Өзге жұртты қайдам, біздің елде әлсін-әлсін халықтың назарын өзге жаққа аудару үшін, түрлі бағдарламалар ойлап табылып, қаңқу әңгімелер айтылып жатады. Мұндай «іс-шаранның» басында әмәнда бұқара емес, билік тұрады.
Бүгінгі қымбатшылық асқынып тұрған кезде наразы халықтың назарын өзге жаққа бұрғысы келді ме, билік тағы бір дау-дамайы мол, бір «шаланы» қоғамдық талқылауға тастай салды. Ол – «Ұлт құру» атты жаңа бағдарлама. Онда көтерілген бастама – Қазақстанда тұратын барлық азаматтар ұлтына қарамастан, ендігәрі қазақстандық емес, қазақ деп аталмақ. Сондай-ақ төлқұжаттан «ұлты» дегенді алып тастап, Қазақстан Республикасының азаматы деген сөз жазылмақ екен.
Мұны мәжіліс депутаты Айдос Сарым былай деп түсіндіреді:
«Енді талқылаулар жүргізіп, қазақтың кім екенін, олардың тарихи жауапкершілігі қандай, халықты қалай біріктіретінімізді қайта қарауымыз керек. Дүниежүзіндегі адамдар біз туралы не айтады? Орыс текті қазақтар, корей текті қазақтар деген ұғым бар. Әркім өз қалпында қалады. Бірақ ұлттық болмысы қазақ болуы тиіс. Біз төлқұжаттарда ұлтты көрсетпеуді ұсынамыз, жай ғана Қазақстан Республикасының азаматы деп жазылады».
Қысқасы, «Ұлт құру» бағдарламасының негізгі түйіні – осы. Бұған алаш баласы не дейді, өзге ұлт өкілі қалай қарайды? Нәтижесі қандай болмақ? «Ұлт құру» бағдарламасын тілге тиек етпес бұрын, өткен дүниеден бір мысал келетіре кетсек, 2010 жылы «Ел бірлігі» деген доктрина жасалды. Онда «қазақстандық ұлт» дегенге басымдылық беріліп еді. Бүкіл зиялы қауым дүрк көтерілді. «Қазақстандық ұлт» идеясы бірте-бірте біздің сан ғасырлық ата-баба рухымен байланысымызды мүлде жойып, жаңа космополиттік болашақ қалыптастыратыны ешкімге құпия сыр емес. Бұл жолмен жүрер болсақ, келешекте қазақ халқы өз Отанында ұлт ретінде мемлекет басқару билігінен айырылады. Себебі американдықтар сияқты ұлттық мәселе әркімнің жеке отбасылық шаруасы болып қалары хақ. Сондықтан да мұндай утопиялық идеяларға жол беруге болмайды деп білеміз» десті.
Халықтың қарсылығы арнадан асып бара жатқан соң, билік «қазақстандық ұлт» түсінігін доктринадан алып тастай салды. Ал «Ұлт құру» бағдарламасының жағдайы қалай болмақ? Қазірдің өзінде ақ, «алдымен қазақтың өзі таза қазақ болып алсын, қалғаны артынан» дейтіндерде шығып жатыр. Қысқасы, алдағы уақытта қоғамдағы үлкен әңгіменің өзегі осы болмақ. Өйткені мұндай шетін мәселе, әбден талқыға түсіп, иінін қандырып барып қабылдануы тиіс-тұғын.
«Бәрін қазақ деп атау, төлқұжаттағы ұлт деген белгіні алып тастау, меніңше асығыстық. Бұған әлі ерте. Себебі қазақ халқының ұлттық мүдделері, тілдік мүдделері, экономикалық мүдделері әлі нақты қалыптасып, іске асқан жоқ. Сондай-ақ еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің де көзқарасын анықтап алу қажет. Бұл өте шетін мәселе. Дүрдараздық, қайшылық осындай болар-болмастан туындап, жаппай наразылыққа ұласып кетуі әбдін мүмкін» дейді саясаттанушы Сайын Борбасов.
Cолтүстік өңірде ұйыса отырған славян жұртының кейбір атқамінерлері сепаратизмді қоздырып, Қазақстанның тәуелсіздігіне күмән келтіріп жатқанда, «Ұлт құру» мәселесін жалпы халықтық талқыға алып шығу қолайсыздық тудыруы әбден мүмкін. Саясаттанушы Әзімбай Ғали айтқандай алдымен өзге ұлттарды сіңіре отырып «Үлкен қазақ» жасап алуымыз керек. Мемлекеттік тіл ұлтаралық тілдің деңгейіне жетуі тиіс. Яғни елдегі өзге ұлт өкілдерін қазақ халқының маңайына ұйыстыра алған кезде ғана «қазақ» деген атауды ұрандатуға болатын шығар. Ішкі-сыртқы саяси жағдайларды безбенге тарта отырып барып, мұндай мәселелерді көтерген жөн болар еді. Өйткені теріскейдегі көршіміздің қайсыбір саясаткерлері һәм мемлекеттік жоғарғы қызметте отырғандары қазақтың жеріне көз алартып жатқан кезде, бәрін бір диірменде тартып, «қазақ» жасаймын деу, артық қылам деп тыртық қылып алумен тең болмақ. Онсыз да теріскейден үргендерге елімізде айтақ қосып отырғандар жеткілікті. «Ұлт құру» мәселесі, оларға іздегенге сұраған болып шықпақ.
«Мен төлқұжатта «ұлты» дегенді жазуды алып тастауға қарсымын. Біріншіден, Қазақстанда толыққанды азаматтық қоғам орнаған жоқ. Екіншіден, ұлттық, тілдік мүдделер іске асқан жоқ. Үшіншіден, өзге ұлттар «бұл менің Қазақстаным» деп айтатын деңгейге көтерілген жоқ. Осының бәрін көріп тұрып қазақ қалай «қазақ» емеспін, «азаматпын» деп жазуы тиіс. Бұл қазақ мәдениетінің, тілінің дамуына үлкен бөгет емес пе? Депутаттар мұндай өнбес дауды туғызып, өрелерінің қандай екенін көрсеткенше, «қазіргі қымбатшылықпен, жемқорлықпен, қоғамдағы әділетсіздікпен қалай күресеміз, оның жолы қайсы?» деген мәселемен неге айналыспасқа?» – дейді Борбасов.
Қазір жұртқа керегі, «өнбейтін дау – өспейдің елдің ермегі» емес, күн көрістің қамы, тұрмыстың жай-күйі. Айтпақшы, саясатты кері ысырып қойып, «Ұлт құру» деген сөздің өзіне жармасып жатқандар бар. Бірі – дұрыс, екіншісі – бұрыс деседі. Бұл мәселеге тіл мамандары қалай қарайды деген оймен, белгілі тіл маманы, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлынан бұл терминнің қаншалықты сәтті, сәтсіз екенін сұраған едік.
«Қазір «ұлт құру» терминінің төңірегінде түрлі пікірлер айтылып, көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр. Оған «құру» етістігінің бір-біріне кереғар мағыналары себеп болып отыр. «Құр» түбірінен туындаған «құру» етістігі бір жағынан: «жасау, ұйымдастыру, біріктіру» деген мағынаны білдірсе, екінші жағынан: «құры» етістігінен туындаған «жоқ болу, жойылу, жоғалу, біту» деген жағымсыз мағыналарды да білдіреді. Бұл терминді алғаш қолданғандар «құру» етістігінің бірінші мағынасын негізге алса, оны сынға алушылар ұғымның ізгі мақсатты білдіретін мағынасына сай емес, екінші мағынасын алға тартып отыр. Негізі кез келген терминнің, әсіресе «ұлт құру» сияқты жалпы көпшілік жиі қолданатын саяси-әлеуметтік мәні зор терминнің екіұшты мағынасы, жағымсыз реңкі болмағаны дұрыс. Бұл тұрғыдан келгенде жаңа терминге қатысты әркімнің өз пікірін білдіріп жатуы да қалыпты құбылыс. Одан шошуға да, оны шектеуге де болмайды. Түрлі ұсыныстар айтылып, жан-жақты талқылана келіп, алдағы уақытта бір ұтымды термин тұрақтайды деп ойлаймыз. Мәселен, «Ұлт құрудан» гөрі «ел бірлігін нығайту» немесе «ұлтты ұйыстыру» деген тәрізді тіркестердің бірін қолданған жөн-ау.
Бір қызығы 80-жылдары «перестройканы» қазақ тіліне «қайта құру» деп аударғанда ешкім қарсылық білдіріп, «қайтадан жойыламыз», «қайтадан құримыз» демей, бірден қолданысқа еніп кетіп еді. Қазір дәл сол үлгімен жасалған терминді қоғам талқыға салып жатыр. Бұл қазақтілді қауымның саяси белсенділігінің артқанын, әрі тіл мәселесіне немқұрайды қарамайтындардың көбейгенін, тілде ұсақ-түйек дегеннің болмайтынын көрсетеді», 2 дейді тіл маманы.
«Қайта құру» демекші, одан бері де біраз су ақты. Тәуелсіз ел болдық. Нарықтық экономикаға ауыстық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзге ұлт өкілдері балаларын қазақ мектебіне бере бастады. Себебі енді бәрі қазақша болады деп күтті. Кейін Қазақстан билігі орысша сөйлеп отырып алған соң, таз қалпына қайта түсті. «Алдымен экономика, сосын саясат» деп жүріп, отыз жылды артқа тастадық. Қай уақытта да ұлттық идеология соңғы кезектерге ысырыла берді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін уақыттар өтіп, солтүстіктегі көршіміз ұйқысынан оянған соң, жаланып, жан-жағына қарай бастады. Сонда ғана біздің көп нәрседен кеш қалғанымызды шындап ұққандай болдық. Осындай қысылтаяңда қолға алынып жатқан бұл бастама қаншалықты өміршең? Бүкіл Қазақстан бір үйдің баласында «біз қазақпыз» деген ортақ ұғымды сіңіріп кете ала ма? Бағдарлама аясында көтеріліп отырған мәселе өте ауқымды, арналы, тамырлы. Мәселенің бәрі соның қалай орындалатынына келіп тіреледі.
Күлтегін БЕК