Ресей үстемдігіне тосқауыл қоя аламыз ба?

Кезінде ТМД кеңістігінде Назарбаевтың бастамасымен құрылған, алайда Қазақстанға пайдасынан гөрі зияны басым ұйымның бірі Еуразиялық  экономикалық одақ. Бұл одақта үріп ішіп, шайқап төгіп, күлшелі дүниенің  қызығын көріп келген бірақ ел бар. Ол-Ресей. Ол жерде кедендік баж  салығынан түсетін пайданың 85 пайызы Ресейге тиселі, Қазақстан иелігінде 7  пайыз, «колхоз» диеректоры  басқарған Беларус әупірімдеп 5 пайыздың  көлемінде бірдеңе алса, Армения мен Қырғызстан талғажау етерлік мардымсыз  дүние ғана ие. Бары осы. Ең бастысы Ресей өз тауарын одаққа мүше елдерге саудалап, майлы сүйекті мүжіп отырған жайы бар.

Өткен аптада Мәскеуде Еуразиялық экономикалық форум және осы одақтың саммиті өтті. Біраз дүниенің беті ашылды, ішке сыймай бара жатқан біраз дүние тілге тиек етілді. Рас, әу баста одақ құрушылар, «экономикалық одақтың мүмкіндігі үлкен, мүшелікке Түркия, Иран, Үндістан тб. мемлекеттер кіретін болады» лепіргені  бар. Бірақ қауқарсыз Қырызстан мен Армения ғана еніп, сонымен шектеліп  қалған. Әрине алпауыттар жоқ жерде бар үстемдікті Ресей сақтап қалды.Тіпті одақ ішінен одақ құрып, балалатуды да жөн көргендей. Айтқымыз келгені тамыры бір Беларуспен Ресейдің одақ ішінен жеке отау тігіп жатқаны. Осы форумда сөз алған Қазақстан президенті Қасым -Жомарт Тоқаев бұл мәселені назардан тыс қалдырмады. «Біз ескеруге тиіс концептуал шындық немесе ерекшелік бар. Бұл – Еуразия экономика одағы аясындағы Ресей мен Беларусь одағы. Яғни әлемдік саясат тарихында бірегей құбылыс пайда болды – саяси, заңнамалық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістігі бір, біртұтас одақ үкіметі мен біртұтас одақ парламенті бар «Екі ел – бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Кешіріңіз, тіпті қазір екеуінің ядролық қаруы да ортақ» деп атап өтті. «Сөйлемейін десем- сөзім өледі» деген  қазақ тәмсілді есіне алды ма, Тоқаев ойын ашық айтты. Одақта да әділдік керек екенін меңзеді. Бәрінің тең құқұлы екенін сездірді. Өзге  одақтың керек емес екенін  емеурінмен білдірді. Осы мәселені  тілге  тиек еткен Қазақстан  президентінің  баспасөз  хатшысы Руслан Желдібай: «Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды. Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ» дейді. Форум  мен  саммитте, Армениямен Қырғыз  мемлекет басыларының айтқандарынан гөрі Тоқаевтың айтқанын жұрт сан-саққа әңгіме қылып, сөздің астарына үңіліп жатыр. Әлбетте, қырғыз Жапаров миграция мәселесін қозғаса, армиян Пашинян ЕАЭО мүшлері  Иран, Египет секілді мемлекеттермен қарым-қатынасты күшейткен  жөн десті.  Әрине  бұл  мәселерді барлығы экономикалық  одақтың  әр  саммитінде айтыла айтыла жауыр болған тақырыптар. Оған ешкім мән бере қойған жоқ. Ал, Тоқаевтың  одақ  ішінен одақ құрып  отырған Ресеймен  Беларусты  сөз  ете келіп, жалпы  одақ  жұмысын  қайта қарап,  саралайтын кез-келгенін,  ЕАЭО -қа саяси мән берудің қажеті жоқ екенін  һәм интеграция тек экономикалық сипатта ғана жүру керек дегені көпшілікке  ой  салды. Баспасөз «Тоқаев ЕАЭО-тың жұмысына көңілі толмайды, алдағы уақытта мүшеліктен бас тартуы мүмкін» деген алып-қашпа әңгіменің  көрігін  қыздырды. Саясаттанушыларда  Қазақстан  президентінің айтқан сөзінің өзегіне үңіліп, түрлі болжам, сараптама жасап жатыр. Тіпті Тоқаев Ресеймен Беларус одағы туралы сөйлеп жатқан кезде Путинмен Лукашенко әлденені айтып жымыңдасып, қол алысқаныда сырт көзден тыс қалмады. Кейінен Телеграм каналына сұхбат берген Лукашенко осы  жайт жөнінде: «Тоқаев  екі елге  ортақ  ядролық  қаруды айтқан кезде, Путин «менен қарудың қауіпсіздігіне  кепілдік бересің бе?» деді. Мен  «иә»  деп  жауап  бердім. Путин  риза  болып қолымды  алды» деп  сырғытпа жауап  берді. Шынтуайтында,мәселе бұл екі ел президенттінің не  жөнінде сөйлескенінде емес,  қазіргі  ең басты дүние Ресеймен Беларустың  Батыстың  салған санкция  құрсауында  отыруы. Ал,  мұндай  жағдайда экономикалық интеграция  жөнінде сөйлесу,  саммит  өткізу  қаншалықты маңызды? Түсініксіз. Айтпақшы, «Екі ел-бір мемлекет» жоспарын жасап  отырған Ресеймен Беларустың экономикалық  одақтағы  үлесі  тіпті арта түсері  хақ. Ал, одақтың өзге  мүшелері «баяғы жартас, бір жартастың» күйін кешіп,  азын-аулақ  пұлға шүкіршілік етіп отыра бермек пе? Әлде Тоқаев айтқандай одақтағы «ойын өрнегін» өзгерту керек пе? Ресеймен Беларустікі  не  тірлік? Олар «ортақ өгізден, оңаша бұзау артықтың» кебін  жасап, өз алдына жеке кеткісі бар ма? Рас, екі ел арасындағы одақ мәселесі көтеріліп  келе жатқанына он шақты жыл болды. Бірақ белгілі бір нәтижеге енді енді ғана қол жеткізе  бастағандай. Сонда экономиалық одаққа мүше қалған үш мемлекет қайтпек? Пайдасыз одақтың шырмауығына  шырмалғанша өзге  жол  іздеген  жөн  болар. «Қазақстан ЕАЭО-тан шығуы дәл қазір мүмкін емес» дейді экономист Мақсат Халық. «Бұл экономикалық одақ біз үшін өте бір тиімсіз құрылым болып тұр. Пайдасынан гөрі зияны басым. Ұтылып жатқан жеріміз  көп. Мәселен  Ресеймен еліміздің арасындағы сауда айналым 24 миллиард доллар болса, 18 миллиард Ресейге  тиселі, сонда Қазақстан  үлесі 6 млрд. болып қалмақ. Осының  өзі-ақ көрсетіп  тұрған жоқ па, кімнің үстемдігі  басым екенін. Тіпті Қазақстан  импортының 42 пайызын Ресей құрап отыр. Валюталық саясаттада қазақ теңгесі орыстың рубльіне тәуелді. Біз Ресейге өз нарығымызды беріп қойған елміз. Енді оны тықсырып шығару қиын. Ол тәуелділіктен құтылудың бір жолы, ол жақтан келетін тауар көлемін азайта отырып, өз өнімізді көбейту. Басқа  жол жоқ. Біз  ол одақтан бас тарта аламыз ба? Бұл өте қиын  процес. Экономикалық әлеуеті қуатты Ұлыбританияның өзі Еуроодақтан бөлінуі біраз жылға созылды. Ол алпауыт мемлекеттің  жанында  біз кімбіз? Ресей бізге экономикалық «соғыс» ашуы, әлімжеттік жасауы мүмкін. Қазақстан мұнайының 80 пайызы өтетін Каспий құбыр консорциумын жауып тастаса болды. Қазақстан тығырыққа  тіреледі де қалады. Былтыр және  биылғы жылдың басында Ресей осы мұнай айдайтын құбыр жұмысын түрлі сылтаумен бернеше рет тоқтатты. Шығын көлемі қандай екенін байқадық. Бұл Қазақстанды «жуасытуға» арналған бір тетіктің жұмысы. Ресей  қолында  мұндай тетік көп. Сондықтан Еуразиялық экономикалық  одақтан шығу Қазақстанға көп қиындық әкеледі. Экономика тұралайды, халықтың тұрмысы төмендейді дегендей. Саяси жағы тағы бар. Одақтан  шығудың мақсат етсек, алдыменэкономикалық тәуелділіктен  құтылудың жолын  қарастыру керек. Сосын  барып, одақпен  қоштасуға  болар. Ал, әзірге, Тоқаевтың өзі айтқандай Одақтың жұмысына жан бітірген жөн. Кейбір мәселелерді қайта қарап, таразылап, жаңаша құрылымдау дегендей. Өйткені қазір Ресей де, Беларуста санкцияда отыр. Еуропа және өзге елдер Ресейге тауар сатпайды. Бүкіл тауар Қазақстан арқылы өтуде. Неге онда Қазақстанның  үлесі ЕАЭО -та аз  болуы  тиіс. Міне  кешегі  саммитте Тоқаевтыңда ЕАЭО -дағы тауар саясатын өзгерту керек дегені осы мағынада айтылған. Бұған Ресей  не  дейді? Қандай уәж айтады? Белгісіз.» Демек, мақсат  халық  айтқандай, алдағы  уақытта ЕАЭО  мүшелері Тоқаевтың  ескертпелерін таразыға  тарта  отырып, одақтың тауар  саястына  деген көзқарасын қайта өзгерткені  жөн-ау. Өйткені уақыттың өзі соған  әкеліп  тұр.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған