Сайлау: Теңгені тежеп «ойнау» қаншалықты тиімді?

Біздің елде қандай да бір саяси науқандар алдында ұлттық валюта нығаяды, қымбатшылық сәл-сәл тұрақтайды. Жалпы, сайлау алдында теңгені тежеп «ойнау» елде біраздан бері  әдетке айналған. Ал сайлаудан кейін бірқатар дүниенің бағасы шарықтап, қымбатшылық одан әрі қоюланып, доллар да долданып, ұлттық валютамыз қоса құнсызданып сала береді.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірнеше деректер келтірсек… Мәселен, былтыр 5 маусымда алты алашқа сауын айтып, жалпыхалықтық референдум өткіздік. Сондай-ақ қараша айында президент сайлауы болды. Байыптап қарасақ, бірінші жағдайда, Украинада соғыс басталған кезеңдегі дүрбелеңнен кейін ұлттық валютамыз мамыр айының соңында бір доллар үшін 512 теңгеден 415 теңгеге дейін нығайды. Референдум қарсаңында доллар бағамы 431,95 теңге болса, референдум өткеннен кейін екі аптадан соң елде бір доллар  – 446,87 теңгеге қымбаттады. Президент сайлауы кезінде де ұлттық валютамыз бес апта қатарынан долларға тұрақты түрде нығайды. Сайлау қарсаңында бір доллар 476,89 теңгеден 459,04 теңгеге дейін арзандады. Ал үш аптадан кейін бір доллар бағамы 472,14 теңге болып қымбаттап сала берді. Енді алда мәжіліс сайлауы келе жатыр. Қазір еліміздің Ұлттық банкінде теңгені нығайту үшін екі ай бар.

Алайда сала мамандары, «саяси науқан алдында бұлайша «ойнау» нарықтың заңына да қайшы, халықтың жүйкесіне де салмақ» деседі.

Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, нақ осылай курсты тежеу – Ұлттық қорға да, алтын валюта қорына да салмақ салады.

— Ұлттық банк осы уақытқа дейін «интервенция жасаймыз» деп қаншама қаражатты кетірді. Мәселен, өткенде Ұлттық банк бір жылдың ішінде теңгені қолдау мақсатында жасалған әртүрлі интервенциялар шамамен 10,8 млрд долларды құрағанын айтты. Бас банк «теңгені қолдауға араласпаймыз, ұлттық валюта еркін айналымда» дегеннің өзінде осыншама миллиардтаған доллар теңгені қолдауға кеткен. Шынын айту керек, қандайда бір маңызы бар науқандар алдында көз алдап, курсты тежеп ойнау нарыққа салмақ салады. Мұнымен біз жоспарлаған экономикалық өсімге қол жеткізе алмаймыз, – дейді қаржыгер.

Маманның айтуынша, теңгені осыдан екі жыл бұрын «босату» керек еді. 2020 жылдың өзінде ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы сыртқы факторлар мен геосаясатты есепке алғанда 500 теңгеден асып кетуі керек еді. «Жасанды түрде теңгені ұстап тұру тек жалған тұрақтылықтың көрінісін ғана жасайды, бірақ шын мәнінде экономикаға кері әсер тигізеді».

Жалпы, мамандар Ұлттық банктің интервенция арқылы ұлттық валютаны тежеу ​​әрекетін қателік қана емес, тіпті «сауатсыздық» санайтынын айтады.

— Соңғы екі жылда ғана теңгені тежеп ұстауға шамамен 20 миллиард долларға  жуық қаржы жұмсалды. Негізінде, теңге тежеуден босаса ғана экономика аяққа тұрады. Мемлекет өнімділікті арттыруға назар аударады, ал адамдар табыс табуға бет бұрады. Доллар қымбаттаса импорт та қоса қымбаттайды. Шеттен келетін, Ресейден келетін өнімдер қымбат болады да, нарықта отандық өнімдер өтімді бола түседі. Импорттан арылу үшін үкіметке түрлі жобалар легін арттыруға тура келеді. Міне, сол кезде шағын және орта бизнеспен айналысатындардың да қатары өсіп, қарапайым халық кәсіппен айналысса ғана қиындықтан шығатынын жете түсінеді. Бұл өз кезегінде отандық өнім шығаратын бизнестің саны артып, бүкіл экономиканың нығаюына әкеледі, – дейді қаржыгер Арман Мусин.

Ал Ұлттық банктің базалық ставканы өсіру, инфляцияға тұсау салу тәрізді әрекеттерін сала мамандары «бұл экономика уақытша ғана дем беру» деп бағалап отыр. Негізінде, базалық мөлшерлемені көтерудегі мақсат – мөлшерлеме көтерілгеннен кейін депозиттердің ставкасы да өседі. Мұндайда халық банктерден депозитті азырақ алатын болады. Өйткені адамдар белсенді түрде ақша алып, оны жұмсайтын болса, бұл инфляцияны тудырып, теңгенің әлсіреуіне ықпал етеді. Мөлшерлемені  көтерсе, екінші деңгейдегі банктер де мол ақшаны депозиттен пайда көру үшін Ұлттық банкте сақтайтын болады. Осылайша жоғары базалық мөлшерлеме экономикадағы қолма-қол ақша санын азайтады. Бұдан барып «айналымда ақша массасы азайып, ұлттық валюта нығаяды» деп күтіледі. Бірақ мамандар айтып отырғандай бұл механизм расымен де қысқа мерзімде бір-екі ай ғана жұмыс істейді. Ұзақ мерзімді перспективада ол бәрібір инфляцияны тудыруы мүмкін, өйткені алынатын несиелер көлемі бар екенін де ұмытпауымыз керек. Ол несиелер бәрібір  көбейіп, бизнес «құлдырайды».

Қалай десек те, қазір Ұлттық банк пен үкіметтің алдында «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» халықты қиыншылықтан алып шығу міндеті тұр. Сондықтан «Жаңа Қазақстанға» жетеміз десек, сайлаудың алдында елді құрғақ уәдемен алдап-сулап отыратын көнерген тәсілді доғару керек. Бастысы тиісті инстанциялар экономика жауы – жалған статистика екенін түсінуі тиіс.  Осы уақытқа дейін халық қаншама жыл ертегі өмірге сенді. Енді ел ертеңін ойласа, атқарушы билік шындыққа тура қарап, әр саладағы кемшіліктерді жоюға шындап кіріскені абзал.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған