«Алматы жастары» – қол жетпес арман Тоқаевтан шыққан сөз Досаевқа болсын кез

Былтыр жыл аяғында Алматыға келген президент «Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек» деген сөз айтып қалды. Бірақ, Досаевтың былтырғы әрекеті президент айтқан осы сөзге қарама-қайшы.

Иә, алматылық жастарға пәтерлі болу үлкен арман болып отыр. Президенттің сөзімен сабақтас «Алматы жастары» деп аталатын бағдарлама бар. Мақтаулы, өзге өңірлерге бастамашы, үлгі болды дейтіндей. Бірақ былтырғы «Алматы жастары» біраз дауға арқау болды. 100-ге жуық алматылық «Алматы жастары» бағдарламасынан негізсіз өтпей қалдық» деп шу шығарып, Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының алдына да жиналды. Алайда Алматы қаласы әкімдігі «Алматы жастары» бағдарламасының қорытындысы қайта қаралмайды» деп шорт кескен.

Жыл өткен сайын банк беретін қаржыға баспана табу қиын болып барады. Табылса да қала шетінен әзер табылады. Оның үстіне, жыл сайын осы бағдарлама өтер алдында қаладағы барлық пәтерлердің құны шарықтап шыға келеді. Президент мырза, бұл да болса, баспананы жастарға арман етіп отырған бір мәселе деуге болады.

Ал енді бағдарламаның өткізілу барысына келсек, жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Бұл жастар арасында сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Мәселен, былтыр 11 199 адамнан өтініш түскен. Соның мыңы ғана пәтер алды. Байқау барысындағы көптеген заңсыздықтарға орай, Алматы қаласы әкімдігінің берген жауабының қисынына салсақ, жастардың басым бөлігі сауатсыз, алаңғасар, ұқыпсыздай көрінеді. Яғни бар кінә жастардың өзінен «құжаттарын дұрыс өткізбеген», «журналист бола тұра мамандығын дәрігер етіп көрсеткен», «баласы бола тұра оны дәлелдейтін құжатын өткізбеген» дегенге саяды. БАҚ саласы бойынша 187 адам өтініш берсе, соның – 33-і ғана іріктеуден өткен, қалған 154 үміткер құжаттарын дұрыс тапсырмапты-мыс. Ал керек болса…

Жарайды, үміткерлер аңқау, ұқыпсыз, алаңғасар болсын-ақ, ал бағдарламаның негізгі шарттарының бірі – отбасылы болу болса да, нөл баллмен үй алған бойдақтарды қайтеміз?! Керісінше, оншақты жыл жұмыс істеген, 2-3 баласы, отбасы барлар 20-30 баллмен өтпей қалғандар ше? Мәселен, былтырғы іріктеуден іркілмей өткендердің арасында 0 балл алған үш үміткер бар екен. Алайда Алматы қаласы әкімдігі 0 балл алғандардың іріктеуден қалай өткеніне еш түсініктеме бермей, мәселені жылы жаба салды.

Бағдарламаға қатысып, іріктеуден өтпей қалған үміткерлерден сұрастыра келе, құжат жүзінде жасалған біраз астыртын жайтқа қанық болдық. Солардың бірі – құжаттарын толық өткізген Гүлнұр Әліпбай есімді әріптесіміз. Бар құжатын өткізсе де, зейнетақы түсімдері туралы анықтамасы өшіп кеткен. Тағы бір жас отбасының балаларының туу туралы куәлігі жоғалып кеткен. Онлайн порталға салған құжаттар қайда кетуі мүмкін? Жарайды, әкімдік «сүттен ақ, судан таза» екен. Бар бәле порталдан болса, ең болмаса бағдарламаға жауапты порталдың талапқа сай жұмыс істеуіне әкімдіктің жауапкершілік ала алмағаны ма?! Алматы қаласы әкімдігінің жауапкершілігін көтермей, алматылық талай жастың арманы аяқасты бола береді!

Былтыр бағдарламаға қатысып, өтпей қалғандардың бірі – алматылық Ғалия Базарлықызы: «2012 жылдан бері білім саласында жұмыс істеймін. «Алматы жастары» бағдарламасына алдыңғы жылы өтпей қалғанмын. Былтыр тағы өтпей қалғандардың тізімінде тұрмын. «Жылжымайтын мүлік» деген анықтама қағазын Алматы қаласы бойынша жүктегенім үшін өтпеппін. Бірақ былтыр дәл осылай жүктегенмін, әрі резервке ілінгенмін. Биыл тіпті резервке де ілінбегендіктен, бара-бара бағдарламаға іліну үмітім өшіп барады. Сонда былтыр дәл сондай әдіспен жүктеген құжатым саналады да, биыл неге жоғалып кетеді?» – дейді.

Тағы бір әріптесім Бифат Елтай да «Менің бағдарламадан өтпеуімнің себебі – «саланы дұрыс таңдамағандықтан» екен. Яғни журналистер саласын емес, «денсаулық сақтау саласын таңдағандықтан өтпей қалдыңыз» деп жазыпты. Жазып қана қоймай, мені «денсаулық саласының қызметкері» деп көрсеткен. Содан көптен күткен, үміттенген бағдарламада өз санатымнан жаңылысатындай не сауатсыздық таныттым екен деп, «Алматы жастары» сайтына кіріп, өтінішімді қайта-қайта қарап шықтым. Бірақ онда бәрі дұрыс, журналистер санатын дұрыс таңдап, жазыппын. Осыдан-ақ бағдарламаға жауаптылардың ашық түрде заңсыздық жасағанын түсіне беруге болады» дейді.

Ал жоғары оқу орнында жұмыс істейтін – Алтынай Әдеп бағдарламаға құжаттарын онлайн жүктегенін толықтай видеоға түсіріп те алған. Десе де «құжаттар толық жүктелмеген» деген хабарлама алып, өтпей қалғанына аң-таң. «Төрт бала, он бес жыл тұрмыстамын, еңбек өтілімнің өзі он жыл. Шамамен 40-тан аса балл жинап тұрмын. Алайда жыл сайын түрлі сылтаумен өтпей қаламын. Былтыр үшінші рет қатысқан едім» дейді. Тізе берсек, мұндай мысалдар өте көп.

Мәселеге орай заңгер Кәрібай Тасшабаевқа хабарластық.

«Рас, құжаттардың жоғалып кетуі көңілге күдік ұялатпай қоймайды. Үй алуға үміткерлер әрине құжаттарын түгендеп тапсырары анық. Ал оны әкімдік тарапынан жай ғана түгел тапсырмапты дей салу күлкілі, әрине. Сондықтан мұның барлығы – баспаналы болуға мүмкіндігі жоғары, өзгелерге қарағанда балы көп кандидаттарға жасалған қасақана әрекет сияқты көрініп отыр. Тіпті осы бағдарламаға үш рет қатысып, балы жоғары бола тұра өтпей қалуы, ал былтыр нөл балмен өтіп кетушілердің болуы көңілге көп күдік ұялатады. Мұндай құқықбұзушылық бар жерде, әкімдік егжей-тегжейлі түсініктеме беруі керек еді. Осындай жайттар жастардың жігерін құм етіп, мемлекеттің бастамаларына қырын қарауға әкеліп соғады» дейді.

Жастардың жігерін жасытқан бағдарламадан қала әкімі Ерболат Досаевтың хабары бары анық. Бірақ жұртқа ұрысқаннан басқа қолынан ешнәрсе келмейтін шаһар басшысы соңғы екі жылдың өзінде мемлекеттік бағдарламаның сүйкімін кетіріп-ақ болды. Бойдақтарды өткізіп, балалы-шағалы жас отбасыларды сызып тастау – тікелей Досаев командасының ісі. Ерболат мырза Алматыны жастардан қызғана ма, әлде қол астында болып жатқан бассыздықтардан хабары жоқ па? «Алматы жастары» бағдарламасы басқа емес, ең алдымен, қала әкіміне абырой әперетін жоба. Егер Досаев заңсыздықтарға қасақана жол берсе, онда жауапкершілік өзінің ар-намысына артылады. Ал тұрғын үй мәселесімен айналысатын қызметкерлерінің жымысқы ісін білмей қалған болса, мәселе заңмен шешілуі керек. Осындайда Алматыны қазаққа толтырған Заманбек Нұрқаділовтің батыл шешімдері жетпей тұратын сияқты…

Алматы қаласы әкімдігі бәрін жастарға жауып, өздеріне шаң жуытпай отыр. Ал бағдарлама жыл сайын осылай өте берсе, нағыз мұқтаж жандар Президент айтпақшы, арманда кететін секілді. Жылдар өте тіпті жастар санатынан да сызылып, үйсіз қалады. Былтыр осылай шулатқан Досаев жыл соңында айтқан президенттің сөзіне құлақ асып, биылғы бағдарламаны әділ өткізуге пәрмен берер…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған