Еуроодақ Ресейге қарсы11-ші санкциялық пакеттің даяр болғанын жария етті… Ол мамырдың соңына дейін күшіне енуі тиіс. Бұл жолғы санкциялық құрсау тек Ресейге ғана емес, оған жасырын түрде көмек беріп отырған кейбір елдерге салынбақ деген сыбыс бар. Оған Орта Азия республикаларыда кіреді-мыс… Ықтималдығы басым бұл жайтты жайына қоя тұрып, алдымен мына бір мәселеге назар аударалық. Бір қара бұлттың төніп келе жатқанын сезседе, Орта Азия басшылары 8 мамыр күні Мәскеуге ұшты, 9 мамыр күні Путиннің жанынан табылды. Емен есіктен еміне енген президенттерді мұртынан күлген Путин қарсы алып жатты. Қызыл алаңда өткен әскери парадты бірге тамашалады. Әлбетте, ай бұрын, тіпті апта бұрын қайда баратындарын жария етіп жататын президенттер бұл жолы Ресейге баратын сапарларын толық құпия түрде ұстады. Тек 8 мамыр күні Орта Азия басшылары қаздай тізіліп Ресей орталығы Мәскеуге бет алды… Неге? Не үшін? «Мұның бірнеше себебі бар –дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали. – Бірінші, мәжбүрлік дұрысы қауіпсіздік мәселесі. «Жыланды үш кессеңде кесерткідей әлі бар» дегендей соғыстан қанша титықтасада Ресей әліде мықты. Экономикалық болсын, әскери жағынан болсын Орта Азияны жалпы ТМД елдерін он орап алады. Қапысыз жүргізілген үгіт-насихаттың арқасы болар Мәскеудің Украинаға қарсы соғысын кем дегенде 70-80 пайыз орыс жұрты қолдап отыр. Қазір Путин қай елге басқыншылық жасаймын деседе орыс жұрты соңынан ере кетпек. Демек осындай қауіптің барын сезінген Орта Азия басшылары оның алдын алу үшін, уақытша болсада «біз жаныңнан табыламыз» дегендей Путинді алдарқатып қауіптің бұлтын сейліте тұру үшін Мәскеуге барған сынды. Екіншіден, бір ақиқат дүние, біз бәріміз КСРО шекпенінен шыққанбыз. Фашистік Германияны бірге жеңдік. Майданда шейіт болған ата-баба аруағына бірлесе тағызым етіп жатсақ, оның несі айып! Бұл жерде астарлы саясат тұр деп айта алмаймын». Саясаттанушының айтқандарын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен осы тұста әліде суыртпақтайтын дүние бар сияқты. Кім қалай деседе Орта Ази елдері әзірге Ресейден теріс айнала алмайды. Оның саяси және экономикалық бір қатар себептері бар-ды. Біріншіден, Ресей негізгі ойыншы болып отырған Ұжымдық қауіпсіздік шарты және Еуразиялық экономикалық одаққа Қазақстан, Қырғыстан, Тәжікстан кіреді. Қалған екі ел бақылаушы мәртебесіне ие. Әскери ынтымақтастық, экономикалық қарым-қатынас бәрі осы ұйымдардың аясында шешіліп жатыр. Екіншіден, Орта Азия мемлекет басшыларының бәрі тақта ұзақ отырғысы келетіндер. Жиырма жылдан астам Кремль қожайыны атанып келе жатқан Путинге Батыстың ілімімен «уланған» жас демократтар емес, Орта Азияның бұрынан таныс-біліс болып қалған шал-шауқан президенттері орнын сақтап отыра бергендері тиімді. Қажет жерінде оларды қолдайды, керек кезінде саяси-экономикалық тетіктерді іске қоса отырып «қысыпта» алады. Ал, Орта Азиялық президенттер Батыс «демократия құндылықтарын аяққа таптадың» деп түрпектеген кезде, диктаторлық жүйені қолдайтын Путинге барып арқа сүйейтіні ащы шындық. Сондықтан Путиннен арқан үзіп кете алмайды. Бір ғана мысал, кеше ғана конститутциясына өзгеріс енгізіп, президенттік мерзімін 7 жылға ұзартқан өзбек Мирзиеев, кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлім етті. Аяқ асты бірдеңе болып қалмаса енді оның 2040 жылға дейін тақтан түспеуге мүмкіндігі бар. Түркімен Гурбангулы Бердымұхамедов ұлы Сердарға қалай орнын босатып берді, дәл сол жағдайды тәжік президенті Эмомали Рахмонда қайталап, тақты ұлына бергісі бар. Қырғыз президенті Садыр Жапаров бүгін ертең президенттікті тастап кететін адамға келіңкіремейді. Тумасаңда ұқсап бақ дегендей олда көршілері сияқты «алтын тақта» ұзақ отырудан дәмелі. Бұлардың бәрін қолдаушыда, қорғаушы да Путин болуы тиіс. Өйткені оның өзіде жиырма жылдан астам уақыт Ресей билігін уысында ұстап отыр. Осы тұрғыдан келгенде Орта Азия президенттерінің Путиннің бір ауыз сөзін жерге тастамай Мәскеуге келуі жазылмаған заңдылық секілді. Ал, ТМД-ның жеті мемлекет басы келіп көрген әскери парад қалай өтті дегенге келсек, тым жұпыны һәм тым қысқа болды. Бұл Ресейдің басқыншылық соғыстан титықтағанының, сарқыла бастағанының көрінісі сынды. ТМД-лық алты президент және бір премьер министр (Армения) қоршап отырсада Путиннің баяғыдай жаһанды жалпағынан басып, мұрнынан есекқұрт домалап түсетін дәуір өтіп кеткенін байқауға болады. Кейбір саясаткерлер «Путин одақтас елдердің президенттерін әдейі «тірі қалқан» ретінде шақырды. Өйткені украина ұлтшылдары 9 мамыр күні парад кезінде ұшқыссыз басқарылатын дрондар арқылы Путинге қастандық жасауды жоспарлаған еді. Тіпті ақшада тіккен. Содан жасқанған Путин ТМД-дыдағы одақтастырын шақырды, парадтың тым созылып кетпеуінде ескерді» деседі. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Қалай десекте, бұл Путиннің «оқшау, жалғыз қалған жоқпын, әліде мені жақтайтындар бар» деп Батысқа қыр көрсетуінің бір амалы секілді. Осы тұста, тағы бір аттап кете алмайтын жайт, сол шақырылған елдердің арасында алауыздық бары байқалып қалды. Кәрі көкжал беларус басшысы Лукашенконың ауру екені жаһанға әшкере болды. Парадтан кейін Путин жайған дастарханға қарамай еліне қайтты. Шекараға байланысты дауы бар Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері бір дастархан басында отырғысы келмеді. Садыр Жапаровта Путиннің асқа толып «майысып» тұрған дастарханынан дәм татпай аттанып кетті. Айтпақшы Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев армиян Никол Пашинянды көргісі келмеді ме, әлде Мәскеудің шақырғанын елемеді ме, әкесі Гейдар Әлиевтың 100 жылдығын атап өтеміз деген сылтаумен Ресейге аяқ баспады. Ал, сол Никол Пашинян «ҰҚШҰ Әзірбайжанмен соғыс кезінде бізді қолдамады, ондай ұйымнан шығуымыз керек» деп бұлқан-талқан боп жүргені тағы бар. Мұның өзі Кремль қожайынының айналасы іріп-шіри бастағанын көрсетеді. Демек алдағы уақытта Путинді қолдайтындардың қарасы азая бермек. Тіпті бұл ТМД басшыларының Мәскеуде бірге бас қосуының соңыда болуы мүмкін. Тағы бір мәселе, Путин бастаған ТМД басшылары 9 мамыр парадтын тамашалап жатқанда АҚШ 1 млрд 200 млн. доллар көлемінде Украинаға әскери көмек беретінін жария етті. Дәл сол күні Киевке келген Еурокомиссия басшысы Урсуло фон дер Ляйен 1 млн. артиллериялық снаряд беретін жеткізді. Ал, Ұлыбритания алыстан ататын зымырандар беретінін мәлімдеді. Демек соғыс бүгін-ертең бітпейтіні осыдан-ақ белгілі болғандай. Демек Батыстың Ресейге һәм оның жақтастарына қарсы қысым күшейе бермек. Әңгімеміздің басында Еуроодақтың 11 санкциялық пакеті даяр болғанын, жанама түрде Қазақстанда ілігіп кетуі мүмкін дегенді айтқан едік. «Еуропа Қазақстанның мұнай-газ саласына санкция енгізбейді. Өйткені Қазақстанның мұнайы оларға керек. Біз керісінше барымызды Еуропаға жеткізе алмай қиналып отырмыз. Каспий құбыр консорциумы Ресей жері арқылы өтеді. Соғыс басталғалы Мәскеу бізді құбыр арқылы шөміштен қағып жатыр. Екінші дәрежелі санкция жекелеген компанияларға оның ішінде Ресейге компютерлік технология, микрочиптер жеткізіп отырғандарға салуынуы ықтимал. Өйткені ол жерде азаматтық және әскери мақсатта қолданылатын жабдықтар бар. Батыс соған қарсы» дейді экономист Мақсат Халық. Бұл жай түсінікті делік, бірақ Батыспен Ресей арасы ушығып тұрғанда ТМД басшыларының Мәскеуде бас көрсетуі екінші жаққа ұнай қоймасы анық. Сыныққа сылтау іздеп отырған АҚШ бастаған топ өзгеден бұрын Орта Азия басшыларына қарсы бір кілтипан ойлап табуыда әбден мүмкін. Қысқасы АҚШ пен Еуроодақ тарапынан болып жатқан түрлі ескертулердің соңы белгілі бір дәрежеде қысымға ұласуы ықтимал. Айтпақшы, кеше Мәскеуде тайлы-тұяғы қалмай бас қосқан Орта Азия мемлекет басшылары санаулы күндерден кейін Қытайға аттанбақ. Енді Си Цзиньпиннің «гөй-гөйін» тыдамақ. Ал, Қытай АҚШ-тың саясатта да, экономикада да және Тайьван мәселесінде де басты қарсыласы. Мәскеумен Бейжің арасын жол қылып шапқылап жүрген Орта Азия басшылары енді Вашингтонның қырына ілініп қалмас па екен? «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген осы болып жүрмесін.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ