Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: «Саясаты жалтақ, экономикасы кедей, әскері әлсіз» Орталық Азия одағы құрсылса…

– Соңғы кезде Орталық Азия одағын құру туралы тағы да әңгіме қозғала бастады. Тіпті ол одақтың лидері ретінде Өзбекстан аталуда. Рас, бұған дейін де ОА одағын құру жөнінде бастама болды. Бірақ ол жоба жүзеге аспады. Жалпы ОА елдерінің бірігу мүмкіндігі қандай?

— Орталық Азия 80 миллиондық адамы, ұшан-теңіз энергетикалық ресурсы бар үлкен нарық. Батыс пен Шығысты жалғап жатқан оңтайлы дәліздік рөл атқаратын мүмкіндігі тағы бар. Осындай мүмкіндікке ие елдер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмылған жұдырықтай одақ құрып, геосаясатта өз орнын айқындап жатса, жаман болмас еді. Бірақ ОА жатқан бес ел – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан одақ құрып, ынтымақта өмір сүріп кетеді дегенге сене бермеймін. Неге? Мұның бірнеше себептері бар.

Біріншіден, лидерлікке талас. Мемлекет басында отырған адамдардың ел тағдырынан бұрын, жеке бастарының мүддесін, амбициясын бірінші орынға шығаруы. Бірінің алдында екіншісі кішірейгісі келмейді. Яғни бірі – «аға», екіншісі – «іні» болудан қашады. Бұл одақ құрудағы үлкен бөгет.

Екіншіден, бұл елдердің экономикасы ала-құла. Бұл жерде экономикалық әлеуеті жөнінде Қазақстан озық тұр. Түркіменстан жабық ел. Газға бай. Бірақ халқы кедей. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстандағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Халқының біраз бөлігі тентіреп, сыртта жүр. Қысқасы, ОА елдері арасында экономикалық интеграция қалыптаспаған. Мәдени-рухани байланыс бөлек әңгіме.

Үшіншіден, бұл бес ел де кешегі КСРО-ның шекпенінен шыққандар. Халықтың жадында қандай да бір одақ құру үрейі, яғни синдромы сақталып қалған.

Төртіншіден, ОА елдерінің арасында шекаралық дау бар. Соның кесірінен қырғызбен тәжік әлсін-әлсін қарулы қақтығысқа баруда. Мұндай даулы нүктелер өзбек пен қырғыз, өзбек пен тәжік, өзбек пен түркімен арасында да баршылық. Кейде төменде отырған елдерге қырғыз бен тәжік су жібермей қысым жасайды. Мұның бәрі реттелмей, ортақ ымыраға келмей, бірлестік жөнінде сөз қозғау қиын. Жалпы, осындай ішкі және сыртқы факторлар ОА одағын құруға бөгет болып келді.

– ОА одағын құру жөнінде бастаманы 2005 жылы Назарбаев көтерді. Бірақ өзгелер қолдамады. Яғни сол кезде Мемлекеттің тізгінін ұстап отырғандар мемлекеттің мүддесінен гөрі жеке бастарының бәсекесін бірінші орынға қойды делік. Қазір сол тұста бақталастық пиғылда болған Назарбаев та, Кәрімов те, Ниязов та жоқ. Тәжікстаннан басқасында мемлекет басына өзге тұлғалар келді. Енді мүмкіндік бар шығар?

– Олай деп топшылауға әлі ерте. Әрине, 1994 жылдан бері тақтан түспей келе жатқан, Эмомали Рахмонның орнына көп ұзамай ұлы Рустам келері хақ. Түркіменстанда Гурбанғұлы Бердімұхамедовтың орнына ұлы Сердар отырды. Қырғыз билігіне жас та болса бас болып Садыр Жапаров келді. Мирзиеев өзбек, Тоқаев қазақ билігін алды. Басшылар өзгерді. Бірақ пиғыл өзгерді ме? Белгісіз. Мәселе осында. Қазір өзбектер лидерлікке таласқандай болып отыр. Соңғы бір жыл көлемінде Самарқанда, Ташкенде бірнеше үлкен саммит өткізді. Өзбекстанды Орталық Азияның орталығына айналдыруға күш салуда. Кезінде ондай саммиттер тек Қазақстанда өтіп жататын. Қазір сол үрдісті өзбектер қолға алғандай. Десек те ОА елдері өзге мәселеден гөрі ең бірінші экономикалық интеграцияны алға шығарғаны жөн. Бұл аймақ қазба байлыққа бай. Соны бірлесе өндіріп, бірінде жоғын біріне сатып, әрі өнімді сыртқа шығаруды жолға қоя алса, жаман болмайды.

– Ресей мен Қытайдың саяси-экономикалық ықпалын қайда қоямыз? Олар ОА елдерінің одақ құруына онша мүдделі емес сияқты?

– Ол – шындық. Әсіресе Ресей ОА елдерімен үстемдік пиғылда сөйлеседі. Саяси, әскери, экономикалық тетіктерді ұстап отыр. Қажет етсе қысып алуға бейіл. Егер ОА елдері одаққа айнала алса, ондай мүмкіндік қолдан шығып кетерін сезеді. Қазір Ресей Украинамен соғыста титықтады. Экономикасы кері кетті. Әскери әлеуеті кеміді. Саяси ықпалы әлсіреді. Демек ОА елдерінің Ресей орбитасынан алыстап кетуге мүмкіндік туып тұр. Ал Қытай бөлек. Қазір экономикалық қуаты жөнінен АҚШ-пен пара-пар. «Бір жол – бір белдеу» жобасына жүздеген миллиард долларды төгіп жатыр. ОА елдері сол мүмкіндікті пайдаланып, экономиканы көтеріп алуға болады. Яғни экономикалық байланысты күшейте берген дұрыс. Өткен жолғы ОА және Қытай саммитінде Бейжің 50 миллиард долларлық жобаларға қол қойды. 25 млрд өзбекке, 22 млрд қазаққа бұйырды. Бұл жаңа логистикалық орындар, ондаған зауыт-фабрикалар, мыңдаған адамға жұмыс деген сөз. Жалпы қара қытай синдромы ОА халқына қатты әсер етеді. Бұл Ресейдің ОА елдеріне қарсы жүргізген идеологиясының кесірі. Ол елдің БАҚ өкілдері осы жөнінде жиі жазды. Қорқытты, жұрттың үрейін алды. Олардың жазбалары «қара қытай қаптаса…» деп келетін. Ресейдің мақсаты – ОА елдерін өзінің бақылауында ұстау, уысынан шығармау еді. Алайда Қытайдың өзге елді жаулап алыпты дегенді әзірге естімедік. Керісінше, Қытаймен ара-қатынасы жақсы болған үнді-қытай түбегінде жатқан мемлекеттер даму үстінде. Бізге де бұл елмен экономикалық интеграцияны күшейте берген жөн. Өйткені 1,5 миллиардтық нарық өте керек. Бар байлықты алысқа тасығаннан гөрі, көршіге саудалай алсақ, ұтарымыз мол болмақ. Әрине, мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнбейтін жағдайда. Ол елден келетін адам, жұмысшы санын шектеп отыру керек-ақ. Әрине, Қытайға да Орталық Азия республикалары бірігіп, одаққа айналғанынан гөрі, жеке-жеке өмір сүргені тиімді. ОА-ны шикізат отаны ретінде қарайтын Қытайға одақтың ортақ тілін тапқанынан гөрі, әр елмен жеке келісімге келгені әлдеқайда оңай.

– Үлкен «Тұран» одағы жөнінде де әңгіме көп.

— Рас, түркі тілдестердің біріккенін ішім қалайды. Әлемде көптеген бірлестіктер, ұйымдар, одақтар секілді Түрік жұрты әскери-саяси, экономикалық өз одағын құра алса тәуір болар еді. Әрине, оның алғашқы шарттары жасалып қойды. Бұрындары мәдени-рухани кеңес қана еді. Қазір ұйымға айналды. Қаржылай 500 миллион долларлық қоры да бар. Мұның басында Ердоған басшылық еткен Түрік мемлекеті тұр. ОА-ғы түркі жұрты Түркияға арқа сүйері анық. Өйткені Түркия әдемдегі экономикалық әлеуеті күшті жиырмалыққа кіреді. Әскери блок НАТО-ның ең қауқарлы мүшесі, алты ғасыр империя болған, мемлекет болып әбден қалыптасқан ел. Таяу Шығыс, Еуропаның біраз бөлігі, Кавказ, Ресейдегі түркі жұрты және ОА-ға ықпалы жүретін мемлекет. Алайда ОА елдерінде «КСРО-дан құтылып, енді Түркияның уысында қаламыз ба?» деген бір үрей бар. Осы үрей ортақ өгізден оңаша бұзауым артық дегенге жетелейтіндей. Жалпы үлкен есеппен алғанда ОА мемлекеттеріне Орталық Азия одағын құрғаннан гөрі «Тұран» одағын құрған әлдеқайда тиімді. Неге? Себебі ОА елдерінің экономикасы да, әскери қуаты да әлсіз. Саясаты жалтақ. Алпауыттардың ыңғайына жығыла сөйлейді, соған сай әрекет етеді. Кедей мемлекеттердің одағы әрі өзгелер үшін шикізат отаны болып қала бермек. Ол ұзақ өмір сүрмейді. Аты бар да заты жоқ, өлі одақтардың санын көбейтер еді. Болды. Ал «Тұран» одағы болып топталса, әлдеқайда ауқымды, әлеуетті болмақ

Әңгімелескен  Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған