Опасыздық деген – осы

Шала өтірік болса да «Қазақстанда жасалған» деген автокөліктер қазақстандықтарға жетпей жатыр. Салонда жоқ. Халық айлап-жылдап кезекке тұрып жатқанда, біздің «Made in Kazakhstan» деген жаңа мәшинелеріміздің небір модельдері Ресейдің автосалондарында тып-тыныш сатылып жатыр екен.

Рас-ау. Қазақстандықтар отандық автокөлікке қол жеткізе алмай, жеңілдетілген автонесие үшін қырылып кезекте тұрып жатыр. Күні кеше Facebook әлеуметтік желісінің Ерлан Сәкенов есімді қолданушысы Омбыдағы KIA автосалонына кіріп шығыпты. Ол былай жазады:«Омбының автосалонында Қостанайдан шыққан жаңа KIA мен Алматыдан жеткізілген Hyundai көліктері толып тұр. Бағалары біздегіден сәл қымбаттау, бірақ бастысы, көлік бар. Тіпті, мұнда жоқ көлікке тапсырыс берсеңіз, үш аптадан кейін Қазақстаннан жеткізіп береді екен, сатушылардың сөзінше.

Бір жағынан, отандық өніміміздің экспорты үшін қуанар едік, егер осындай алыпсатарлардың кесірінен, Қазақстандағы автосалондардағы көлік тапшылығы қолдан жасалмағанда. Біз алдымен, өз еліміздің сұранысын қанағаттандыруымыз керек қой», – деп жазады ол.

Ащы шындық солай боп тұр. Отандық автокөлік өндірушілері өз азаматтарынан бұрын көрші елдің мүддесін жоғары қояды. Ресейде қазақстандық көлікті қазір алсаң да дайын тұр, ал Қазақстанда кезекте тұрып, қазақстандық көлікті бір жыл күт дейді. Бұл Отанға, өз хақыңа жасалған опасыздық емей немене?!

Әділ АҚЫЛБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған