Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым

Болат Ниязымбетовтің спорттық жолында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Ол – Азияның екі дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасы мен Азия ойындарының жүлдегері және басқа да халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Ниязымбетовтің өмірбаянындағы ең елеулі нәтиже – 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған олимпиада ойындарының қола медалі. АҚШ-та ол жақсы өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелерді қарсыластарын сыпара ұтты. Бірақ жартылай финалда әйгілі Куба боксшысы Гектор Винетке жол беруге мәжбүр болды. Содан кейінгі жылдары біз Болаттан орасан зор нәтиже күттік. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқыраған сәттерін көргіміз келді. Бірақ Атлантадан кейін оның жолы бір оңғарылмай-ақ қойды. Ақыры қандасымыз спортпен қош айтысуды құп көрді. Бұл 1998 жыл еді. Болат ол кезде небәрі 26 жаста болатын.

Алғашында ала доптың

құдіретіне арбалдық

Қазақта «Алдыңғы арба қалай жүрсе, артқысы да солай жүреді» деген жақсы сөз бар. Әйгілі Серік Қонақбаев бастаған Жамбыл облысы боксшыларның байрақты бәсекелерде мол олжаға кеңелуі осы өнерді серік еткен жергілікті жастардың қызығушылығын оятты. Сол ағаларына қарап, біздің буын бой түзеді. Ал жеке өз басыма келетін болсам, алғашқыда мен ала доптың құдіретіне арбалдым. Туған інім Азамат екеуміз мектептен қайтқаннан соң кеш батқанға дейін ауланың шаңын басына көтеріп, доп тебетінбіз. Уақыт оза Азамат теңбіл доп шеберлердің біріне айналды. Еліміздің олимпиадалық құрамасының капитаны болды. Ұлттық командамыздың сапында ойнады. Ал менің бұл өнерге қызығушылығым бірте-бірте кеміп, боксқа аңсарым ауды. Рингте жұдырықтасу маған қатты ұнады. Уақыт оза түрлі деңгейдегі жарыстарды ұта бастадым. Сексенінші жылдардың соңында жасөспірімдердің КСРО біріншілігінде екі мәрте жүлдегер атандым. Есейе келе, ересектер дуына түстім. 1991 жылы Минскіде КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, 1993 жылы ТМД чемпионы атандым. Бұл менің үлкен спорттағы ең алғашқы ірі жеңістерім еді.

Жолы жеңіл жігіт екен

Ересектер дуына түскен кезден бастап, мен 63,5 келі салмақтың тізгінін мықтап қолға алдым. Елішілік жарыстарда қарсыластарымды жолымнан  ығыстырып, ұлттық құрама сапына еркін ендім. 1994 және 1995 жылдары қатарынан екі рет Азия чемпионы атандым. Сол кездері мен жайында «жолы жеңіл жігіт екен» деген әңгімелер шықты. Бәлкім, сырт көзге солай көрінген шығар. Бірақ әсте олай емес. Мәселен, әлем кубогы жолындағы жарыстың жартылай финалында төрешілер менің жолымды кесті. Жартылай финалда неміс боксшысы Октай Уркалды «ту сыртынан ұрдың» деп айыптап, жеңісті қарсыласыма беріп жіберді. Азия ойындарында қолым морт сынып, филиппиндік Галидо Райнолдоға жол беруге мәжбүр болдым. Алтын алуға мүмкіндігім бола тұра осы екі жарыста да қола медальді қанағат тұттым. 1995 жылы Сеулдегі турнирде Райнолдодан есе қайырудың реті келген еді, қырсық шалып, жекпе-жек барысында қабағым қақ жарылды. Дәл сол жылы әлем чемпионатында жеңімпаз атануға мүмкіндігім болды. Бірақ ширек финалға жеткенде сүріндім. Ол аз десеңіз, Ташкенттегі лицензиялық турнирдің дәл қарсаңында өткізілген оқу-жаттығу жиынында әріптестерімнің бірі қабағымды жарып жіберіп, жолымды бөгей жаздады. Егер сол жарысқа қатыспасам, олимпиада жолдамасы өзгенің еншісінде кетер еді. Біздің де өмірбаянымызда осындай «әттеген-ай» дейтін сәттер де аз болған жоқ.

Нұрхан мені оңдырмай алдады

Мен тұрғанда 63,5 келі салмақ дәрежесінде даралана алмайтынына көзі жеткен Нұрхан Сүлейменов 1992 жылы Түркияға қоныс аударды. Андолы елінде тегін Сүлейманоғлы деп өзгертті. Обалы не керек, Түркияда жүріп, біраз белестерді бағындырды. 1995 жылы Берлинде өткен әлем чемпионатының ширек финалында екеуміздің жолымыз қиысты. Ол менен жеңілетінін білді. Бір күні қонақ үйге келген Нұрхан: «Болат сенің мықты екеніңе ешкімнің күмәні жоқ. Бірақ рингте мені сабай көрме. Егер бұл жекпе-жекте айқын ұтылатын болсам, түріктер мені құрамадан қуады. Сондықтан да барлық күшіңді сарп етпей-ақ, жай ғана жұдырықтас. Бәрібір де жеңіс сенікі», – деп жалынғандай болды. Кезіндегі өзімнің командалық әріптесім қиылып сұрағаннан кейін мен: «Жарайды!», – деп келістім. Уағдаласқанымыз бойынша жекпе-жек барысында тізгінді тартыңқырап жүрдім. Бәсеке аяқталғанда ұпай санымен жеңіске жеткеніме күмәнім болған жоқ. Ал төреші қарсыласымның қолын көтергенде, аспаннан төбеме жай түскендей күй кештім. Сол сәтте ғана Нұрханның мені алдап соққанын түсіндім. Оның үстіне Түркияның өкілі Доганелли сол жылдары АИБА-ның төрешілер алқасының төрағасы болатын. Соны да естен шығарған екенмін. Бәсеке аяқталған бетте Әбдісалан Нұрмаханов мені жерден-алып, жерге салды. «Сенің Нұрханнан жеңілуің мүмкін емес, сен өз ақшаға сатылып кеткенсің. Намыс қайда?» – деп зекіді. Сол кезден бастап, сол кісінің «қаһарына» ұшырап, тіптен ұлттық құрама сапынан шығып қала жаздадым. Тау мен тау кездеспесе де, адам мен адам түбі бір жолығады ғой. Арада екі-үш ай өткеннен кейін Галледегі дәстүрлі турнирдің алғашқы жекпе-жегінде екеуміздің жолымыз қиысты. Сол кезде Нұрханды айызым қанғанша сабадым-ау. Бәсеке барысында үш мәрте нокдаунға түсіріп, ақыры 24:4 есебімен ұттым. Содан кейін ғана Әбекеңнің маған іші жылыды.

Азияның алтынын

алақаныңызға саламын

Ташкенттегі лицензиялық жарыс қарсаңында өткізілген оқу-жаттығу жиыны кезінде бапкерлер мені Бақтияр Хождиевпен спаррингке шығарды. Бақтиярдың салмағы – 75 келі, менікі – 63,5 келі. Екеуміз біразға дейін беріспей айқастық. Алайда соққылар алмасу барысында ол менің қабағымды жарды. Бетім қанға боялды. Қасымызға ентелеп жетіп келген Әбекең: «Есі бар адам, өзінен салмағы әлдеқайда ауыр боксшымен соққы алмасушы ма еді», – деп айғай салды. Мен тыныш тұрмай, тілімнен таптым. Одан бетер ашу-ызаға булыққан бапкер: «Мына түріңмен Азия чемпионатына барып, не бітірмексің? Олимпиада жолдамасынан енді дәмеленбей-ақ қой», – деді де, кетіп қалды. Сол кезде мең-зең болдым. Талай жылғы еңбегім зая кеткендей күй кештім. Не істерімді білмедім. Не болса да, енді ағамыздың ашуы қайтқанда алдынан бір өтейін деп шештім.

Кеш бата келсем, Әбекең бөлмеде жалғыз отыр екен. Қасына барып, ағымнан жырылдым. «Осы күнге дейін мен сізді жерге қаратқан емеспін. Үнемі сеніміңізді ақтауға тырыстым. Ташкентте де солай болады. Тек мүмкіндік беріңіз, Азияның алды болуға менің күш-қуатым жетеді»,– деп тоқтамай сөйледім. Ағамыз біраз ойланып барып, орнынан тұрды. «Айтқаныңның бәрі рас. Бағыңды мен байламай-ақ қояйын. Бірақ дәрігерлер не дейді екен?», – деп алаңдаушылық білдірді. Әбдісалан ағамыздың ашу қайтқанын көріп, мен қуанғаннан: «Дәрігерлер үшін абыржымай-ақ қойыңыз. Ол жағын өзім қатырамын. Ал сізге сенім білдіргеніңіз үшін көп рақмет! Қара да тұрыңыз, Азияның алтынын алақаныңызға саламын», – деп айтып қалдым.

Алла Тағала аузыма салса керек, Азия чемпионатының алғашқы айналымда бос болып, тағы үш-төрт күндей демалдым. Сол аралықта қабақтағы жараның аузы бітіп, беті әжептеуір қотырланып қалған еді. Ташкент рингінде төрт жекпе-жек өткіздім. Өзбекті, моңғолды, ирандықты еш қиналмай ұттым. Ал ақтық сында мені филиппиндік боксшы күтіп тұрды. Иә, бұған дейін екі рет есем кеткен Галидо Райнолдоның дәп өзі. Сеулдегі жарыста мен жарақат алып, дәрігерлер қабағымды тігіп жатқанда, ол мені дәп бір шынайы жекпе-жекте ұтқандай рингтің қақ ортасында секеңдеп жүрген еді. Өзбек елінде есе қайырудың реті келді. Сол бәсекеде Азия ойындарының жеңімпазын 9:2 есебімен сең соққандай еттім. Сөйтіп, құрлық чемпионы атандым.

Атлантада ағаттық жібердім

 

Олимпиада ойындары мен үшін сәтті басталды. Қарсыластарымды бірінен кейін бірін оңай ұтып, жартылай финалға дейін жеттім. Одан кейін Гектор Винетпен күш сынастым. Куба қабыланы менен әлдеқайда алымды көрінді.  Шыны керек, сол кезде мен қола медальді иеленгеніме риза болдым. «Жай ортаң қол боксшыға емес, Олимпиада мен әлемнің бірнеше дүркін чемпионына есе жібердім» деп өз-өзімді жұбаттым. Қазір қарап отырсам, Атлантада үлкен ағаттық жіберіппін. Менің Олимпиаданың алтын тұғырына көтерілуіме тамаша мүмкіндігім бола тұрып, соны қалт жібердім. Қазір мен жастарды баптап жүрмін. Әр жаттығуда, әр сәт сайын өз шәкірттеріме сондай қателікке бой алдырмаңдар деп қайталаудан жалыққан емеспін. Ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Кезінде мен де «болашағым алда, әлі алтын алып үлгеремін» деп ойладым. Бірақ келешекте ондай мүмкіндіктің болмауы да мүмкін. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасын өздеріңіз де тамашалған боларсыздар. Жартылай финалда жұдырықтасқан Еркебұлан Шынәлиев те дәл сондай қателікке ұрынды. Ол да мен секілді барды қанағат тұтып, шешуші сәтте белсенділік танытпады. Мен Еркебұланды түсінемін. Өйткені өзім де бір кездері сондай жағдайды басымнан кешірдім ғой.

Мені алдап соққан бапкерлер еді

1997 жылы Алматыда өткен Орталық Азия ойындарынан кейін көпшіліктің маған деген пікірі өзгерді. Ел арасында «Ниязымбетов өзбек боксшысынан қаймығып, рингке шығудан бас тартты» деген әңгімелер де айтылды. Бұл – бос сөз. Мен шаршы алаңды атой салып жүрген кезде Абдоллаев ешкім емес еді. Мен оны ешқашан жақсы боксшы деп есептеген емеспін және есептемеймін де. Кейіннен Мұхамедқадыр зор табысқа қол жеткізгені рас. Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы атанды. Бірақ оның чемпиондық тұғырға көтерілуіне өзбектер мүдделі болды. Әйтегенде, сол белестердің бірде-біреуін Абдоллаев бағындыра алмас еді. Кейін оның қандай чемпион екенін кәсіпқой ринг айқындады ғой. Өзбек жігіті АҚШ-қа барып жұдырықтасып еді, қайта-қайта нокаут алып, бар абыройынан лезде-ақ жұрдай болды.

Орталық Азия ойындарында бәзбіреулер менен ағаттық кетті деп ойласа, қатты қателеседі. Ел намысы сынға түскен сәтте тартыншақтап қалған кезім жоқ. Жекпе-жек барысында қолым морт сынып, қабағым қақ жарылғанда да ешкімге есе жібермеуге тырыстым. Ал егер жанкүйер қауым Алматыда болған оқиғаның анық-қанығын білгісі келсе, қысқаша баяндап берейін. Сол жолы мені қателесуге мәжбүр болған еткен адамдар болды. Құрама команданың тізгінін ұстаған азаматтардың өздері: «Болат, болды демала бер, қарсыласың сенімен жекпе-жекке шығудан бас тартты», – деп алдап соқты. Бапкер айтқаннан кейін сендім. Суды сіміріп ішіп алып, қонақ үйге барайын деп ыңғайланған едім, соңымнан іле-шала қуып келген жаттықтырушының: «Ойбай, қайда барасың, жекпе-жек болатын уақыт жақындап қалды. Жүр салмағыңды өлшейік», – демесі бар емес пе. Ал енді не істеймін деп дал болдым. Өйткені су ішкеннен кейін салмақ едәуір өседі ғой. Ал сүт пісірім уақытта артық салмақтан арылу мүмкін емес. Біраз жүгіріп терлегендей болдым, бірақ бәрі бекер еді. Таразыға тұрсам, салмағым рұқсат етілген межеден едәуір асып кеткен. Соның кесірінен жекпе-жекке шықпадым.

 

Амалдың жоқтығынан қатарға қосты

Орталық Азия ойындарынан кейін бапкерлер маған қырын қарай бастады. Елдегі өзге боксшылардан көшім ілгері болса да, жарыстарға апармай, әбден мезі етті. Бұл жағдай ауыр тиді. Содан былғары қолғапты шегеге ілуге бекіндім. Біраз уақыт жаттығуды доғарып, Таразда тынығып жүргенмін. Сол кезде Алматыға Куба құрамасы келіп, қос команда бірлесіп, оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан. Ал алда матчтық кездесу өтеді деп жоспарланған. Естуімше, қазақстандық бапкерлер 63,5 келі салмақтағы Диагонес Лунаға кімді қарсы қоярларын білмей, әбден дал болып жүргенге ұқсайды. Куба қабыланы өзіне қарсы шыққан біздің жігіттердің барлығын сабап тастаған екен. Алматыда өз көрермендердің көз алдында жергілікті боксшы еден құшып жатса, ел-жұрттан ұят қой. Содан бапкерлер «Лунаға қарсы кімді шығарамыз» деп мәселе көтеріпті. Сөз кезегі атақты Станислав Болдыревке тигенде, ол кісі: «Шұғыл түрде Ниязымбетовты шақыртайық. Кәрі қасқыр ғой, кубалықтың тілін жалғыз сол ғана таба алады», – деп кесімді сөзін айтыпты. Бұл ұсыныс кейбір мамандардың шамына тисе де, амалдың жоқтығынан келісті. Сөйтіп, мен тағы бір мәрте өз жанкүйерлеріммен қауышу құрметіне ие болдым. Бұл жекпе-жек маған ауырға соқты. Луна өте қарулы боксшы екен. Мен ашық айқасқа барсам, опық жейтінімді түсініп, бірден айлаға көштім. Ақыры Куба боксшысын ұттым. Бірақ содан кейін де бапкерлер шеттетулерін қоймады. Жауапты жарыстарға апармағаннан соң, мен 26 жасымда спорттан қол үзуге бел будым.

Бапкердің қадірін бапкер

болғанда ғана түсінесің

Кезінде ұлттық құраманың бас бапкері марқұм Әбісалан Нұрмаханов екеуміз жиі «тіресетінбіз». Сонда: «Осы кісі неге маған қайта-қайта киліге береді екен. Менен басқа тиісетін ешкім жоқ па?», – деп ойлайтынмын. Кейіннен Атланта олимпиадасы аяқталғаннан соң Алатау баурайында үлкен бір отырыс өтті. Сол жерде бүкіл дүйім жұрттың алдында ағамыз: «Болат, кезінде саған жиі тіс батырғаным рас. Бірақ бұл әрекетім сені жек көргеннен немесе алалағаннан емес. Сәл еркелетсем, босаңсып кете ме деп қорықтым. Ал ел намысын қорғайтын жігіттердің үнемі бабында болғанына не жетсін. Сені қатты ұстағанымның себебі де сол», – деп ағынан жарылды. Қазір ойлап отырсам, Әбдісалан ағамыз шын мәнінде көреген, данышпан адам болған екен. Сол кісіні өзім бапкер болғанда ғана түсіндім.

Жамал ҚАМАШ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған