Ұлы Жошы шаңырағын тіктеген, Бату хан керегесін кеңейткен, жарты әлем дәргейіне бас ұрған Ұлы империя Алтын Орда екі жарым ғасыр өмір сүріп барып, ішкі тартыспен сыртқы соққылардан ыдырап кеткені әмбеге аян. Ұлы қағанат жіліктеніп, түп қазығы қадалған жерде Қазан хандығы, Қырым хандығы, Хажы-Тархан хандығы, Нoғай Ордасы және Сібір хандығы пайда болды. Бұл бес хандықтыңда тарихта өзіндік орны бар. Соның ішінде Сібір хандығы былайша айтқанда Көшім хандығын бөліп жарып айтуға тұрады. Неге? Өйткені Көшім бүгінгі Қазақстанмен Орта Азияға қарсы жасалған орыс патшалығының басқыншылығын бір ғасырға кері шегерген ұлы тұлғалардың бірі. Атақты найзагер һәм сұр мереген, ат үстінде ұршықша үйіріліп қылыштасудың шебері атанған Көшім кім еді? Ол ат үстінде жүріп құрған Сібір хандығы өз дәуірінде қандай миссия атқарды?
Дешті қыпшақ даласында, Ноғай ордасында дүниеге келген Көшім жастайынан атойлы жорықтарға, ел қамын күйттеген алқалы кеңестерге қатысты. Ел болу үшін, елдікті қорғайтын ер керек екен түйсініп өскен оғлан болды. Әрине жарты әлемге әмірін жүргізген ұлы қаған Шыңғыстың ұрпағы тегін адам болушы ма еді? Баба жолын, ата жолын өзіне мансұқ еткен Көшім айналасын айдап өргізіп, иіріп жусататын іргелі мемлекет құруды армандағаны белгілі. Ол арманыда орындалды. Көшім Бұқар билеушісі Абалақтың (екінші) көмегімен 1563 жылы Сібірде билік жүргізіп отырған Едігердің ұлысын тартып алып, өз хандығын құрды. Оның хандық құрған жері, Батыс Сібір, Орал өңірі, Ертіс, Тобыл өзендерінің алабы. Аң мен құсы жыртылып айрылған, орманды, сулы-нулы шүйгін аймақ-ты. Хандықтың орталығы Ескер шары болды. Мұсылмандықты ала барды. Сол маңда көшіп жүрген ұсақ ұлттарды ислам дініне кіргізді. Қытай, Түрік, Бұқара, Қырым жұртымен байлыныс ұстап, сауда-саттық жүргізді. Хандықты мейлінше күшейтті. Орыс патшасымен тең жағдайда сөйлесті. Қара танитынын білдіріп хат жазысты. Ол хаттарда Көшім орыс патшасы Иван Грозныйға «Бейбіт өмір сүргің келсе, біз даярмыз, соғыс тілесең күресуге әзірміз» деген с ияқты жауаптар жазып отырған.
Алайда, Көшімнің өмірі жаймашуақ өтті десек қателесеміз. Қырық жылдық хандық дәуірінің жиырма жылы патшалық ресейдің басқыншы жасақтарымен күресумен өтті. Жанын шүберекке түйе жүріп өз елін, жерін қорғады. От кешкен жылдар оның есімін «ұлт- азаттық күрес көсемі» деген атпен тарих бедерінде қалдырды. Десекте, Сібір хандығы жөнінде қазақ тарихшыларының жазғаны татымсыз. Неге? Өкініштісі, тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жетсе де, Ібір-Сібірді мекендеп, аумағына Еуропаның бірнеше ірі мемлекеті сыйып кететін территориясы бар ірі хандық құрған Көшім ұлысы жөнінде айтқанда дауысымыз құмығып шығады. Неліктен? Әлде Көшім хан мекендеген аумақ Ресейге қарап қалған соң, Мәскеудің ызғарынан, Кремльдің көлеңкесінен қорқасоқтаймыз ба? Мүмкін. Алайда, қоңсылас отырған елдердің қас-қабағына қарап, ата тарихымызды күресінен аршып ала алмайтын болсақ, не болғанымыз? Тіпті қазақ хандығының 550 жылдығында да осы Көшім хан ауызға алынбады. Бөтен бір елдің тарихы сынды кері ысырылды. Ақиқатқа тура қарар болсақ, осы Көшім хандығы емес пе еді, Ресей патшалығының Қазақстан мен Орта Азияға шапқыншылығын ғасырға жуық бөгеген. Олай болса Көшімді неге дәріптемеске?
Көшім ханның қоластындағы жұрттың 70 пайыздан астамы қазақ рулары еді. Осы Сібір хандығы патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауын 100 жылға кейін шегерді. От қарумен жарақтанған Патша жасақтарына тас қамал болып қарсы тұрды. Күресті. Алысты. Қырды. Қырылды. Жеңілді. Тарих сахнасынан сырғып түсіп қалды. Бірақ артына Көшім хандығы, Сібір хандығы деген әфсана тастап кетті. Көшім хан қырық жылға таяу хандық құрды. Оның жиырма жылын қақтығыспен өткізді. Ібір-Сібірді бағындырсам, одан ары Шығысқа һәм Орта Азияға жол ашсам деген патшаның үкілі үмітіне қарсы тұрды. Тіпті Иван Грозныйдың Сібірге барлау жасай шыққан тобын 1574-1575 жылдары талқандады. Бетін қайтарды. Белгілі жаузышы, ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің «Ұлт көсемі – Көшім хан» деген мақаласында былай дейді: «Қылышынан қан тамған жауыз Ермакты 1585 жылы құрдымға батырып, қанқұйлы казактарды көмусіз қалдырды. Арғын, найман, қыпшақ, жалайыр, қаңлы, табын тайпаларынан құралған сарбаздарға Көшім хан мен оның ұлдары Әли, Қанай, Әзім, Көбей-Мұрат, жиені Мұхамедқұл қолбасшылық етті. Обь, Обаған, Ертіс, Есіл, Шұбаркөл, Тобыл, Шортанды, Көкшетау, Жайық, Семей, Хан қарағай, Аманқарағай өңірлерінде жасақ құрған Көшімнің немерелері Есім, Абылай, Керей, Тәуе, Дәулеткерей, немелерлері Бұқа сұлтан, Күшік сұлтан 1665 жылға дейін Ресей отаршы шапқыншыларына қарсы күресті. Демек Көшім хандығы Ресейге қарсы 100 жыл бойы ұлт азаттығы үшін майдандасқан. Бір ғасыр бойы қазақ жеріне бір де бір бекет салдырмаған. Тек Сібір қалмақтары Ресеймен тамырласып, жоңғар шапқыншылығына ұласқан тұста ғана Көшім ұрпақтары өзінің күресін тоқтатқан. Міне, осындай ұлы жауынгер ханды ақ патшаның аяр тарихшыларының көбік ауыз теңеулеріне елтіп, қарғап-сілеумен келдік». (Т.Жұртбай. Сүре сөз.) Ең өкініштісі осы. Рас, біз кешеге дейін терістіктегі көршінің айтуымен Көшімді жамандап келдік. Шын мәнісінде Көшім орыс басқыншыларынан тек өз хандығын қорғап ғана қойған жоқ. Орыс патшалығының Сібірді, Орта Азияны жаулау саясатына қарсы тұрды. Алмас қылыш, жалаң сойылмен орыстың от қарумен жарақтанған әскерімен соғысты. Бірде жеңді, бірде жеңілді. Ит жығыс түскен жерлеріде көп. Хандықтың ордасы болған Ескер шаһарын тастап кері шегінді. Осы тұста Көшімнің тоғыз әйелінің бірі әрі бірегейі болған Сүзге ханым жөнінде айта кетпесе болмайды. Сүзге дегенде ол «хан артына қараған, би бұрылып қараған» алма мойын, аршын төс, жорға мініп шайқалған ару ғана емес, «жауына жебе қадаған, қанжармен шашын тараған» ер жүрек ханшайым еді. Өйткені ханмен бірге жаулаушылармен соғысқан Сүзгенің тарихта аты қалған. Тіпті оның сұлулығымен батырлығы жөнінде жырлар жазылды. Деректі һәм көркем шығармалардыңда басты кейіпкері атанған ханым. Көшімге тұрмысқа шыққан Сүзге қазақтың қызы еді. Ат құлағында ойнап өскен бойжеткен жұртты тек сұлулығымен ғана тәнті еткен жоқ. Халыққа ержүректігімен, алғырлығымен, ақылдылығымен де танылды. Содан болар Көшім Ескер қаласының маңынан оған жеке қалашық тұрғызды. Оны «Сүзге тұрағы» (Сүзге Тура) деп атады. Көшімнің тек жары ғана емес, сенімді серігі бола білген Сүзге жайында аңыз көп. Соның бірі Көшім жеңіліп ығысып кеткен кезде оның бүкіл отбасы тұтқынға түскен. Ішінде Сүзгеде бар көрінеді. Мәскеуге айдалған ол сол жақта өзге адамға тұрмысқа шығыпты-міс.
Екіншісі әрі шындыққа жақын, Сүзгенің жасанып келген жауға берілмей қалашықты қорғап жүріп, ажал құшуы.
«Хандықтың құлағанын естiп, Сүзге қалашықтың барлық қақпаларын жаптырып, қорғанысқа дайындалады. Азық-түлiктiң ұзақ уақытқа жететiндей қорын жинаттырады. Хандықтың орталығы Iскердi жаулап алған Ермак ендi өзiнiң әскерлерiн өзге қалалар мен бекiнiстердi басып алуға аттандырады. Жау әскерi Сүзге-Тураға келiп жеттi. Бұл Ермактың қолбасшыларының бiрi – Иван Грозаның әскерлерi едi. Қорған- қалашықтың түбiне келген жау қақпалардың ашылуын, мұндағылардың соғыссыз берiлуiн талап етедi. Бiрақ ханшайым оларға былай деп қатқыл жауап қатады:
– Гой, неверный воевода,
Прежде солнце потемнеет,
Прежде наш Иртыш великий,
Потечет назад к истоку,
Чем сдадим мы вам ограду!
Бiрнеше апта соғысып, жау әскерi қалашықты ала алмайды. Олардың зеңбiрегi де, қорқытқаны да, жалған уәде бергенi де iске аспады. Сарбаздар аянбай соғысады. Сүзгенiң өзi де садақты жақсы ататын. Жаудың бiраз адамын өзi жусатып түсiредi. Бiрақ сарбаздары бiртiндеп азайып, қарсы тұрар қауқар кеми бердi.
Ешқайдан көмек келе қоймады. Хан мен Сүзгенiң туған ағасы Мұқаметқұл қазақ аймағы – Есiл даласына қарай шегiнiп кеттi. Бұл жаушының әкелген хабары едi. Осының бәрiн екшеп, терең ойластырған ханым өзiнiң қарамағындағы адамдардың қанын бекерге төккiсi келмедi. Ол атаман Грозаға адам жiберiп, мынандай шарт қойды.
«Бiз қаланы барлық байлығымен саған қалдырайық, тек сен бiздiң адамдарды босат, әрi кеме берiп, өзеннiң арғы бетiне өтуiмiзге жол аш» деп хабар айтады.
Жырда кестеленгендей атаман былай деп келiсiм бередi:
– …Дам вам волю,
Дам вам судна:
Но пускай царица ваша,
Нам отдаст себя в полон.
Қалашықтағы тiрi қалған адамдарды аман сақтап қалу үшiн Сүзге сарбаздарының ақырына дейiн соғысайық дегенiне де көнбейдi.
Күңдерiне былай деп айтады:
Вы прислужницы-девицы!
Отпирайте кладовые,
Выносите все наряды,
И царицу наряжайте,
Завтра праздник у меня.
Таңертеңгiлiк осыған дейiн өзiн қорғаған сарбаздары мен өзiне қызмет еткен адамдардың үлкен кемеге тиелiп, Ертiспен төмен қарай жүзiп бара жатқанын есiк алдындағы биiк тұғырдан қарап, көрiп тұрады.
Үстiне алтын және күмiспен әсемделген киiмдерiн киiп, қаруын асынып, жылап тұрған едi. Қалашықты қорғаушылардың кетуiн асыға тосып тұрған орыс казактары қалашыққа лап қояды. Бiрақ олар ештеңеге үлгермедi. Қымбат байлықтың бәрiн ханым сарбаздарынан берiп жiберген болатын. Жау әскерi ханша сарайының алдында өзiне қанжар салып, қанға боялып жатқан Сүзгенi көредi» деп жазады журналист -зерттеуші Бейсенғазы Ұлықбек «Сүзге ханым» деген еңбегінде. Иа, елімен өзінің ар -намысын жанынанда жоғары қойған Сүзге жаумен арпалыса жүріп осылайша өмірден өткен. Көшім хандығының орталығы болған Ескер шаһарының құлауы жөнінде
қазақ тарихының білгірі, атақты жазушы Мұхтар Мағауин «Орыс отаршылдығы» деген жазбасында былай дейді: «Кейбір деректерде Ермактың жасағы бес мың адамнан құралған еді деп көрсетіледі. Кейінгі тарихшылар осы сегіз жүз қырыққа тоқтайды.Үш ай бойғы тынымсыз шайқастан соң мың сан адамынан айрылған Көшім хан Сібірдің түкпіріне шегінеді. 1582 жылы 26 октябрь күні Еpмак селдіреген, қансыраған қарақшы жасағымен Сібірдің астанасына – халқы кетіп, иен қалған Ескер, немесе Қашлық қаласына келіп кіреді. Бұл күн, бұл оқиға жыртқыш Ресей империясының Сібірді бағындырған, енді жарым Азияны жаулайтын отаршылдық дәуірінің басы деп есептелсе, біздер үшін, яғни, қаны бір түрік халықтары үшін қазыналы, қасиетті Қазан патшалығы құлаған 1552 жылғы 2 октябрьге парапар, неше мың жылдық ұзақ әрі даңқты тарихымыздағы ең азалы күндердің бірі деп есептелуге тиіс» деп жазады.
Иә, Көшім хандығының құлауы шапқыншыларға мұқым Сібірді, Шығысты және Орта Азияны табан астына салуына жол ашқан еді. Кейде «Көшім хан қазақ даласына қанды жорықтар ұйымдастырған, сондықтан оны дәріптеудің қажеті шамалы» деген де ұшқары пікірлер айтылып қалады. Бір ақиқат дүние, діні, тегі, тілі бір бола тұра көшпелі тайпалардың арасында ауызбірлік кем еді. Өйткені Алтын Орда тараған соң, баяғы ортақ ұран жайына қалған. Сондықтан әр жерде хандық құрып отырғандар арасында атыс-шабыс болып тұрды. Ол заңдылық еді. Оған бола Көшім хандығы қазаққа жат еді, жау еді деуге болмас. Ең бастысы Көшім тек өз хандығын ғана емес, бүгінгі қазақ даласын да қорғағаны анық. Өзі бар, ұрпағы бар жүз жыл азаттық соғысын жүргізді. Ол – Ұлт-азаттық қозғалыстың басты тұлғасы. Оны жоққа шығаруға болмайды. Сол Көшім басқыншылармен айқасып, жан беріп-жан алысқан өңірде бүгінде қазақтың бас ордасы Астана орын тепкен. Кім не десе де, қалай айтсақ та, Көшім қазаққа жат емес. Шоқан Уалиханов «Кучум был султан киргизский» десе, орыстың зерттеуші-тарихшылары – Н.Карамзин, А.Левшин, П.Небольсин тағыда басқалары Көшімнің тегі қазақ екенін жазып кеткен. Көшім ханның сүйегі де осы қазақ даласында Қорғалжында қалған. Бұл маңда кейбір деректерге қарағанда «Хан сүйегі» деген жер атауы бар көрінеді. Орыс басқыншыларынан шегініп, Нор-Зайсан көлінің маңында қалмақтармен біраз қоңсы болған Көшім өмірінің соңына қарай атақонысы Сарыарқаға қарай жылжып, Қорғалжың маңын мекен етсе керек-ті. Көшім өз ажалынан өлдіме, әлде біреулердің қолынан қаза болды ма, бұл жөнінде нақты ештеңе жоқ. Тек болжамдар ғана. Шынтуайтында мәселе онда емес, мәселе Көшімнің қазақтың тумасы екендігінде. Дала қабыланы жасанып келген жаумен келісімге келіп, сұрағанын беріп патшалық империяның бір бөлшегі болып жүре беруінеде болар еді. Бірақ Көшім империяның ұлтаны болып өмір сүргенше, даланың сұлтаны болып қалғанды жөн көрді. Сол жолда күресті, қан кешті. Тарихта Көшім хандығы деген әфсана қалдырды.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ