«Біз, ел азаматтары өз шағымдарымызды негізінен үкімет пен әкімдерге, былайша айтқанда атқарушы билікте отырғандарға айтамыз. Бірақ біздің атқарушы билігіміз тек вертикаль бойынша құрылады. Биліктің осы тармағының құрылуына ел азаматтарының титтей де қатысы жоқ», – дейді саясаткер Қазбек Бейсебаев.
Сарапшының пайымдауынша, министр мен әкім атаулының бәрі халықтың қатысуынсыз тағайындалады, сол себепті оларға халықтың сөзі өтпейді.
Заң шығарушы билік дейтін парламентіміз заң шығарып қана қоймайды, оның атқарушы билікті бақылайтын құқығы да бар. Ел азаматтары формальды түрде сайлау арқылы парламентті жасақтайды, бірақ анығында – парламентті жасақтаумен талай жылдан бері атқарушы биліктің өзі ғана айналысып келеді.
Күні кешеге дейін әкімдердің «Нұр Отан» билеуші партиясының өңірлік және жергілікті филиалдарын басқарып келгенін несіне айтайық?
– Шындығы сол, талай жылдан бері бізде елді басқаруға бөтен адамдарды жолатпайтын билік жүйесі қалыптасып алды. Атқарушы билікте де, заң шығарушы билікте де биліктің өзі таңдаған адамдар отыр. Бөтен адамдардың жүйеге кіруіне тыйым салынған. Бюджетті олар өздері үлестіреді, өздері игереді, жымқырады. Қоғам тарапынан ешқандай бақылаусыз. Сол себепті парламент жылдар бойы биліктің бүкіл әрекетін растайтын нотариалдық кеңсенің рөлін атқарып келді.
Логикаға салсақ, қаңтар оқиғасынан кейін парламентке ескі билікпен бұрын терең байланысы болмаған жаңа, басқа тұлғалар келуі керек еді. Бірақ біз ондай тенденцияны байқап отырған жоқпыз. Соған қарағанда, билік заң шығарушы билікті жасақтау жағынан бұрынғы тәртіптерін сол қалпы сақтап қалғысы келетін сияқты.
Билік асығыс-үсігіс жаңа партиялар құрып қойды, бар партияларының атауын өзгертіп, басшыларын ауыстырып қойды. Ең сорақысы, партиядағы бүгінгі жаңа басшылар кеше ғана «бас зейнеткерді» барынша қолдаған тұлғалар еді. Отыз жылдан бері көп нәрсеге куә болдық, бұл жолы да партиялық тізімдердің биліктің мақұлдауынсыз жасалмайтынына еш күмәнданбаймыз. Әрине, билікке парламентке ертең өздеріне бақылау жасайтын адамдардың байқаусызда өтіп кеткені керек емес. Сол себепті партиялық тізімдер бойынша сайлау арқылы парламент едәуір жаңарады деп үміттенбейміз.
Сонымен бірге, белсенді азаматтардың парламентке өтуіне мүмкіндік беріліп отыр, бір мандатты округтердегі сайлау арқылы. Бірақ бұл жерде де биліктің өз кандидаттарын тықпалайтыны анық. Кандидаттарын таңдап қойған да болар. Соған қарамастан, арамыздағы белсенді тұлғаларымыз өз кандидатураларын ұсынуы тиіс, ал біз азаматтық қоғам болып ондай адамдарымызды барынша қолдауымыз керек.
Әйтпесе, мына түрімізбен елімізде ештеңе өзгермейді. Билік бізге – «жаңа Қазақстан» құрамыз дейді, бірақ оны бізді қатыстырмай өздері ғана құрып тастағысы келеді. Бұлай жалғастыра беруге болмайды. Қаралы қаңтардан кейін Қазақстан өзгерді, өз халқыңды баяғыдай елемей отыра беретін уақыт бітті. Әйтпесе, оның арты неге әкеп соғатынын біз білеміз, – деген екен сарапшы.