Аждаһаның тәбеті

Сексен миллиондық адам ресурсы, ондаған триллион болатын табиғи байлығы бар һәм Шығыс пен Батысты жалғастыратын дәліздік рөл атқаратын мүмкіндікке ие Орталық Азияның әлемдік геосаясатта жөні бөлек. Тіпті соңғы жылдары бұл елдердің орны айшықталып, салмағы артып келеді. Өткен аптада болған үш бірдей саммит осы сөзіміздің айғағы.

Әрине, «о тықырмен бұ тықырдың жөні бөлек» демекші, Жапонның Хиросима қаласында өткен үлкен жетіліктің (G7) тілге тиек еткен мәселелері жаһандық болғанымен, қауіпсіздік мәселесіне келгенде Орталық Азия назарға алынды. Ал Қытайдың Сиан шаһарында өткен «Орталық Азия және Қытай», Алматыда үкімет басшылары деңгейінде болған «Орталық Азия және Еуроодақ» саммиттері түгелімен осы аймақтағы елдердің жайын күйттеді.

Мәселен, өткен жылғы көрсеткішпен қарасақ, Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасындағы сауда айналымы 70 млрд $ жеткен, Еуроодақпен арадағы сауда 49 млрд $, ал осы аймаққа ықпалы мықты Ресеймен 42 млрд $ болған екен. Дегенмен басымдық аждаһа елі жағында екенін көруге болады. Тіпті осы саммитте Қытай Орталық Азиямен құны 50 млрд доллар болатын жобаларға қол қойды. Оның 25-і Өзбекстанға, 22-сі Қазақстанға тиесілі. Бұдан тыс Қытай әртүрі салаларға қайтарымсыз 4 млрд доллар бөлетінін жария етті. Осылайша, аждаһа елі Орталық Азия республикаларын бір жырғап тастады. Мұндай атымтай жомарттықтың артында не жатыр? Орталық Азия елдерін қаржылық, экономикалық тәуелділікке алып келу ме? Елдегі «Қытай синдромын» қайда қоямыз?

«Бұдан қорқатын ештеңе жоқ. Бұл экономикалық байланыс тетіктері. Қазір АҚШ теңіз сауда жолдарына иелік етіп, өз әмірін жүргізіп жатқан соң, Қытай амалсыз сауда-саттықты кеңейту үшін құрлық жолдарын іздеп жатыр. Сондай бір «дәліз» рөлін атқаратын – Орталық Азия елдері. Әрі Қытаймен көрші жұрағат. Сондықтан Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында тірлік жасауға көшті. Демек осы жолда жатқан елдерге инвестиция құюда. Ал Қытай қаупі жөнінде ақпарат таратып келген әрі тарата беретін ресейліктер. Олар Орталық Азия республикаларын ықпалынан шығармау үшін осындай Қытай синдромын ойлап тауып, үрейде ұстауға тырысуда. Шындап келгенде Қытай ешкімді жаулап алайын деп жатқан жоқ. Экономикалық әлеуеті АҚШ пен барабар мемлекеттің қаржысы да көп. Сондықтан Қытай тек Орталық Азияға ғана емес, Латын Америкасына, Африка құрлығына да миллиардтаған қаржы құйып, инвестиция салып жатыр. Осы тұрғыдан келгенде Қытай Орталық Азияны мылтықсыз жаулап алады дегенге сенбеймін», – дейді белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Осыдан он жыл бұрын дүниеге келген «Бір белдеу – бір жол» жобасына келсек, бұл Си Цзиньпин өзі ұсынған «ғасыр жобасы» деген дақпырты бар, өте ауқымды жоба. Алғашқы он шақты жылда Бейжің бұған 932 млрд доллар қаржы құйған екен. Осы қаржының біраз бөлігін несие ретінде алған кейбір мемлекеттер кері қайтара алмай, Қытай алдында тәуелді болып қалған. Тіпті Тәжікстан қарызын жаба алмағандықтан, мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар кеніштерін амалсыз Қытайдың басқаруына беріп отыр. Мұндай жағдай Қырғызстанның, Пәкістан мен Иранның басында да бар. Алмақтың салмағын осыдан сезуге болады.

Әрине, Қазақстан да құралақан емес. Қытай алдында 9 млрд доллар қарызы тұр. Солай бола тұрса да тағы да 22 млрд долларлық келісім жасап қайттық. Екі ел арасындағы сауда айналымы бүгінгі күні 31 млрд долларды құраса, алдағы уақытта ол 40 миллиардтық межеге жетеді деп отыр тараптар. Қазақстанның әлеуеті мықты десек те, есепсіз алынған қарыздың қайтарымы барын ұмытпаған жөн-ау.

«Орталық Азияда қызық бір тенденциялар орын алып жатыр. Мәселен, 9 мамыр күні осы аймақта жатқан бес мемлекет басшысын Путин шақырды екен деп тайлы-таяғы қалмай Мәскеуге барды. Ешқандай маңызды құжаттарға қол қойылмады. Тек әскери парадты тамашалап, Батыспен текетірес отырған Путинді қолдау үшін барған сапар болды. Санкцияда отырған Ресейге жасырын көмек беріп отырғаны үшін Орталық Азия елдері Еуроодақ даярлап жатқан қайталама санкцияға ілігіп кету қаупі бар еді. Бірақ мемлекетке төнер қауіпті президенттер елеп-ескермей, Путиннің бір ауыз сөзін тастамай Мәскеулетті. Енді Си Цзиньпиннің алдынан табылды. Экономикалық байланыс әрине жақсы. Бірақ Қытай қазір АҚШ-пен дүрдараз. Бәлкім, алдағы уақытта Қытайға да санкция салынуы мүмкін. Онда Орталық Азия мемлекеттері де жанама санкциядан аман қалмауы мүмкін. Осындай қауіп барын ескермей, Мәскеу мен Бейжің арасында шапқылай беру, аймақ елдері үшін абырой емес. Демек бұл Орталық Азия елдері әлі де әлсіз екенін, өзіндік көзқарасы, ортақ ұстанымы жоқ екенін білдіреді.

Рас, 2000 жылдардың басында ресми Астана Орталық Азия одағын құруды ұсынды. Ондағы мақсат – оңды саясатпен әлеуетті экономика құра отырып, өзге жұртпен тең сөйлесу, Орталық Азия қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатын. Бірақ қолдау болмады. Орталық Азия одағы құрылғанда бүгінгі күні ол АСЕАН, Араб мемлекеттер Лигасы, я болмаса Латын Америкалық интеграция ассоциациясы секілді құрылымға айналар еді. Онда өзге жұрттың алдында «кіші бауырдың», жалтақ баланың күйін кешпес еді. Әлемдегі көмірсутегі отынының ірі қоры осы аймақта жатқанын ескерсек, Орталық Азия елдері өзге жұрттың алдында бәсі жоғары тұруы тиіс болатын. Әзірге олай болмай тұр. Өйткені көмірсутегі отынын тасымалдайтын жолдар жоқтың қасы. Ауғанстан, Пәкістан арқылы Үнді мұхитына шығайын десе аталған екі елде де саяси тұрақтылық, экономикалық өсім жоқ. Жартылай соғыс жағдайында отырған бейшара мемлекеттер. Каспий арқылы Еуропаға жол толық қаланып болған жоқ. Амалсыз Ресей мен Қытайға жүгінеді. Сондықтан бұл екі елдің айтқанынан шыға алмайды», – дегенді айтады саясаттанушы Ерасыл Ислам.

Дегенмен Орталық Азия елдерінде «мінез» болмағынмен, көмірсутегі отынына аса бай «күлшелі» мемлекеттер. Бұл елдерде талай тараптың мүдделері тоқайласып жатыр деуге болады. Ресей кешегі КСРО-ның шекпенінен шыққан бұл жұртты өз ықпалында қала бергенін қалап, әскери-саяси және экономикалық тетіктер арқылы қақпақыл қылса, Қытай үшін бұлар шикізат отаны. Ал АҚШ Орталық Азияға орныға отырып, аймақтағы Қытай мен Ресейдің ықпалын кемітуге мүдделі. Тіпті баяғыдай Қырғызстан мен Өзбекстанға әскери база орнатқысы бар. Сөйтіп, Қытай мен Ресейге бүйірден пышақ қадағандай әсер етіп, жан-жақтан қоршап, адымын аштырмау қамында. АҚШ-тың Орталық Азияға арналған 5+1 саяси жобасының осындай астарлы жағы бар сияқты. Бұған Ресей де, Қытай да қарсы.

Айта кететін бір жайт, алдағы уақытта Вашингтон мен Мәскеуді бұл аймақтан түре қуып шығуды мақсат етті ме, Бейжің Сиан саммитінде тек экономикалық мәселені қозғап қойған жоқ, саяси, әскери ынтымақтастықты, Орталық Азияның қауіпсіздігін, тұтастығын сөз етті. Демек Бейжіңнің алдағы уақытта Орталық Азиядағы ықпалы қазіргі кездегіден де арта түспек. Яғни, аймақ елдерін ұршықша иірудің қамына кіріскенге ұқсайды.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған