Түсінген кісіге Қазақстанның ішкі, сыртқы саяси жағдайы өте ауыр кезеңде тұр. Жау шақырып отырған жоқпыз. Бірақ Ресей мен Украина арасындағы соғыстың сызы бізге де сезіледі. Зеленскийдің беймезгіл соққан қоңырауы, Байденнің Киевке сапары, ҰҚШҰ-ның Беларусь жерінде өткізетін әскери жаттығуы, ұйымдағы Иманғали Тасмағамбетовтің бас хатшылық қызметі – осы жағдайлардың бәрі өрмекшінің торындай тұтасып, бәрі бір уақытта болып жатыр.
Кіріспені не үшін сыртқы саяси жағдайлардан бастағанымызды түсіндіре кетейік. Дәл қазір Қазақстанның ішінде жау көп. Жау болғанда, билікке бақ таласып отырған дәу-дәу кландарды меңзеп отырған жоқпыз. Сырттан жем жеп жүрген кішкентай жаулардың да азулы, арқалы екенін ескерткеніміз бұл.
Естеріңізде болса, былтыр 29 қарашада «чат рулетка» деген әлеуметтік желіде қазақстандық үш жігіт өзін Ресей азаматымын деп таныстырған біреумен видеоқоңырау арқылы әңгімелеседі. Желідегі әңгіме қыза келе, біздің азаматтар Ресейдің Қазақстанға шабуылын қолдайтынын айтып, бетперделерін сыпырып тастайды. Заң бар-ау, бәле болады-ау деген біреуі жоқ, ашық-әшкере соғып отыр. «Жау жоқ деме, жар астында» деп, бұрынғылар бекер айтпаса керек. Видеоқоңыраумен тілдескен жігіттер: «Орал қаласынан бастап, Чапаев ауылына дейін Ресейге беру керек» деп өзеуреп, мәлімдеме жасайды.
«Оралды Чапаевқа дейін алыңдар. Қолымызға қару беріңдер! Тек бізге «рұқсат» берсеңдер болды. Бәріміз кетеміз. Қазақстанды алып кетеміз. Біз бұрыннан дайынбыз. Тек күтіп отырмыз», – дейді қазақтың нанын жеп, суын ішіп, орманға қарап ұлыған жатмерездер.
Сол күнгі әңгіме-сұхбаттан кейін «Уральская неделяның» журналистері полицияға арыз жазады. 30 қарашада мәлімдеме жасаушылар анықталады. Олар Василий Худабердыев деген ер адам, 18-20 жастағы жігіт және кәмелетке толмаған бала болып шығады. Не керек, айтарын айтып, құсарын құсып, әлеуметтік желіде бірнеше мың адамның санасын улап, артынан түк болмағандай, кешірім сұрап отыр. Видеоүндеу жолдап, құтылды да кетті.
Ел ішіне іріткі салған ондай сыңар езулердің жазасы ауыр болуы керек еді. Істің мән-жайын сұраған редакцияға полицияның берген жауабы мынау: «қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс тоқтатылды» – депті. Сонда сепаратизм Қазақстан полициясы үшін қылмыс болмай тұр ма? Мемлекеттік тіл үшін күрескен Қуат Ахметовты ит қосып қуып, шекара асырып жіберген жоқпыз ба? Ал Қазақстанның жерін басып алыңдар, біз дайынбыз, қару беріңдер деп елді арандатып отырған келімсектерге берген жазаның түрі осы ма?
Заң – бәріне ортақ деп Конституцияға бадырайтып жазамыз да, елдің ішін алатайдай бүлдірген жүгенсіздерге жұмсақ мәміле жасаймыз. Бұл қалай? Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі, орыс ұлтына деген айрықша көзқарастардың бәрінің артында Мәскеу тұрғанын іштей сеземіз. Бірақ жерге қатысты сепаратистік мәлімдемелерге жұмсақ саясат жарамайды. Қазақстан өз ұстанымын әр уақыт ашық білдіріп отырмаса, миын Мәскеу шайған теріскей облыстардағы теріс пиғылды жерлестеріміз солтүстік пен батыс аймақтар – Ресейдің жері деп өзеурегендерін ешқашан қоймайды.