Өзбекстан қай жолды таңдады?

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, кеше ғана реферматор атанып жүрген өзбек президенті Шавкат Мирзиеев демократиялық емес, бұрнағы Орталық Азия президенттері жүрген ескі таптаурын жолды таңдады.

Бұл – мемлекет тізгінін уыстан шығармау, лажы болса өле-өлгенше отыра беру жолы еді. Мирзиеев бұған қол жеткізу үшін елдің дүр заңына өзгерістер енгізді. 30 сәуірде өткен жалпыхалықтық референдумда қалың бұқара 200-ге тарта өзгертулер мен түзетулер енгізілген конституцияны қолдап дауыс берді. Онда президенттік мерзім, 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Екі мәрте сайлануына мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Мирзиеевтің бұған дейін отырғаны (2016 жылдан бері) есепке алынбайды. Осылайша, бір оқпен екі қоянды атқан өзбек Мирзиеев референдум өткен соң араға көп уақыт салмай кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдап, оны 9 шілдеге қойды.

Осы жерде айта кететін бір жайт, президенттен үміткерлер жеке тұлға ретінде түсе алмайды. Партия атынан ғана түсуге мүмкіндігі бар. Кеше президенттікке үміткер кандидаттардың тізімі жарияланды. Оның ішінде «Ұлттық жаңғыру» демократиялық партиясының атынан қазіргі президент Шавкат Мирзиеев бар. Сондай-ақ Халықтық-демократиялық партия – Улугбек Иноятовты, Экологиялық партия төрағасы – Абдушукур Хамзаевты, Әділет социал-демократиялық партиясы – Өзбекстан Жоғарғы соты төрағасының бірінші орынбасары Робахон Махмудовты президентке кандидат ретінде ұсынып отыр. Әрине, тізгінін уысында ұстап отырған Мирзиеевтің аты озып келетіні белгілі.

«Мирзиеев 13 жыл тапжылмай премьер-министр болған адам. Ислам Каримовтың жанында жүріп оның кемшіліктері мен артықшылықтарын безбендей алған шенеунік. Билік иерархиясының бүкіл қулық-сұмдығын әбден меңгерген. Қай жерде қандай қадам жасау керегін біледі. 2016 жылы Каримов дүние салысымен заң бойынша оның орнына Сенат спикері Нигматилла Юлдашев отыруы тиіс еді, бірақ Мирзиеев оны сырып тастап, билікті қолға алды. Сол 2016 жылғы (88,6%) және 2021 жылғы (80,1%) президент сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Сайлауларда аса үлкен нәтижемен жеңіске жету – Орталық Азия мелекет басшыларының әдеті. Өйткені бүкіл әкімшілік ресурстар қолында тұр. Конституцияны өзіне сай етіп өзгертіп алған Мирзиеевтің енді жолы ашық. Егер оқыс жағдайлар болып, тақтан түсіп қалмаса, әлі 14 жыл ол орынды ешкіммен бөліспесі белгілі. Мирзиеев кім? Ол Каримовқа ұқсамайды. Өзбекстанды 26 жыл жеке дара билеген Каримов жабық қоғамның қабырғасын қалады. Көршілерімен текетірес отырды. Ал Мирзиеев олай етпеді. Алдымен құдайы көршілерімен жақсы болуды мақсат етті. Каримов қалдырған «жабық пердені» жыртып, ынтымақтастық орнатты. Сырттан миллиардтап инвестиция тартты. Каримовтың тұсында Түркиямен қарым-қатынас дұрыс болмаса, Мирзиеев оны реттеді. Ресеймен де, Қытаймен де алыс-берісті күшейтті. Батыспен де тіл табысты. Бір сөзбен айтқанда – ішкі-сырты саяси бағытта көп өзгерістер жасады. Экономикалық реформалар мемлекетке біршама серпін берді. Әу баста, осындай сәтті қадамдар қалыптастырған Мирзиеев, алайда Каримов жүріп өткен ескі жолды таңдап отыр. Бәлкім, бастаған реформаларды соңына дейін жеткізу керек болды ма, әлде алтын тақтың арбауы өтіп кетті ме, әйтеуір конституцияға өзгерістер енгізе отырып, өзінің ұзақ жылдар билікте қалуына жол ашып алды. Бұл жол, оның бағы ма, соры ма, оны уақыт көрсетер», – дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам.

Айтпақшы, Шавкат Мирзиеев соңғы бір айда Мәскеуге екі рет барып қайтты. Бұл сапарлардың астарына үңілсек, Орталық Азияда ықпалы мығым Ресейдің және сол елді жиырма жылдан астам басқарып отырған Путиннің келісімін алу секілді. Сол секілді Қытай сапары да белгілі мақсатқа құрылған. 25 миллиард долларлық жобаға қол қою өз алдына, Си Цзиньпиннің де батасы керек-ті. Былайша айтқанда, Орталық Азияға ықпалы мықты екі елдің алдынан өтуден Мирзиеев ұтпаса, ұтылмайтыны хақ. Әккілігі мен жырындылығы қатар жүретін Мирзиеев мұндай мүмкіндіктерді құр жібермейтінін осыдан көруге болады.

«Өзбекстандағы президент сайлауы аймаққа бір өзгеріс әкеледі деп ойламаймын. Мирзиеев шексіз билікке ие болады, биліктегі мерзімін ұзартады. Болды. Өзбекстанда әлеуметтік жағдай тым ауыр. Өз жерінде еңбек етуге тиіс ер азаматтардың басым көпшілігі сыртта жұмыста. Мәселен, Ресейде 1,5 миллион өзбек мигранттары бар. Жалпы 2,5 миллион өзбек сыртта жүр. Халықтың саны тым көбейіп барады. Керемет бір экономикалық реформа жүріп жатыр деп айту артық. Егер билік өз басын күйттеп, тақта отыратын мерзімін ұзартумен айналыса беретін болса, сөзсіз толқулар тууы мүмкін. Кезіндегі Әндіжан оқиғасын еске алсақ та жетеді. Ондай дүмпулер болып жатса, Мирзиеевтің орнын сақтап қалуы екіталай. Орталық Азия мемлекет басыларының «дәстүрге» айналған бір жаман әдеті бар. Ол өле-өлгенше тақтан түспеу. Сол ғадет Мирзиеевке де жұғыпты. Бұл жақсылыққа әкелмейтін індет. Ең бастысы – елде саяси-экономикалық реформа жүрмейді. Билік қарақан басымен ғана әуре болады. Мұндай жағдай Түркіменстан мен Тәжікстанның басында да бар. Түркіменстан басшысы Бердімұхаммедов орнын ұлы Сердарға босатып берді. Ал 1994 жылдан бері Тәжік билігін қолынан шығармаған Эмомали Рахмон алдағы уақытта орнын ұлы Рустамға босатып беруге бейіл. Қазір Рустам мемлекеттегі екінші адам. Парламент Жоғарғы палатасының спикері. Тәжіктің де жағдайы ауыр. Халықтың төзімінің шегі бар. Қырғызстанға келсек, бірнеше мәрте мемлекеттік төңкерістер өткен ел. Соның арқасында біршама саяси реформаларға қол жеткізді. Алайда ол экономикалық реформалармен негізделмеген. Демек, елде тағы бір әлеуметтік жарылыс болса, Садыр Жапаров омақасуы әбден мүмкін. Қазақстандағы жағдай бәрімізге белгілі ғой. Қысқасы, Өзбекстанда өтетін кезектен тыс президенттік сайлау, өңір елдеріне өзгеше серпін береді деуден аулақпын. Бұл Мирзиеевтің билікті сақтап қалуға жасаған қадамы ғана. Басқа ештеңе емес», – дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Жалпы Орталық Азия мемлекет басыларының кезектен тыс президенттік сайлаулар ұйымдастырып, биліктегі мерзімдерін ұзартып ала берулері жақсылықтың нышаны емес. Бұл ең бірінші азаматтық қоғамның дамуына, демократиялық үрдістің кемелденуіне үлкен бөгет. Мемлекеттің мешелденуіне әкелетін әрекет. Өзбекстанда өтетін кезектен тыс сайлау соның бір айғағы сынды.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған