып, Назарбаевтың жемқор-парақор көп кадрларынан еш айырмашылығы болмай қалды. Осыдан кейін мұндай жігіттердің билікке келгенінен келмегені дұрыс болған сияқты деген ой мазалайды екен. Жаңа Қазақстанды жасауға атсалысады деп халық сырттай үміт күтіп жүрген рухтас, жерлес азаматтардың бұлай майдаланғаны, шынында, кісінің жанына батады. Бір жағынан, Жақиянов пен Тоқтасыновтың текетіресі билік үшін де үлкен ұпай болды. Әлеуметтік желідегі жазғыштардың бірі «Бұлар Семейді тұралатып, Қазақстанды қойып, Моңғолияның көмірін сатып, Ұланбатырды үлкен ұятқа қалдырған жоқ па?» деп жазыпты.
P.S.
Біз екі жақтың біреуін қолдап, біреуінің ғана сөзін сөйлемейміз. Сұхбат береміз, мәселенің ақ-қарасын айтамыз десе, Жақияновқа да, Тоқтасыновқа да мүмкіндік беруге, сұхбат алуға дайынбыз!
Жарас Кемелжан