Жаңа үкімет, ескі әуен

Үкімет доғарысқа кеткендей еді…  Алайда араға апта салмай сол үкімет, сол  құрамда қайта оралды. Бастарынан бақ тайды ма, тек оқшатайдан екі  министр түсіп қалыпты. Бірі – сыртқы істер, екіншісі – энергетика. Бірі – сыртқы саясатта аңдамай сөйлеп, екіншісі – елдегі тұрлаусыз энергетиканы тұрақтандырамын деп жүріп мүлт кеткен болар. Қалғаны – ана бір белгілі әннің сөзін сәл өзгертсек, «Сол Әлихан, сол Скляр, сол Тамара» болып кете  береді. Демек сол қымбатшылық, сол инфляция, сол жұмыссыздық жалғаса  береді деген сөз. Бұл даусыз – аксиома.

Министр болуға лайықты білікті   азаматтар аз ба? Әлде, экс-президент Назарбаев дәуіріндегідей кадр  тапшылығы әлі жалғасуда ма? Ол тұста да қосылғыштардың орнын  өзгерткенмен, қосынды сол қалпында қала береді деген жалпыға ортақ  қағиданы ескермей, бір министрді екінші орынға жылжытып қана отыра  беретін. Онымен қоймай, үкімет өзгерді деп алаулатып, жалаулатып,  жаһанға жар салып жатушы еді. Қазір де сол таз қалпы. Сонда тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарынан бері мемлекеттік қаржыға сыртта оқытып, даярлап келген 13 мыңның үстіндегі болашақтықтар қайда? Шет елдік сақа ілімге  қойны-қоншысын толтырған, сайдың тасындай іріктелген соларды патырлатып, неге қоя бермеске! Түсініксіз.

Жарайды, сонымен Әлихан Смайылов үкімет бұйдасын тағы қолға алды. Айтпақшы, осыдан біраз бұрын «Әй, Әлихан, елге не бетіңді айтасың» деп,  осы «Жас Алаш» бетінде қара санға жуалдыз қадағандай қылып, елдегі тұрмыстың қиындап, қымбатшылық асқынып кеткенін айтқанбыз. Сабазың былқ етпеді. «Үкімет доғарысқа кетеді» дегенді ести сап, келер, яғни «13  премьер құт па, жұт па?» деп, тағы жазғанбыз. Онда жаңа премьер арыстан жүректі, қабылан мінезді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, я  болмаса, ел экономикасының қыр-сырына қанық Мұхтар Жәкішев сияқты  азаматтар болса деп сәуегейлік жасағанбыз. Бірақ бізде Нострадамусқа  біткен көріпкелдік жоқ екен. Бәрі, керісінше, болды. «Мен де аң-таң, апам да аң-таң». Ал енді «Тоқпағы мықты болса, киіз қасық жерге кіреді» деген тәмсілді еске алып, Әлихан Смайылов кімнің «өнімі» дегенге келсек, ол экс-президент Назарбаевтың тұсында да айтулы орындарда қызмет етті. Тіпті қайсыбір жылдары экстің кеңесшісі де болды. Ұмытпасақ, Қаржы министрі  болып тұрған тұста Назарбаев үкімет құрамын жинап, бір жиын өткізген.  Сонда босағаға таяу отырып қалған Смайыловты көрген Назарбаев: «Сенің  орның босаға емес, төр, мында келіп отыр. Кәне, жылжыңдар» деп, балбал  тастай тізіліп отырған министрлерді төменге ысырып, Әлиханды төрге  оздырған. Содан бері – Смайлов «түрікпен төрін бермейдінің» кебін келтіріп, томпиып, төрден түскен жоқ. Әлі де сол. Отыра берсін-ау, бірақ… Қымбатшылықты ауыздықтау, экономиканы әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын көтеру осы – Әлихан үкіметінің тікелей жұмысы емес пе? Осы  мәселелердің қабырғасын қақыратып жатса, қақымыз қанша. Алайда үкіметтің тізгінін қолға алғанына 15 айға кетсе де елдің еңсесін тіктейтін ауқымды жұмыс жасалмады, серпінді реформа жүрмеді. Өкініштісі – өгіз аяң, бақа шабыс тірліктен аса алмады. Смайылов үкіметі тұсында инфляция  деңгейі 20,7 пайызға жетіпті. Азық-түлік тауарларының бағасы – 25,7, өзге тауарлар – 20,2, ақылы қызметтер – 14,2  пайызға қымбаттапты. Салыстырсақ, соғыс болып, ел экономикасы қирап жатқан Украинадағы  инфляция көлемі небәрі 26 пайыз екен. Ел аман, жұрт тыныш, іргеміз бүтін  отырған кезде жеткен біздің «жетістігіміздің» сыйқы – осы. «Жұтаған  шүкірге тоймайдының» керін келтіріп, «әлемдік экономикадағы дағдарыс, қайшылықтар бізге де әсер етіп жатыр» деп, Смайыловтың қарамағындағы  министрлер шарасыздықтан, мүсәпірдің кейпіне түсіп, иық қусырғаннан  басқа ештеңе істеп отырған жоқ. Ең өкініштісі – осы.

Жалпы үкімет құрамына келсек, сыртқы жауға қалқан һәм сілтесек сойыл болар Қорғаныс министрлігіне ерекше тоқтала кету керек. Былтыр қаңтарда ғана Қорғаныс министрі болып тағайындалған Руслан Жақсылықов биылғы ауыс-түйісте де өз орнын  сақтап қалды. Бірақ осы бір жылдың ішінде қорғаныс саласында  «мынадай бір тірлік жасапты» деген іспен емес, ел есінде «Өкпелесең, көшіп кет» деген су жаңа мақалмен қалған министр. Дәл қазір алыс шет елді былай қойғанда, баяғы КСРО-ның шекпенінен шыққан республикалар арасында кеше Таулы Қарабақ үшін Әзербайжан мен  Армения арасында қарулы жанжал болса, қазір Ресей мен Украина арасында соғыс жүріп жатыр. Бұдан тыс Қазақстанның «солтүстік өңірі біздің жер»  деп жүрген Ресей саясаткерлерімен, солардың айтақтауымен осы маңда  іріткі салуға тырысып жатқандардың қарасы көбейе түскен тұста, Қорғаныс  саласы тектен-тек қарап жатуға болмас еді. Ойда жоқта тұтанып кетуі  мүмкін оқыс жағдайға арнап, қаруын сайлап, сақадай-сай отыруы керек-ті. Алайда Жақсылықов министр болып келгелі ауыз тұщытып айтар ештеңе көрмедік. Не бәрі елу мыңға жетпейтін армияны соңғы үлгідегі қарулармен  жарақтандыруға әрекет етпеді. Қазақстанда қаржы жоқ емес, бар. Кешегі  КСРО мен Ресейдің атыс құралдарымен қаруланған Қазақстан армиясының әлеуеті мықты деп айта қою қиын. Себебі дәл осындай қару – техникамен  жарақтанған Ресей армиясы Украинада жеңіліс тауып, ескі техникасы сіріңкенің қорабындай өртеніп жатыр. Бұл біздің Қорғаныс саласына сабақ  болуы тиіс-тұғын. Бірақ әлі күнге қару-жарақ, оқ-дәрі жағынан Ресейге тәуелді болып отырған Қазақстан балама жолдар іздеп, заманауи әскери  техникалар, танктер, ұшақ, тікұшақ, әуе қорғаныс күштерін жаңартуға тырысып жатқан жоқ. Демек реформаторлық, іскерлік қасиеті төмен,  дарынсыз басшы – мемлекеттің қауіпсіздігі талқыға түсетін орында қалай отыр? Түсініксіз. Әлде бізде әскери саланың жілігін шағып, майын ішетін  кәсіпқой офицерлер құрамы жоқ па? Осы ауыс-түйісте Жақсылықовтың  орнына өзге бір білікті әскери адам Қорғаныс министрі болса деп топшылап еді, көпшілік. Бірақ сенім ақталмады.

Сонымен үкімет құрамы толық жасақталып, іске кірісті. Десек те осы  үкіметтің құрамында Ораз Жандосов, Мақсат Халық, Қайырбек  Арыстанбеков, Олжас Құдайбергенов секілді білікті экономистердің кіргенін  қалап едік. Амал қанша, ол үміт ақталмады. Қазір 1998 жылдағыдай АҚШ-та  кейбір ірі банктер банкрот болып, әлемдік қаржы дағдарысы тағы қылаң беруде. Сондай-ақ елімізде қымбатшылықтан қысылған халықтың жағдайы қиындап, тағы бір әлеуметтік жарылыстың дүмпуі жақындай түскендей. Оның алдын алуға үкімет қауқарлы ма?

Өкініштісі, үкімет жасақталған күні-ақ жанар-жағармайдың бағасы  қымбаттап шыға келді. Әлбетте, бұдан кейін дүние-мүліктің құны да бірнеше еселенері хақ…

Күлтегін  БЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған