«Қайтқан малда қайыр бар» деуші еді қазекем. Бірақ біз күткен «малдың» қайыры шамалы болайын деп тұр. Өйткені отыз жыл бойы мүлік мүкамал ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Дүнииенің төрт бұрышына шашылған дүниені қайтару қияметтің қиыны. Айтқымыз келгені, экспрезидент кезінде талан-таражға түсіп, сыртқа шығарылған байлық жөнінде еді.
Нақты және бейресми деректерге назар аударсақ, Қазақстаннан шетке 160 миллиард доллардан 500-800 миллиард долларға дейін шығарылған екен. Дегенмен сыртқа кеткен активтің көлемі әлі де анықтауды қажет ететіні белгілі. Мәселенің үлкені «сыртқа жылыстаған осы байлықты елге қалай қайтарамыз?» дегенде болып отыр Рас, былтырдан бері «Активтерді қайтару жөніндегі» комиссия жұмыс істеп жатыр. Олардың алға тартқан дерегіне сүйенсек, шеттен 770 миллиард теңге қайтқан екен. Жүздеген миллиард доллардың жанында ол не тәйрі? Теңізге тамған тамшыдай ғана бірнәрсе емес пе? Ал, бәрі болмаса да, басым бөлігін қайтару үшін һәм байлығымыз тығулы жатқан шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу үшін арнайы заң қажет. Қазір парламент қабырғасында осы мәселені күйттетйтін «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң талқыға салынып жатыр. Депутаттардың өзіде заңның шикі тұстары көп екенін жасырып отырған жоқ. Отыз жыл бойы елімізде тек олигополияның мүддесіне сай заңдар қабылданып келсе, мына заңда соллардың мүддесіне орайластыра жасалған сынды деген әңгімелер айтылып қалуда. «Неге екені белгісіз, елдегі сайлауларда асығыс-үсігіс өткізіледі, заңдарда солай қабылданады. Халық үміт етіп, күтіп отырған осы «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды асықпай талқыға салып, түзеп-күзеп барып қабылданғаны жөн еді. Қажет пе, жалпы халықтық талқылауға салуған жөн. Бірақ жоғарыдан бұйрық солай болды ма, депутаттар жедел қарауда. Бірінші шілдеден бастап барлығы еңбек демалысына кетеді. Соған үлгеріп қалуға тырысып жатыр. Жүздеген миллиард активті елге қайтаруға мұрындық болатын заңды асығыс қарауға бола ма? Асығыстық болған жерде бәрі шикі-шалағай болып шықпақ. Бір қайнауы кем, жарымжан заң щетелдермен келісімдер жасауға жарамсыз болмақ» дейді экономист Жангелді Шымшықов. Сондай-ақ, «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының мүшелері Болат Әбілов пен Оразалы Ержанов осындай пікірде. Заң осы қалпында қабылданып кетсе, заңнан қайыр болмайды деседі. «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасына қатысты баспасөз мәслихатын өткізген олар, бірқатар кемшіліктерді тізіп берді. «Мұндағы ең ерсі норма (2-бап, 7-тармақ) – субъектінің әл-ауқаты АЕК мөлшерінен он үш миллион есе асып кетсе ғана оны негізсіз байлық ретінде тану. Бұл 100 МИЛЛИОН АҚШ ДОЛЛАРЫНА пара-пар сома! Бұл норма қабылданып жатса, мемлекет бұдан аз соманы ұрлағаны үшін сотталғандардың бәрін босатуға тиіс болады, өйткені ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес «Бәрі де заң алдында тең». Бұл норма қызметте жүрген шенеуніктер үшін кең коррупциялық мүмкіндіктер туғызады, өйткені қорықпастан 100 миллион долларға дейін ұрлай беруге болады. Сонымен қатар, жобадағы активтерді өз еркімен қайтарып беру туралы келісімге қол қойған тұлға болашақта қандай да бір қудалаудан босатылады деген ереже жөнсіз. Бұл коррупциялық ымырашылыққа соқтырады» дейді «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының басшылары. Рас, 100 миллион доллардан асса ғана негізсіз байлық деп танылып, ал оған жетпейтін бірақ халық қазынасынан ұрланған өзге дүние-мүлік есепке алынбаса, ол қандай заң? Заңның осындай күмәнді тұстары жеткілікті. Заңда «ерікті түрде не болмаса мәжбүрлі қайтару» тәртібі көрсетілен. Ерікті түрде активтерін кері қайтарған олигархқа рақымшылық жасау, қудалаудан босату қаншалықты қажет? Халықтың наразылығын тудырмай ма? Демек талқыға түсіп жатқан заңда осының бәрі ескерілуі тиіс. «Қайтарылған ақшалай емес активтердің барлығы да ҚР қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі комитетінің құзырына берілуі тиіс. Қайтарылған барлық ақшалай қаражат және ақшалай емес активтерді сатудан түскен қаржы Ұлттық қордың құрамындағы арнайы есепшотқа аударылуы тиіс. Басы артық құрылымдар құрудың қажеті жоқ» -дейді «Elge Qaitaru» мүшелері. Бір сөзбен айтқанда «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның әліде шикі тұстары бар екені көрініп тұр. Тағы бір айта кететін жайт, заң аясында мемлекеттік қор және уәкілетті орган, арнайы комиссия құрылады екен. Ұлттық қор тұрғанда басы артық мемлекеттік қор құру қаншалықты тиімді? Оны құру, ұстап тұрдың өзі бас артық қаржыны талап етпей ме? Сондай-ақ, уәкілетті орган құрамы түсінікті делік, ал комиссия қатарына кімдер енеді? Қоғам белсенділері мен депутаттар кіре ме? Атқарылатын жұмыста ашықтық бола ма? Бұл жағы әзірге белгісіз болса керек-ті. Айтпақшы, сыртқа кеткен активтердің негізгі тұрағы ретінде АҚШ, Швейцария, Англия, Франция, Испания, БАЭ, Сингапур, Гонконг және Сейшель секілді бірқатар елдермен аралдар аталады. Әзірге Қазақстан 33 мемлекетпен қылмыстық-құқылық салада 70 екіжақты келісім жасапты. Мәселе мұнда да емес, мәселе халықтың бүкіл байлығын иеленіп алған 162 миллиардердің иелігіндегі һәм әлемнің әр қиырына жасырған дүние-мүкамалы мемлекетке қайтарыла ма? Одан жұрттың ерніне бірдеңе тие ме? Әлде «Заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның атауы жақсы болғанымен, заты олигархтардың мүддесін көздеп, заңсыз дүниесін заңдастыратын тетікке айналып кете ме? Демек парламент қабырғасында қаралып жатқан заңда осының бәрі ескерілгені жөн-ау. Сөз басында «қайтқан малда қайыр бар» деп бекер айтқан жоқпыз, халықтың ұрланған несібесі толық қайтқан жерде ғана, қайыр болатынын ұмытпағанымыз дұрыс.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ