Смағұл Елубай, жазушы: Аштықта қазақ демографиялық жағынан ғана ұтылған жоқ

– Сіз  ашаршылық  тақырыбына  жиі  қалам тартып жүрген жазушысыз. Нәубет жылдары жөнінде «Ақбоз  үй» атты  роман дүниеге  келді, соның желісімен фильм де түсірдіңіз. Бұл тақырып сізге өте жақын секілді.

– Мен Ұлы нәубеттің тақсіретін тартқан отбасыда дүниеге келдім. Бүкіл қайғы-қасіретті жан жүрегімнен өткіздім. Бұл тек бір отбасында болған жағдай емес, исі алаш баласын баудай  түсірген,  ақ сөңке  қылып шашып кеткен зұлмат қой. Оның зардабын әлі тартып келеміз. Нақтылай түсетін болсақ, өткен ғасырдың жиырмасыншы  жылдарының  соңында Ақтөбе аймағынан  көшіп, Қарақалпақстанның  Маңғыт  деген  шарының  маңына  қоныстанған  қазақ отбасы едік. Сонда  дүниеге келдік. Әке-шешеміз, көрші-қолаң  сол бір аштық  кезеңді жиі әңгімелеп  отыратын. Демек  менің  ашаршылық  тақырыбымен таныстығым  сол  кезде басталды деуге  болады.  Өткен ғасырдың  алпысыншы  жылдарының басында  Қазақстанға  көштік. 1966  жылы КазГУ-дің  журналистика  факультетіне  оқуға  түстім. Айналамдағылардың  бәрі тыраштанып, өлең-әңгіме, өткен-кеткендерін  еске  алып  жазып  жатқандарын  көріп,  менде өткен  өмірді,  ауыл  тарихын қағазға  түсіргенді  жөн  деп шешіп, сонау  Ақтөбе  жерінен  Түркіменстанның  Ауғанстанмен  шекара аймағына  дейін көшкен ел жөнінде  «Қашқын  ауыл»  деген  романымның  сұлбасын  қағазға түсіруді бастап кеттім. Дегенмен  сол кезде аштық жөнінде  жазу  жабық  тақырыптардың  бірі  еді. Ашаршылық  жайында мұрағаттарда  болғанмен  оған  кіруге,  бұл  тақырыпты  қозғауға  тыйым салынған кез. Әрі студентпін. Роман  жазу қиынға  тиді. Амалсыз  жазуды  тоқтатып, аштық   мәселесін зерттеуге  көштім. Өйткені тақырыпты  терең білмей  тұрып,  жазуға  отыру  мүмкін емес еді. Содан   араға  біраз  уақыт салып  барып, жинағанымды  екшеп,  білгенімді  таразылап  барып романды  қайтадан  қолға алдым.

1982-85 жылдар аралығында  қазақ әдебиетінде  тұңғыш  рет ашаршылық  тақырыбын қозғаған «Ақбоз  үй»  романы  дүниеге келді. Содан романды  экрандасам деген арман  оянды. Бірақ  ол кезде аштыққа  байланысты  кино  түсірмек  тұрмақ,  бұл тақырыпты қозғаған  кітапты  шығарудың  өзі  қиын еді. Әрі  мұң болды. Дегенмен  осы  жерде алдыға  озып айта кетер бір  жайт, «Ақбоз үйді» киноға  айналдырсам деген ойым тек 2020 жылы  ғана орындалды. Сол жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен,  жәрдем  беруімен киноны  түсіру басталып кетті. Фильмнің негізгі  бөлігі Маңғыстау жерінде түсірілді. Ұлым Бекарыс режиссер,  ал мен  болсам, даланың  көшпелі  өмірі жөнінде кеңесші  болдым. Осылайша,  сонау бала күнімде естіген,  студент  жылдары сұлбасын  түсірген ашаршылық  жөніндегі шығармам   киноға  айналды.

Мен тек кітап жазып, кино  түсіріп  қойған  жоқпын, ашаршылық жөнінде ондаған мақала жаздым. Өйткені  қолы қанды кеңестік империяның исі  қазақты жоюға бағытталып,  әдейі  ұйымдастырған зобалаңын  ұмыту  мүмкін емес. Мен  ғана  емес,  алаш баласы  ұмытпауы тиіс бір  тақырып  осы ашаршылық. «Ақ боз үй» 1985 жылы бітті. Бірақ  оны жарыққа шығару  мүмкін  болмады.  Ашаршылық  тақырыбын  мұрындық  етіп, жазу  үстелінде  отырған маған  кейбір  ұстаздарым «Смағұл,  бекерге арам тер  боласың. Мына кеңестік жүйе  тұрғанда оны  шығару мүмкін емес»  дегенді  де ескерткен. Бірақ  алған  беттен қайтпадық. Өйткені қызыл  империяның қолдан жасаған нәубетінің  кесірінен айдалада  мыңдап,  жүз  мыңдап  шашылып қалған  аруақтардың өмірі  жанымды  мазалап,  көз  алдымнан кетпеді. Жаздық. Бірақ кеңестік жүйе  құлаған соң барып,  тәуелсіздіктің  таңы атқан кезде  ғана   роман жарық  көрді. Тәуба.  Сүйтсек,  біздің  өлермендікпен  жазған бұл  роман совет әдебиетіндегі  20-30 жылдардағы  ашаршылыққа арналған  тұңғыш  роман екен.

— 31 мамыр  қуғын-сүргін құрбандарын  еске алу  күнінің  формасын  өзгерту керек  дегенді  көтеріп  жүрсіз?  Не  істеуге  болады? Айтпақшы,  осы қуғын-сүргінге  ашаршылық құрбандары  кірмей  қалған  секілді.

– Дұрыс айтасың, 1997 жылы қабылданған 31  мамыр  туралы  заңда «Ашаршылық»  деген  сөзбен  басталатын. Неге екені қайдам, Кремльден  қаймықтық  па, әйтеуір  «ашаршылық»  деген  сөз  түсіп  қалып,  тек  «қуғын-сүргін  құрбандары» деген атаумен қалдырдық. Міне, содан бері отыз  жылға  жуық  уақыт  өтті.  Енді лаж  болса,  сол  заң  қайта қаралып, түзетіліп,  бастапқы  қалпына  түсуі тиіс деп  ойлаймын. Бұл күнді  негізі  «Ұлттық  аза  тұту күні»  деп  атасақ, тіптен дұрыс болар еді. Сол күні бүкіл ойын-сауық тоқтатылып, тулар  төмен  түсіріліп, барлық мешіт-шіркеулерде  дұға  оқылып, мемлекеттік деңгейде 1 минуттық жалпыұлттық үнсіздік жариялап, жоқталмай кеткен жарты халық рухына халық болып тағзым ету парыз. Сол  зұлматты  ұмытпау  үшін  бәлкім, Алматыда  «Аза» сарайы  тұрғызылған жөн-ау. Онда репрессия және ашаршылық  құрбандарының өлім алдындағы қиналысын, не болмаса арыстарымызды  НКВД жендеттері қинап жатқан жан түршігерлік сәттерін  балауыздан жасалған  мүсіндер  арқылы көрсетуге  болар еді. Мұражай ашып, балауыздан мүсіндер жасап,  өткен тарихын өзгелерге  көрсетіп  жатқан өркениетті елдер  бар.  Бізде солардан кембіз бе? Тек  жергілікті  халық  қана емес, шеттен келген  туристерде  сол «Аза»  мұражайына  барып,  шейіт  болғандарға  тағзым  етіп, халықтың  ұлы  қасіретімен  танысар  еді.

– Елімізде  бір  емес, бірнеше рет  аштық  болғаны бәрімізге  мәлім.  3-4 миллион адам  шейіт  болды,  босып  кетті  деген   нақты  деректер  бар. Жалпы  осы  аштық қазақ  ұлтының  дамуына қандай зардап  әкелді?

– Нақты  деректерге  сүйенер  болсақ,  1918-19  жылдары бір  миллион бір  жүз  он төрт  мың  адам аштан  қырылды. Ал  1921 жылғы аштықта бір миллион жеті жүз мың қазақ өлді. Тарихшылар  1932  жылғы нәубетте екі миллион екі жүз мың алаш  баласы  аштықтан  көз жұмды  дегенді келтіреді. Осыларды қоссақ, бес  миллион адамнан  айырылып  қалған екенбіз. Бұл ұлы қасірет. Ұлт үшін  орны толмас шығын. Сол  отызыншы жылдары бір миллионның  үстіндегі  қазақ шет елге  босты. Мәселен, 1897 жылы өткен алғашқы халық санағынан  бергі  жүз жиырма жылда  көрші  қырғыз жиырма сегіз есе, ал  өзбектер  отыз  есе көбейді. Тек өспей-өнбей қалған  қазақтар. Егерде Қызыл террор атанған сталиндік жүйенің қанқұйлы  саясаты  қазаққа бағытталмағанда, 1897 жылы төрт миллионның үстінде  болған алаш баласы да  сол өзге  жұрт секілді жиырма-отыз есеге көбейіп,  бүгінгі күні  жүз миллионның  үстіне шығып, мейманасы  тасқан  елдің  біріне айналарымыз хақ еді. Ең үлкен  өкініш – осы.  Әттеген-ай, жүз  миллионнан  асқан  қазақтың  тіліне де,  дініне де, ұлттық  жадына да,  ұлттық  қауіпсіздігіне де  бүгінгі күні ешқандай қауіп-қатер  болмас  еді. Соған  қол  жеткізе алмай  қалдық  қой.  Бұл  жерде тағы  мынаны еске сала кеткен  жөн, аштықта  қазақ  тек  демографиялық  жағынан  ұтылған  жоқ, аштық, адамның  жан дүниесіне әсер  берді. Сағын сындырды. Міне, ашаршылықтың зардабы осындай.

– Ашаршылық, 37 сүргіні дегенде, елдің алдында жүрген көзі ашық зиялыларымыздың  сатқындығы,  бір-бірін ұстап  беруі  соңғы кезде аз да болса айтыла  бастады…

– 37-дегі  репрессия  елімізде  100  мың  адам  қамауға алынып,  25  мыңы  атылып кетті.  Атылғандарының  бәрі исі  алаш  баласының  сүт  бетіне  шығар  қаймағы,  елді  соңына  ерте алар тұлғалары  еді. Қазақта «бір  күн  аштық көрген адамнан  қырық  күн  ақыл  сұрама»  деген сөз бар  ғой. Бір емес, үш  ашаршылықты  бастан  өткерген, сол  үрей  бойында  қалып  қойған,  советтік озбырлықтан  сағы сынып қалған жұрт һәм  зиялы  қауым әрине 37-нің зобалаңында не істерін  білмей  абдырап  қалды. Қызыл  террордың  ызғырығынан  қаймыққандар қара  басын  алып қалу  үшін  амалсыз бірін-бірі  ұстап беруге, сатқындық жасауға барды. Бұл  ащы  шындық.  Оны  жоққа  шығара алмаймыз. Архив құжаттарын ақтарар болсақ, талай дүниеге куә  боларымыз  хақ. Бүгінгі  ұрпақтың  «кешегі  зиялыларымыздың  тірлігі  мынау  ма?»  деген жиіркенішті көзқарасын тудырмас үшін, бәрін тәптіштеп  айтудың  қажеті  шамалы.  Кімге  керек, сол архивке барып  танысуына  болады. Ал  жалпы  Кремль  қазақ  зиялыларынан  қорықты. Өйткені «жаулассақ  жау  боламыз,  дос  болсаң,  дос боламыз»  деген  ұраны  бар қазақта  өзге  жұртта  болмаған «Алаш орда»  деген мықты партия  болды.  Кеңестік  жүйе осыдан  қорықты. Қазақ елі «Алаш»  партиясының  соңына еріп, коммунистердің усынан  шығып  кете  ме?»  деген  үрейден, бүкіл зиялылардың   ішіне  іріткі  салды, көнбегендерін  қамады,  атты. Сол тұста алаш жұрты,  «елім-жерім» деп, «күндіз  отырмаған,  түнде  ұйықтамаған, күлде жатқан  елін күн етсем» деп, кеңестік  озбырлықпен күрескен арыстарынан айырылып  қалды. Бұл да үлкен апат. Орны толмас қайғы.

– Осы  ашаршылық,  репрессия  тақырыбы  бүгінгі  әдебиетте,  кинода қалай  қозғалып  жатыр?

— Кеңестік заманда бұл  тақырыпты  қозғағандардың  басы кететін. Содан  болар, 70  жылдай үнсіз келдік.  Тек билікке  Горбачев келіп, «қайта құру», «ашықтық»  деген  саясатты  жүргізе  бастағанда  ғана әлгі  тақырыптар аз да  болса айтыла,  жазыла  бастады. Қазақ  қаламгерлері де осы  үдірістен табылды  деуге  болады.  Кітаптар, мақалалар  жазылды.  Кинолар  түсірілді. Бір  ұлттың  жартысынан  көбін  жалмап кеткен апат  жөнінде әлі де жан-жақты  зерттеліп,  зерделеніп  жазыла  беруі тиіс. Бұл тақырып  мәңгі нүкте  қойылмайтын  тақырып. Бұл қазақ  деген ұлы халықтың  жанайқайы,  ұлы  азасы. Сондықтан қолына  қалам  ұстағандар да,  кино  түсіргендер де бұл тақырып халықтың  есіне  «ұлтты  ойран еткен нәубеттер болған»  дегенді айта  бергені дұрыс.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған