Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!

Алаш  рухын  дәріптеу  бүгінгі  ұрпақтың  парызы. Алаш  үкіметі  һәм  алаш  арыстары өткен  ғасырдың  басында өзге жұртпен терезесі тең, тәуелсіз, бостан мемлекет құруға тырысты. Сол жолда алысты,  арпалысты.  Құрбан болды. Бірақ олардың еңбегі, күресі зая кеткен  жоқ. Елдің есінде, жұрттың жадында  қалды. Жуырда ғана қазақ киносы алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатовқа  арнаған жаңа телехикаямен толықты. Кино көрерменге жол тартқаннан-ақ көпшіліктің жүрегін баурап алғаны рас. Ал фильмнің жақсы шығуы үшін әлбетте актердің шеберлігі маңызды. Осы орайда, алаштың арда  ұлы Міржақыптың рөлін сомдаған актер Бақыт Қажыбайды әңгімеге  тарттық.  

– Бақыт мырза, «Міржақып. Оян қазақ!» фильмі көрсетілімге шыққаннан-ақ қалың көпшіліктің көңілінен орын алды. Фильмнің сәтті шығуы үшін түсірілім уақыты да ұзаққа созылған шығар.

– Жоқ, керісінше, түсірілім уақыты ұзаққа созылмады. Толыққанды барлық проекті небәрі екі айда түсіріліп бітті. Негізі тарихи кинолардың түсіріліміне көп уақыт берілсе, мүмкін бұдан да керемет шығар ма еді деп ойлаймын. Уақыттың тапшылығынан асығыс түсіріліп, қиналған кездеріміз де болды. Киноға түскеннен кейін қандай кемшіліктері бар екенін өзіміз ғана білеміз. Атап айтсақ, түнгі түсірілім кезде таң атып кетіп, күн шығып, күн батып, мерзімдік жұмыстарына үлгермей қалып жататынбыз. Сол себептен, үнемі асығып жүру біршама кедергілер келтірген еді.

— Жалпы, ұлы тұлғаны алып шығу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сізге осы рөлді ұсынғанда қандай күйде болдыңыз?

— Рөлді алғанда ең бірінші қатты қуандым. Кейін жауапкершілігін сезініп, уайымдаған кездерім де болды. Өйткені актер болғаннан кейін қалай болады екен деген мәселелер мазалайды. Бірақ осы фильмге түсе жүріп, Мұрат Есжанның жақсы сценарист, мықты режиссер екенін байқадым. Режиссер ретінде көңілімнен шықты. Әрі оның дегеніне жете алатын азамат екеніне көзім жетті. Сондай-ақ оның Алаш арыстарына деген махаббаты шексіз екенін байқап, «Оян, қазақты» жақсы алып шығатынына сенім білдірдім. Енді актерға үлкен жауапкершілік артып отырғаннан кейін, өзім де рөлді жақсы алып шығу үшін бар күшімді салып, дайындалдым десем болады.

Жалпы бұл рөлге кастинг арқылы келдім. Кастингте ең қиын сахнаны түсіру барысында өттім деп ойлаймын. Ал келбетім жағынан өзімді Міржақып атамызға қатты ұқсатқан емеспін. Бірақ Мұрат Есжанның таңдауы маған ауғаннан кейін, түр-тұлғамыз болмаса да, жан дүниемізбен ұқсап бағуға тырыстым.

— Осы уақытқа дейін сіз Ахмет Байтұрсынұлының киносында да Міржақып Дулатұлының рөлін сомдадыңыз. Бір рөлді қайта ойнай жүріп, ол кейіпкердің образынан шығу қиын болмады ма?

— Бір кейіпкердің рөліне түбегейлі еніп кетуі дегенді түсінбеймін. Өйткені театрда күнделікті ойнап жүргеннен кейін бірнеше адамның образын сомдаймыз. Бір рөлден екінші рөлге ауысып отыру – кез келген актер үшін қалыпты жағдай болуы қажет секілді.

— Халық сіздің рөлді алып шыққаныңызға дән риза. Ал сіз өз-өзіңізге, яғни рөлді алып шыққаныңызға қандай баға бересіз?  Мүмкін, ішіңізде «әттеген-ай» деген сәттеріңіз бар шығар.

— Бағаны әрине, халық береді ғой. Бірақ «қап, әттеген-ай» деген сәттер көп болды. Оның бәрін айту дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Негізі өз кемшілігімізді өзіміз көріп отырамыз. Кейде мына жерін былай, мына жерін басқаша ойнау керек па еді дейтін сәттер де аз емес. Сол үшін актер бір образды сәтті алып шығуы үшін 10 түрлі нұсқамен келуі керек. Ойланып-толғанып, шынайы образ жасап, өмір сүргіңіз келсе, сахнада барынша мықты болып шығуға көңіл бөліп, көп дайындалу қажет. Енді «әттеген-айлар» болғаны да дұрыс шығар. Себебі, бұл келесі фильмдерге түсу үшін, әрі бір қателікті қайталамас үшін үлкен сабақ болады деп ойлаймын. Бастысы, бұл фильмде  алаш  рухын  оята  алсақ, ең  үлкен жетістік сол болмақ. Телехикаяда тар жол, тайғақ кешу кезеңінде, ұлты үшін жан алып, жан  беріскен алаш арыстарының бейнесін дөп бере алдық деп ойлаймын.  Көрермендердің әлеуметтік желіде жылы пікір білдіргені соның бір дәлелі шығар.

— Фильмге түсе жүріп, тұлғаның бойынан өзіңізге қандай жақсы қасиеттерді ала алдыңыз?

— Елге, отанға деген махаббатым ашылды. Осы күнге дейін мен не бітірдім, не істедім? Елге қандай пайдамды тигіздім деген үлкен сұрақ туындады. Әрі отаншылдық, рухшыл қасиетім ұлғайып, көп нәрсені тереңінен ойлауға дағдыландым.

— Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» деп ұрандатқанына 100 жылдай болды. Бірақ халқымыз әлі күнге оянбай, барлық елдің артында қалып барамыз. Қанша байлық болса да, игере алмай, рахатын көре алмай келеміз. Сіздің жаныңызға осы мәселелер батады ма?

— Әрине, батады. Бұл жаныма бұрыннан бататын күнделікті құбылыс. Өмірде жай ғана базарға шықсам да, қазақ баласының арба итеріп жүргені, қақаған суық пен ыстық күнде құрылыста жүргені, кеше ғана қалаға келіп, күзетші болып, ауыр жұмыс жасап, болар-болмас ақша алып жүргендері жаныма батады. Бұл тек менің ғана емес, әрбір қазақтың жанына бататын дүние. Қазақ баласының оқу-білім деп емес, қара басының қамы үшін арзымайтын ақшаға жұмыс істеп жүргендері өте өкінішті.

— Сізге бұдан басқа тағы қандай рөлдер оң жамбасыңызға келеді? Жеңіл, комедиялық рөлдерді де алып шыға аласыз ба? Әрі ұлы тұлғалардан алдағы уақытта тағы кімдерді сомдағыңыз келеді?

— Актер болғаннан кейін кез келген рөлді сомдаймыз. Бір рөлді ойдағыдай алып шығу сценарийге де, режиссерға да байланысты. Негізі барлығы бірінші сценарийден басталады. Өйткені сценарий әрбір құрылымның бастауы, фундаменті саналады. Сценарий мықты болса, өзін-өзі алып шығуы мүмкін. Кейде бір рөлдің, яғни бір кейіпкердің образы мықты болып, сол алып шығуы да мүмкін жағдайлар көп.

— Сіз үшін театрда ойнаған оңай ма, әлде киноға түскен оңай ма?

— Екеуі де бірдей, екеуі де ұнайды. Ал жауапкершілікке келсек, екеуінің де жауапкершілігі көп. Театрдың да, киноның да өзіндік қиындықтары бар. Мысалы, кинода кейіпкердің болмысын жан дүниеңмен 100 пайыз ойнап, шабытың ашылып келе жатқан сәтте әйтеуір бір кедергілер болып, ойыңды бұзып жібереді. Мәселен, техникалық құралдардың, яғни батареяның отыруы, дыбыс жасайтын жігіттердің петличкасы істен шығып, киімге тиіп кетіп, артық дыбыстардың жазылып кетуі секілді кедергілер кездесіп, үзіп жібереді. Бұл бүкіл жан дүниеңмен беріліп ойнаған сәтіңді сылып тастағандай күйге түсіреді. Қайтадан сол бір сәтті түсіру үшін бүкіл жан дүниеңді басынан бастап қайта қозғап, рөлге кіруіңе тура келеді. Бұл оңай дүние емес. Және әрбір кадрды, әрбір дубльді бір-біріне ұқсас болуы үшін, сол сәттерге дайын болып, өз-өзіңді пісіріп отыруыңа тура келеді. Ал театрда бір бастаған рөліңді спектакльдің аяғына дейін тоқтатпай алып шығасың. Яғни, ешқандай кедергі болмайды. Спектакль басталды, сахна ашылды, ары қарай күнделікті ойлап жүрген дүниелеріңнің бәрі ұмыт болып, бір кейіпкердің образына толықтай еніп, шабытың үдей түседі. Сол себептен, театр мен кино бір-бірімен салыстыруға келмейді.

Ал алдағы уақытта амандық болып жатса, тағы да үлкен тұлғалардың рөлін сомдасам деген арманым бар. Өйткені өсе келе, түрің де өзгереді. Әрі елімізде әлі түсірілмеген ұлы тұлғаларымыз да көп қой. Ал нақты қай тұлғаны ойнағыңыз келеді деген сұраққа келсек, құпия түрде қалғанын қалаймын.

— Қазір елімізде қандай кинолардың түсірілгенін қалайсыз? Әрі кейінгі шығып жатқан жеңіл-желпі киноларға көзқарасыңыз қалай?

— Жалпы көрермен аудиториясы әртүрлі ғой. Біреуге тарихи кинолар ұнаса, біреулерге ұнамауы мүмкін. Бірақ «Міржақып. Оян, қазақ» фильмінен кейін көпшіліктің пікірін, жазбаларын оқысақ, көп адамның ойы да өзгеріпті. Мәселен, біреулері «бұрын тарихи киноларды көрмеуші едім, бұл кино қатты ұнады, тамаша әсер алдық» деп жазған екен. Осылайша, адамдардың көзқарасын өзгерте білсек, жақсы нәрсе ғой деген ой келді. Егер бұрын ол кісі тарихқа мән бермесе, зерттемесе, қарамаса, біздің сериалымыз, яғни Мұрат Есжан бастаған бауырларымыз сценаристер Ұларбек пен Ұшқынның  жасаған еңбектері ұнап жатса, бір қазағымның ойын өзгерте білсек, бұл үлкен дүние деп ойлаймын. Жалпы тарихи кинолар көп түсірілсе, болашақ ұрпаққа да, өзімізге де керек нәрсе.

Ал комедия деген жалпы көңіл көтеріп, уақыт өткізуге жақсы. Енді көбі тарихи киноларды көре бермегендіктен, арасында мұндай кинолар қажет деп санаймын. Бірақ күлдірудің де мағыналы, әдемі тұстары, айтар ойы бар комедия болса, нұр үстіне нұр болар еді. Күліп отырып, адам үлкен сабақ ала білуі тиіс. Ал енді күлдіру үшін жеңіл-желпі, ерсі тұстары көп комедиялардың түсірілгенін құптамаймын.

Кино – қай жерде де болсын, үлкен күш саналады. Кино арқылы жақсы дүниелерді насихаттауға болады. Сапалы қазақ кинолары жақсы жағынан дамыса, тек қана қуанамыз.

— Кинотеатрлардың көбісінде ойлы, салмақты кинолардың орнына, жеңіл-желпі кинолар тез өтеді деп жатады. Қаншалықты рас деп ойлайсыз?

— Оны табыс көзін көздеген адамдар айтатын шығар. Енді халыққа не өтеді, соны көрсеткісі келеді. Ондай кинолардың бір елдің экономикасына тигізіп жатқан көмегі де бар шығар. Бірақ жеңіл-желпі кинолардан, болашақта бәрі түптің түбінде шаршайды деп ойлаймын. Қашанғы бәрі ондай киноларды көре береді. Әйтеуір бір күндері тарихи кино, жан дүниесін тебірентер кинолардың да заманы туады. Жақсы кино әрқашан да көрерменнің есінде қалады. Ал өзім кинолардың ойлылығына, сценарийіне, актерлардың шеберлігіне қарап, баға беремін.

— Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

— Жоспар өте көп. Театрда да бітпеген жұмыстарым бар әлі. Одан бөлек, түсіп жатқан киноларымды бітіріп тастасам деген ниет бар. Амандық болса, алдағы уақытта да біраз жұмыс атқарамын деген сенімдемін.

— Уақыт бөліп сұхбаттасханыңызға көп рақмет!

Бифат ЕЛТАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған