Медеу Арынбаев: Фонограммаға мүлдем тыйым салу қажет

Қазақ эстрадасында жанды дауыста ән айтатындар қазіргі уақытта өте сирек. Ал сол сирек саналатын тұлғалардың бірі – Медеу Арынбаев екені бәрімізге мәлім. Оның әрбір орындаған әні, жүрегінен шыққан төл туындылары қаймана қазақты елжіретпей қоймайды. Міне, осындай азаматтың еңбегінің еленгені болар, жақында Медеу Арынбаев Қазақстан Композиторлар одағына мүше болып кірді. Бүгінгі сұхбатымызда өнер иесімен өмірі мен өнеріндегі жаңалықтары һәм қоғамдағы саяси оқиғаларға көзқарасы туралы әңгімелестік.

— Медеу аға, еңбегіңіз еленіп, Қазақстанның Композиторлар одағына кіріп жатыр екенсіз. Құттықтаймыз! Жалпы қай уақыттан бастап ән жаза бастадыңыз?

— Құттықтағаныңызға рақмет! Кеше ғана Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров ағамыз Астана қаласынан арнайы ұшып келіп, Композиторлар одағына кіргенімнің айғағы ретінде куәлігімді тапсырды. Негізі ол кісінің қабылдауында болып, жай ғана тапсыра салуына да болушы еді. Бірақ мен осындай қуанышты жағдайда сазгерлікке жақын әріптестерімнің, достарымның жанымда болғанын қаладым. Әрі бұл куәліктің не үшін тапсырылғаны туралы артық әңгіме болмасын деген ойым еді. Жалпы композиторлықта жүргеніме 25 жыл болыпты. 1997 жылдардың басында алғаш рет ән жаза бастадым. Бірақ ол әндерді үлкен сахнаға алып шығуға жүрексіндім. Өйткені ол кезде қазақтілді ақындармен жақсы араласпағандықтан, орыс тілді әндерді шығарып жүрдім.Тіпті өзімді жай әнші ретінде санап жүрдім. Дегенмен де мен эстрада да, республикалық байқаулар мен «Азия дауысында» жүріп, көптеген әндерді орындадым. Бірақ Алланың маған берген сазгерлік өнері болар, мүмкін, өзіме ерекше ән керек болып, әрі оған сай өз композиторымды таба алмағандықтан, ерекше ән жазғым келді. Өйткені мен конкурстық әндер мен халық әндерінің барлығын айтып болдым. Айта да беремін. Бірақ жас әнші ретінде ізденіп, жеке әнімді айтпадым. Әнді әне жазамын, міне, жазамын деп жүріп, бір сәті түспеді. Сөйттім де екі жыл қатты толғаныста, ізденісте жүріп, қатты қиналдым. 1997 жылы әуендер өзінен-өзі шыға бастады. Ең бірінші әнім – «Когда нибудь» деп аталады. Осылайша, алғашқы әндерімді орыс тілінде шығарып жүрдім. Кейін қазақы сарында, кең тынысты, мажор стилінде, қуаныш пен шаттыққа толы бір ән ойыма орала берді. Бір күні ол әуен ішіме сыймай, Шөмішбай Сариев ағамыздың үйіне барып, ұсынысымды айттым. Ол кісі сол әуенге сөзін жазып беріп, «Дәурен-ай» деген ән шықты. 1998 жылы 8 қараша күні үйлену тойымда жұбайыма арнап, әннің тұсауын кестім. Артынша өзге де әндерім жарық көрді. Жиырма бес жылдың ішінде 80-ге жуық ән жазыппын.  Оның ішінде 60-қа жуығы тыңдарманға жетті. Әлі де жарыққа шықпай, ақынын таппай жатқан әндерім де жатыр. Былтыр 55 жасқа толған мерейтойымда таңдаулы 50 әнімді жинақтап, жеке альбомымды шығарып, келген қонақтарға сыйладым.

Қазір өнерде белгілі бір бақылау жоқ. Себебі, кезінде сахнада ән айтылмас бұрын әннің сөзін жазған автор мен әнін жазған автор хабарланып отыратын. Қазір бұл үрдіс жойылып кетті. Сондықтан қазір қай ән қай автордікі екенін білмейтін болдық. Осы орайда, өнерге тиісті министрлік осыны бақылап, қайта қалпына келтірсе деп ойлаймын. Ал бұлай болмаған жағдайда, автордың бар еңбегі зая кеткенмен бірдей саналады.

— Өміріңіз бен өнеріңізде қандай жаңалықтар болып жатыр?

— Басты жаңалық жоғарыда айтып өткен «Композиторлар одағына қабылданғаным деп білемін. Екінші жаңалық, негізі өнерде жүргеніме 35 жыл болған екен. Өткен жылы сахнада жүргеніме 30 жыл болды деп айтып жүргенмін. Ал шындығына келгенде, менің сахнада жүргеніме 35 жыл болды. Бірақ мен бұған дейін Ташкентте жүрген кездерімді есепке алмай келіппін. Кезінде Өзбекстанның атынан Азия елдерінің арасындағы әншілердің жарысына қатыстым. Қазір, несін жасырамын деп ойлаймын. Бұл да бір үлкен жетістік емес пе?!

Енді алдағы уақытта жеке концертімді өткізсем деген жоспарым бар. Концерт болғанда да екі күндік, екі бөлімнен тұратын болады. Яғни бірінші бөлімінде өзім эстрада-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткізетін концертімде бастан-аяқ ұлы композиторлардың әндерін орындаймын. Бұл қарттарымызға, әр саланың ардагер мамандарына арналады. Өйткені мен қарттарды ерекше құрметтеймін. Сол себептен, жыл сайын қарттар күнінде қарттар үйіне барып, тегін концерт өткізіп тұрамын. Ал екінші бөлім оркестрсіз «бенефис» түрінде өткізіледі. Әрі менің әнімді орындап жүрген әншілер өнер көрсетеді. Олардың ішінде – Роза Рымбаева «Ардағым» деген әнім мен тағы бір жаңа әнімді орындайды. Осындай жақсы дүниелерді ойластырып отырмын.

— Аға, сіз сұхбаттарыңызда өзіңіздің өміріңіз жайлы көп айта бермейсіз. Жалпы сіздің балалық шағыңыз қалай өтті? Бала Медеу қандай болды екен?

— Бойымда ерекше қабілеттің бар екенін бала күнімде сезіндім. Алты жасымда домбыра тарттым. Ол қасиетім нағашыларымнан жұқты-ау деймін. Өйткені кішкентай кезімде нағашыларымның ауылына барып, төрде тұрған домбырасын сүйретіп, үйге қайтқанмын. Өз үйімізде де төрде әкемнің домбырасы ілініп тұратын. Білмеймін, мүмкін үйде жүріп тартынған да шығармын, ол домбыраға тиіспедім. Бірақ нағашымның домбырасына қызыққаныма таңғаламын. Сол уақытта ең бірінші «Елім-айды» үйрендім. Кейіннен «Ақжайық», «Ақбұлақ» әндерін орындап жүрдім. Осы екі әнді сағаттап, есіктің алдында отырып айтатынмын. Спорттан да құр алақан болмадым. Кұрес, жүгіру, доп тебуден алдыма жан салмайтынмын. Әрі өзім тап-тұйнақтай таза бала болып өстім. Анам да менің бұл қасиетімді мойындап, айтып отырады. Одан кейін мен сурет салуға да қызығып өстім. Кейін ес біліп қалған шағымда кептер асырауға ерекше құмарттым. Оңтүстікте Сарыағаштың тумасы болғандықтан, Ташкент бізге жақын болатын. Сол кезде кептерлердің барлығын Ташкентке арнайы барып, алып келетінмін. Жалпы кептер асырау да ерекше өнер. Кептерлерді бақылап қарап отырсақ, олар билейтін, әрі жұптасып, ерекше махаббатпен үйлесім қағатын. Кептерлерді құр асырап қана қоймай, жарыстарға қатыстырып, бірінші орын алып келетінбіз. Бұл да бір сұлулыққа құмар болып өскендіктен шығар.

Ал спортқа қайта оралсақ, күрескенде өте шапшаң бала болдым. Сол әдетіммен ешкімнен жеңілмеуші едім. Спорт жағынан мықтымын деп, аса бір бұзықтыққа да бара қоймадым. Себебі, менің әкем парторг болғаннан кейін, оның атына кір келтірмеуге тырыстым. Әкем не айтады, сол болатын. Әрі әкем «басқа басқа, менің балам жаман әдеттерді жасамауы керек» деп жиі айтып отырушы еді. Анам да басқа балаларға қарағанда, маған ерекше қарайтын. Жалпы өзімді махаббаттан туған баламын деп айта аламын. Осы орайда, үйдегі іні-қарындастарыма «мен махаббатпен туған бала болсам, сендер жай табиғаттың заңдылығымен туған баласыңдар» деп қалжыңдап жүремін. Негізі махаббатпен туған балалар бәрінен озып шығады. Сол себептен де шығар, анамның таяғын жемей өстім деп ойлаймын.

Әкемнің өмір жолына келсек, ол негізі балалар үйінде тәрбиеленіп, өз күшімен парторг болып, абыройлы қызметтерді атқарды. Атамыз Арынбай соғысқа кетіп, оралмаған. Ал әжеміз босанғаннан кейін қатты сырқаттанып қалған көрінеді. Сөйтіп, әкеміз өзімен-өзі өсіп, аяққа тұрған мықты адам. Әкем елге беделді, абыройлы, мықты адам болса, мен қалайша бұзық болайын. Өтпелі кезеңде де өзімді жаман әдеттерден сақтап өстім. Бірақ әкем менің өнер адамы болуыма қарсы болды. Бүйрегім өнерге бұрып тұрғаннан кейін одан бас тартып кете алмадым. Өтпелі кезеңде ансамбльдерге қосылып ән айтып, той тойлап кеттім. Сөйтіп, өзіме керек қаражатты тауып жүрдім. Әкем іштей қынжылып, қарсы болса да, қатты дауыс көтерген емес. Еркін өсірді. Қазір өзім де балаларымды беттерінен қақпай, еркін өсіріп келемін. Баланы әрқашан «ой, байқа, бәле-жаладан сақтан» деп бетін қағып өсірсең, бос болып өседі. Сол себептен, өз еркіне жіберіп, өзінің таңдауына құрметпен қарағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Бұл әкемнің берген тәрбиесі.

— Кейінгі жылдары қазақ эстрадасы құлдырап бара жатқандай күйге түседі. Себебі, қазір бұрынғыдай ойлы әндер азайды. Әрі халықтың жүрегінен орын тапқан бұрынғы әншілер де сахнаға шығуды азайтқан секілді ме, қалай?

— Оның бәрін көріп, сезіп жүрміз. Енді қазақ эстрадасы аса қатты құлдырап кетті деу өткен жылда болған жағдайлардың себебінен деп ойлаймын. Сондай-ақ елімізге Q-Pop стилінің енуі жаны қазақ, тәні қазақ классикалық жанрға үйренген халық үшін құлдырау болып саналатын шығар. Енді қоғам болып, ел болып, ондай дүниелерге сапалы өнермен тойтарыс беру қажет. Өнер болғаннан кейін кино саласына да, әнге еркіндік берілді. Еркіндік берілді екен деп шектен шығуға да болмайды. «Ұйқым келмейді», «ұйықтап кеттім», «кірдім, шықтым» деген мән-мағынасыз дүниелерге сапалы өнермен тойтарыс беру қажет. Сазгер әнін шығара да, табыс таба да алуы керек. Бірақ шектен шықпауы тиіс. Ол үшін республика сарайларына, мемлекеттің қарамағындағы үлкен мекемелерде жөнсіз әндерді айтқызбай, сараптап, саралап, іріктеп шығарған жөн. Айтқысы келеді ме, жертөледе айтсын, мейрамханаларда айтсын. Бұндайлар бұрында да болған. Бірақ жертөлелерде, түнгі клуб, рок клуб секілді лас жерлерде ғана жүретін. Олар үшін сахнаға шығу үлкен арман болатын. Ал енді қазіргі кезеңде мұндайларға тағы да қайталап айтамын, сапалы дүниемен тойтарыс беріп отыру қажет. Жыл сайын «үздік ақын», «үздік сазгер», «үздік әнші», «үздік дыбыс қоюшы» деп анықтап, марапаттап отырған жөн. Бұрын осындай көп болатын. Қазір қайда кеткенін білмеймін, құнды рухани дүниелер жоғалып кетті. Осындай кемшіліктерді айтсақ, жоғарыға қайта-қайта тиіскендей боламыз. Жалпы, өнер, білім, спорт саласы болсын, барлығында өзінің жанашыр мамандары басқаруы тиіс. Сонда ғана мұндайларға тойтарыс бере аламыз. Енді Жаңа Қазақстанда жасақталып жатқан сайлаулар өткізілгелі жатыр. Осы секілді өзге де дүниелер біртіндеп өзгереді деп ойлаймын. Сондай-ақ алдағы уақытта мүйізі қарағайдай тұлғалардың шығармашылық кешін қадағалап отыратын орта керек. Мәселен, Ескендір ағамыз, Әбдірахман Асылбеков, Шөмішбай Сариевтерді, одан бөлек, жазушы, ақындарды еске салып тұратын орта болмаса, ана министрлік, мына министрліктен еш пайда жоқ. Министрлік үкіметке емес, жаңағы мен айтқан одақтың тұлғаларына бағынышты болуы тиіс. Олай болмаса, бәрі бекер.

— Сондай-ақ  қазір сіз секілді жанды дауыста ән айтатындар мүлдем аз деуге болады.  Фонограммамен ән айтып, жұлдыз болып жүргендерге сіздер тараптан «Ұят болады, мұның дұрыс емес» деп айтылмайды ма?

— Енді фонограммамен ән айтуға тыйым салынды. Бірақ бұл түбегейлі фонограммамен ән айтылмайды деген сөз емес. Мәселен, концерт беретін кезде, билетке фонограммамен айтылады деп жазылуы керек. Мен де концертімнің билеттеріне бірінші бөлімінде бастан-аяқ жанды дауыста, эстрада-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді деп жазамын, ал екінші бөлімінің билетіне жартылай жанды дауыста, жартылай фонограммамен айтылады деп жариялауға тиіспін. Осы орайда, республика сарайында, пәленбай мың ақшаға сатылатын концерттерге фонограммаға мүлдем тыйым салу қажет. Өйткені сол концертке ақшасын қиып баратын халыққа обал. Ал енді тегін концерт болса мейлі, жазба дауыспен айтыла берсе болады. Тойға келсек, оған әркімнің өзінің ар-ұяты біледі де ойлаймын.

— Тойларға шығып, ән айтасыз ба?

— Әрине, тойларда ән айтамын. Онда да тойларды салтанатты түрде ашып, той иелерін құттықтап, жанды дауыста халықпен бірге ән саламын. Бастапқыда дистанция ұстап, кейіннен екінші әнде халықтың ортасына кіріп кетемін. Бірақ бір ән айтсам, тағы да әндер айтқым келіп тұратын қомағайлығым бар.

— Қиналған сәтте уайымыңызды кіммен бөлісесіз?

— Ұлым мен қызымды көремін де уайымымды басамын. Бірақ әке болғаннан кейін олармен уайымымды қалай бөлісемін? Арақашықтық сақтаймын. Жан жарымның суретіне қарап, еркелетіп, уайымымды басамын. Сосын достарыммен сырласып,  уайымымның шет жағасын ғана айтып қоямын. Ал көбіне қиын жағдайлардан құтқаратын жалғыз өнерім. Кешкі сағат 19.30-да жарты сағат ән айтып, жаман энергиямды шығарып тастаймын. Содан соң күнделікті кешкі серуенге шығамын. Бұл соңғы 4 жылдан бері қалыптасқан әдетіме айналды.

— Соңыңыздан еретін шәкірт тәрбиелеп жатырсыз ба? Әрі оларға қандай талап қоясыз?

— «Қазақстан дауысы» жобасынан кейін шәкірт тәрбилеуді қолға ала бастадым. Бірақ шәкірттердің ішінде тәрбиеленгісі келетін де, тәрбиеленгісі келмейтін де шәкірттер бар. Бір жағынан, кезінде өзім де жас болған соң, оларға да түсіністікпен қараймын. Қазір Жанғали Әбішовты өнерге тәрбилеп жүрмін. Одан басқа да шәкірттерім болды, бірақ олар игере алмай жарты жолда қалып қойды.

— Елдегі болып жатқан жағдайлар сізді алаңдатады ма?

— Саяси жағдайлардың барлығын іштей саралап, сараптап отырамын. Жоғарыда басты саяси мәселерді айтып кеттім. Жалпы 17 жылдарда Арыстағы жарылысты жүрегіме қатты алып, уайымдадым. Содан «Айналайын қазағым, аз болды ма көрген сенің азабың» деген мәтінмен әнімді шығардым. Бірақ ол ән әлі халыққа жете қоймады. Енді елдегі жағдайды айтатын болсақ, Арыстағы жағдай басталғаннан елде жаман оқиғалар жалғасып кетті. Пандемия басталды. Сол кезде елімізде ештеңеге дайын емес, әлсіз тұстарымыздың көп екенін байқадым. Тек жаратқанға жалбарынып, әрекет етпейтінімізді түсіндім. Әрине, құдайға жалбарыну керек, бірақ әрекет те керек қой. Қоғамда болып жатқан әрбір өзгерістер, қасіреттер жанымызға батады. Мұндай жағдайда өнер азаматы ретінде азаматтық парызымды орындап, «Атамекен», «Отан Ана» әндерін қайта жаңғырттым. Ол әндерде Роза Рымбаеваның орындауында аңсау, сағыныш сезімдері болса, менің орындауымда қаңтар қасіреті, тәуелсіздіктен кейінгі әттеген-ай деген тұстар, дархандығымызды қалай болса солай шашып төккен сәттерді елестетуге болады. Сондай-ақ әнге Дінмұхаммед Қонаев, Заманбек Нұрқаділов, Роза Бағланова, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Нұрғиса Төлендиев, Шөмішбай Сариев секілді қазаққа жаны ашыған тұлғалар ғана кіреді. Осы әндер арқылы халыққа рух беру – азаматтық парызым саналады.

— Әсерлі сұхбатыңызға рақмет!

Бифат ЕЛТАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған