Әлиханның қабағы бір ашылмады-ау. Басқа емес, орнында қайта қалатынын естіген сәтте, қуануы керек еді. Өйткен жоқ. Қошанов ағайы Смайыловтың үкіметті жалғасты басқара беретінін жариялағанда, ескі де жаңа премьердің қабағынан қар жауып, сазарып тұрып берді. Бәлкім, алдағы уақыттың бұрынғыдан да қиын болатынын біледі, білгесін, алдағы азапты, абыройсыз жұмысын ойлап қамықты ма екен?…
Онда не үшін ай бойы алашапқын болып, шала шабылып сайлау өткіздік деген заңды сауал тумай ма? Әрине, үкімет ауыспаса, қазақстандықтарды тығырыққа тіреген инфляциямен күресетін жаңа премьер табылмаса, онда бірнеше миллиард теңге шашып сайлау өткізбеу керек еді.
Қоғамда пікір көп. Смайыловтың қызметін қайта жалғастыруын біреулер үкіметті басқаруға білікті кадрдың жоқтығымен түсіндірсе, екінші біреулер «Әлихан – Тоқаев командасының ең сенімді адамы» дегенді айтады. Әлеуметтік желіде үкіметті басқаруға лайықты тұлғалардың бейресми тізімі де жарияланған болатын. Көп дауыс «ұрысқақ әкім» атанып кеткен Ерболат Досаевқа берілді ме, әлде сондай арандату болды ма, Алматы әкімін Астана асырған фотошоптар тарасын. Бір қызығы, Қазақстан үкіметін басқаруға лайықты үміткерлердің басым көбі – Назарбаев өсірген кадрлар. Жаңа өнім жоқ. Осы қисынға сүйенсек, Әлиханның қайта тағайындалуы кадрлық тапшылықтан туындаған жағдайға көбірек келіңкірейтіндей…
Сонымен, Әлихан үкімет басқарғанда не жасады, не жасай алмады? Алғашқы сұраққа жауап табылмайтынын өздеріңіз де іштей сезесіздер. Ал кейінгісіне нұсқа көп. Мәселен, Смайыловтың кезінде инфляция деңгейі асқынып кетті. Қымбатшылық қысып, халықтың кедейлік көрсеткіші бірнеше есе өсті. Әлеуметтік түйткілдер өршіді. Экономикалық саясаттың бетпердесі шешіліп, жұмыссыздардың саны артты, күнкөріс деңгейі түсті. Тарата берсек, Әлихан үкіметінің кезінде көрініс берген көлеңкелі көрсеткіштер көп. Бір қызығы, бүгінгі күнге дейін бірде-бір үкімет басшысы өзіне жүктелген міндетті толық атқара алмағаны үшін ешкімнен кешірім сұраған емес. Керісінше, қызметті уақыттық мүмкіндік көре ме, өз жағдайларын жасап алады да, табандарын жалтыратады.
Смайылов үкіметі туралы әңгіме қозғағанда, халықтың кедейлік деңгейі асқынып кеткенін ашық айту керек. Сонымен бірге биылғы есеп бойынша халық табысының 70 пайызын азық-түлікке жұмсайтын болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл тапқан табысыңыз қарынның қамынан аспайды деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын қазақстандықтардың азық-түлік шығыны 53 пайыз болатын. Сол кезде экономистер шу көтерген-ді: «Кедейлік қамыт кеңірдекке келді» деп. Былтыр 61 пайызға ұшты. Биылғысын айттық. Табысын тамағына жарататын елдердің ішінде қазір Қазақстан көш бастап тұр. Ащы болса да ақиқат: бізбен бір қатарда Африка елдері бар екен. «Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз» деген Шерхан Мұртазаның сөзін қайталауға мәжбүрміз…
Ендеше, қолында билігі болса да, біліктілігін көрсете алмаған үкіметбасы не үшін орнында қалды? Әлихан Смайыловтың жұмысын қайта жалғастыруы нені білдіреді? Әрі ескі, әрі жаңа премьер алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын көтеруге, қазақстандықтарды қаржылық дағдарыстан алып шығуға, жұмыссыздықты азайтуға, елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды еңсеруге қауқары жете ме? Осы сұрақтарды саясаттанушылар мен экономистерге қойдық.
Маман пікірі
Дос Көшім, саясаттанушы:
Смайыловтың орнында қалуы – өзіндік жоспары, экономикалық, әлеуметтік мәселеге жаңа көзқарасы бар мамандардың жоқ екендігінің көрсеткіші. Барлығы бір үйдің балаларындай, бір интернаттан шыққандай… Жүйе бір бағытта ойлайтын, бір тәсілмен жұмыс істейтін, бөлекше ойлай алмайтын қызметкерлерді өмірге алып келеді. Смайыловтың орнына осылардың кез келгенін қоя салуға болады. Олар бір-бірінен тек аты-жөндері арқылы ғана ерекшеленеді. Біреуінің аты – Кәрім, енді біреуі – Серік, тағы біреуі – Иманғали. Ең қызығы, бұлардың «командасы» да бірдей. Біреуінің кабинетінде болғандар, екіншісінің де командасында, үшіншісінің кабинетінде де жүр. Бұлар, өзіміз айта беретін – «қосылғыштар». Қоғамдағы билік жүйесі өзгермесе, атқарушы билік сол қалпында қалады.
Әлихан үкіметінің қолынан ештеңе келмеді. Не инфляцияны ауыздықтай алмады, не бағаның көтерілуін тоқтата алмады. Өткен жылғы инфляция 21 пайызға жетті. Жерінің бестен бірі жаудың қолына түскен, бір жыл қанды соғыстың ортасында отырған, зауыт-фабрикалары қирандыға айналған, энергия көздерінің тоқсан пайызының талқаны шыққан, халқының үштен бірі босып кеткен Украинаның өткен жылғы инфляциясының 26 пайыз болғанын ескерсек, айдың аманында 21 пайыз құлдырауға президентпен бірге тек Смайыловтың кабинеті жауап беруі керек. Оған жемқорлық деңгейінің сол қалпында қалғанын қоссаңыз, бұл үкіметтен қандай қайыр болатыны белгілі деп ойлаймын. Бірақ жоғарыда айтып кеттім, басқа, жаңа топ, жаңа команда жоқ. Билік жүйесі өзгермейінше, ондай жаңа мамандар тобын көре алмайтынымыз да анық.
Мақсат Халық, экономист:
Әлихан Смайыловтың орнында қалуы Қазақстанда ешқандай өзгерістің болмайтынын көрсетеді. Үкіметте «косметикалық» өзгерістер ғана жасалуы мүмкін. Бірақ одан не пайда? Үкіметті зәулім үй десек, үйдің іргетасы шіріген болса, ондай косметикалық жөндеуден не ұтамыз? Ертең үйіңіз құлап қалмай ма? Негізі су жаңа үкімет басшысы келуі керек еді. Министрлер кабинеті кемінде 70 пайызға өзгеруі тиіс еді. Премьер-министр деген қойшы емес, ол тұлға ғой. Жаңа тағайындалған болса, оның қолында бағдарламасы болуы керек еді. Болған жоқ. Үкімет басшысы елдің көшін сүйрейтін, әлеуметтік-экономикалық саясатын жасайтын адам. Орнында қалатынын баяғыда білді. Аяқ астынан естіген жоқ қой. Неге дайын болмады? Бұдан былай Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік саясатын қалай жүргізетінін, инфляциямен қалай күресетінін айтып, жаңа сайланған мәжіліс депутаттарының алдында уәдесін беруі керек еді. Айтқан сөзін орындай алмаса, орнын босататынын Ант бермесе де, аңғартуы керек еді. Смайылов оның бірін де жасаған жоқ. Салқын тыңдады, суық қабылдады.
Қазақстанда бүгінгі күнге дейін бірде-бір премьер-министр жұмысын дұрыс атқара алмағаны үшін жауапкершілікке тартылған емес. Жауапкершілік болмағандықтан, кім болса да, немқұрайды қарайды. Содан кейін, үкімет «Аманат» партиясының бағдарламасын жүзеге асырады деп жатыр. Бұл не масқара? Үкіметтің өз бағдарламасы жоқ па сонда? Әлихан үкіметі инфляцияны неге ауыздықтай алмады? Инфляция Смайыловтың кезінде қордаланған дүние емес. Бұған дейін үкіметті басқарған азаматтардың жылдар бойы қордаланған проблемасы. Мәселен, Екібастұздағы жағдай соның айқын көрінісі. Әлихан үкіметінен бірдеме күту өте қиын. Әсіресе әлеуметтік экономикалық блок бойынша қордаланған түйткілдерді шешеді деу өте қате. Министрлер халық өмірінен бейхабар. Халық басқа, бұлар бөлек әлемде өмір сүреді. Халық өте кедей.
Орталық Азиядағы елдер бойынша жалпы ішкі өнім алдыңғы қатарлы мемлекет деп мақтанғаннан не пайда? Оның игілігін қарапайым халық көрмесе? Мұның бәрі жүйеде үлкен олқылықтардың барын көрсетеді. Бізге жаңа үкімет керек. Оның өзінде экономикалық блок бойынша білікті министр керек. Халықтың тұрмысы түзелмей, ішкі өнімнің 100 млрд теңгеге жеткенінен еш пайда жоқ. Билік халықтың кедей екенін мойындап, кедей және жұмыссыз халықтың шынайы санын шығару керек. Халықтың табысын арттыру бойынша нақты бағдарламалар жасалуы қажет. Табысы 100 мың теңгеге жетпейтін халық салықтан босатылуы керек. Ең төменгі жалақы 70 мың теңге деген өтірік әңгіме. Менің ойымша, қазіргі уақытта ең төменгі жалақы 112 мың теңгеден кем болмауы керек. Сонда ғана орташа жалақының өсуіне байланысты ең төменгі жалақы да артады. Осының бәрін ертең емес, бүгін жасауымыз керек.