«Тырнадан қарауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпейді» дегендей, Смайылов министрлер кабинатінің тізгінін ұстағалы бері, Үкіметтің басына бұлт үйірілді, сынау-мінеу жойдасыз көбейді. Сынаудың да, мінеудің де себебі бар. Үкімет «қауқарсыз текенің қарағайдай мүйізі бардың» керін келтіріп, қымбатшылыққа тосқауыл қоя алмаса, инфляциямен күресе алмаса, жұмыссыздықты тежей алмаса, әрине сынамақ тұрмақ, доғарысқа кетуін талап ету заңды болмақ. Алайда былтыр қаңтарда Үкіметтің бұйдасы бұйырған Смайыловпен оның командасы «өлімсіз Кащейдің» образына кіріп алған. Президент сайлауыннан кейін де, парламент сайлауынан соң да Смайылов үкіметі ың-жыңсыз құрамын сақтап қалды. Тек бірді – екілі министрлер ауысты. Қалғаны жылы орындарын суытпады деседе болады. Тіпті Смайыловты «кризис –менеджер» деп, одан «пұт» жасағысы келгендер де болды. Бірақ сол «пұттың» бұтын инфиляция деген құбыжық дар -дар айрып жатыр емес пе! Мұны кеше ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың өзіде тілге тиек етті. Атқарушы биліктің кемшілігін мірдің оғындай түйреп өтті. «Инфляцияны тежеу бойынша жұмыстар мардымсыз. Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс. Азық-түлік бағасы соңғы 15 жылда болмаған деңгейде өсіп, ақпанда инфляция 21 пайыздан асып кеткен. Қымбатшылық шарықтау шегіне жетті, ал Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз» деген Тоқаев Үкіметке көңілі толмайтынын анық аңғартты. Рас, былтырда Мемлекет басшысы Смайылов Үкіметінің жұмысын сынға алған. Жоғарыдағыдай лепес білдірген. Бағаны тұрақтандыруды талап еткен. Бірақ одан қортынды шығарған Үкімет болмады. Мәселен, былтырғымен биылғы инфляцияны салыстырсақ; былтыр ол құрғырың 20,3 пайыз болған екен. Азық – түлік бағасы 25,3, қымбаттапты. Биыл инфляция 21,3 пайызды құрап, азық –түлік бағасы 26,2 пайызға өскен. Демек Президенттің сынайтынындай бар. Мәселен бүгінгі Смайылов үкіметімен оның алдында ғана Мамин басқарған үкіметтің жұмысын салыстырсақ, 2021 жылы елімізде инфляция не бәрі 8,4 пайызды құрап, азық- түлік бағасы 9,9 пайызға ғана көтеріліпті. Былайша айтқанда Мамин үкіметті басқарған тұста: «ит басына іркіт төгілген заман» болды деуге болатындай… «Инфляцияның жыл сайын қарыштап өсуінің басты себебі, экономика әртараптандырылмады. Біз бұдан отыз жыл бұрын қандай едік, қазірде сол қалыптамыз. «Шикізат отаны» деген атаудан құтылмадық. Қаржы саясаты ақсап жатыр. Жарайды заманауи технология жасай алмайық, бірақ ауыл-шаруашылығын дамытуға болатын еді ғой. Ол да жоқ. Өндірілетін тауар көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз. Былайша айтқанда Үкімет «бақа шабыс, өгіз аяңнан» аса алмауда. Ең үлкен масқара, еліміздің мемлекеттік қарызы 54 миллиард долларға яғни 25 триллион теңгеге бірақ секірген. Соның ішінде үкіметтің қарызы 22 триллион теңге. Нақтылай түссек, 7 триллион сыртқы, ал ішкі борыш -14 триллионды құрап отыр. Мұндай жағдайда үкіметтің жұмысына қандай баға беруге болады. Әрине 2 деген. Дегенмен Смайылов Үкіметінің көңілге қонарлық бір тірлігі 2022 жылы сыртан 28 миллиард доллар инвестиция тарта алды. Жаман көрсеткіш емес. Бұл жағдай 2012 жылы (28,9 млрд. доллар) болған. Араға 10 жыл салып қайталанып отыр. Алайда бұл инвестицияның негізгі қомақты бөлігі тағыда сол тау-кен өндіріс саласына салынып жатыр. Ал тұрмыстық тұтыну саласына көзге тамызар тамшыдай ғана қаражат құйылуда» дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам. «Балтада өткір, бұтақта қатты» демекші, Үкімет инфляцияны қанша ауыздықтаудың айла –шарасын жасағанымен, ол шектеулер уақытша ғана әсер етіп, түпкілікті тосқаул қоя алмауда. Содан болар, «таз ашуын тырнадан алады» дегеннің кебін келтірген Смайылов Үкіметі экономикадағы іркіліс, қаржы саясатындағы тұрақсыздық, қымбатшылық тт. халықаралық саясаттың тым ушығуынан, экономикалық қарым-қатынаста отырған елдерге салынған санкциялардың кесірінен көруде. Бұл жағдайлардың бар екені рас. Бірақ бұл сыныққа сылтау бола ала ма? Қазақстан секілді «алтын көмбенің» үсінде отырған елде экономикалық тоқырау болудың өзі таңқаларлық дүние. Демек, бар кінә Үкіметтің біліксіздігінде жатса керек-ті…
Күлтегін БЕК