Дос КӨШІМ, «Ұлт» тағдыры қозғалысының төрағасы: Ономастика – тәуелсіздік көрсеткіші

 «Ономастика – идеология құралы» деп едіңіз бір сөзіңізде. Осыны нақтылай кетсеңіз.

— Жер-су атауларының сол жердің тарихи иесінің қойған атауларымен аталуы – аса маңызды мәселе. Бұл – «біздің жеріміз», «біздің меншігіміз» дегенді білдіреді. Сондықтан болуы керек, жаулап алушылар, бірінші кезекте, жер-судың, елдімекендердің атауларын өзгертеді, өз тілдерінде атайды. Сол арқылы сол жердің өздеріне қарасты екенін тарихи түрде де, ауызекі түрде де, керек десеңіз, заңды түрде де бекітеді. Егер жер-судың атауларының тұнып тұрған тарих екенін түсінсек, олардың аттарының ауысуы, жоғалуы – тарихтың жоғалуымен бірдей. Екіншіден, қазіргі жас ұрпаққа көше атының неліктен Ленин аталатынын түсіндіре аласыз ба? Оның Қазақ еліне қандай еңбек сіңіргенін, қандай жақсылық әкелгенін, қандай еңбегі үшін атының көшеге берілгенін қалай түсіндіреміз? Лениннің кім екенін немерелерім түгіл, балаларым да білмейді. «Павлодар», «Петропавл» деген қала атаулары біздің әлі де отар ел болып отырғанымыздың нақты таңбасы деп білемін. Бұл мәселенің барлығы – ұлттық, мемлекеттік идеологияға жатады. Өкінішке қарай, біздер тәуелсіздігімізді қайта алғаннан соң отарсыздандыру бағдарламасын қабылдаған жоқпыз, советтік ескірген идеологиялық атаулардан арылуды қолға алған жоқпыз. Меніңше, ономастика – идеология құралы ғана емес, тәуелсіздігіміздің көрсеткіші болуы керек

 «Ономастика туралы заң» неге кешігіп жатыр?Не кедергі болуда?  Әлде Қазақстан үшін бұл заң маңызды емес пе?

— Біздің елімізде «Ономастика туралы» деп аталатын заң жоқ. («Ұлт тағдыры» қозғалысы 2009 жылы «Ономастика туралы» заң жобасын дайындап шығарды, бірақ ол да 2011 жылы дайындалған «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасы сияқты, ескерусіз қалды). Өз басым тұрғындармен кездесулерде оларға Қазақ еліндегі ономастика саясатын түсіндіруде 2021 жылы қабылданған «ҚР ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдар» деген құжатты негізге аламын. Бірақ бұл – менің «ұстанымым» ғана. Қазір ескі атауларды ауыстыруда негізгі үш бағыт бар. Біріншісі – «идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды» ауыстыру. Бұның ішіне коммунистік идеологияның көсемдері (Ленин, Сталин, Маркс, Калинин, Киров, Чапаев, т.т.) де, сол кезеңдегі идеологияға қатысты терминдер («коммунистік», «октябрь», «комсомол», «совет», т.т.) де кіреді. Өкінішке қарай, бұл ауыстырудың заңдық негізі жоқ… Меніңше, парламент не «идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар» деген терминге нақты, заңды анықтама беруі керек немесе сол «идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың» тізімін бекітіп беруі қажет. Сонда ғана жергілікті билік кеңес заманында коммунистік идеология бағытында берілген атауларды дау-дамайсыз өзгерте алады. Қазір тіл жанашырлары мен жергілікті тіл басқармалары «кеуделерін оққа тосып» тұрғындардың кеңестік менталитетін өзгертуге, сол арқылы қазақ атауларын қайтаруға күш салып, айқай-шудың астында қалып жүр, ал мемлекеттік билік «қай жеңгенің – менікі» деген ұстаныммен, ешнәрсеге араласпай отыр. Екіншісі – елдімекендердің тарихи атауларының қайтарылуы. Бұл жерде нақты тарихи құжаттар, карталар, қысқасы, нақты дәлелдер керек. Егер елдімекендердің атауларының 99 пайызы отаршылдық кезеңде, кеңестік кезеңде ауыстырылғанын ескерсек және сол уақыттағы карталардың, мұрағат құжаттарының әлі де бар екенін қаперге алсақ, бұл жол – ең тиімді тәсіл болып табылады. Үшіншісі – егер елдімекендерге, көшелерге белгілі бір тұлғаның аты берілетін болса, оның Қазақ еліне, біздің мемлекетімізге сіңірген еңбегі ғана бағалануы шарт. Бұл арқылы біз жүздеген Пушкин, Лермонтов, Тургенов пен Толстойлардан құтыла аламыз. Бірақ кеңестік тәрбие көрген орыстілді азаматтарымызға Пушкин мен Чеховтың Қазақ еліне ешқандай қатысы жоқ екенін айтып түсіндіру оңай жұмыс емес… Олар үшін Қабанбай батырдан Кутузовтың беделі жоғары

Ономастика саласын реттейтін заң қабылдауға ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Тек билікте ниет жоқ. Алайда, соңғы Құрылтайдағы Тоқаев мырзаның ономастика жөнінде пікірінен кейін сең қозғалатын болар деп үміттенеміз.

— Солтүстік және Шығыс облыстарда жиі боласыз. Бұл жақта ономастика мәселесі қалай шешіліп жатыр? Естуімізше, жер-су атаулары әлі де кеңестік кездегі орыс атауларымен аталады екен. Тарихи атауларына көшіруге неге асықпаймыз?

— Менің алыс жолда жүретін бір жолдасымның: «Омбы, Томск, Қорған, Орынбор жақтан келе жатқанда жолдағы қазақ атауларын көріп риза боламыз да, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына кіргенде Ресейдің жеріне кіргендей боламыз. Жол бойында бір ауыз қазақ атаулары жоқ» дегені есімде. Бұл аймақта 19 ғасырдың соңындағы Ресей, Украина жақтан ауып келген шаруалар мен казактардың кезіндегі, одан бері отаршылдық кезеңіндегі, кейін кеңестік замандағы идеологиялық бағытта қойылған атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Былтырдан бастап қана аудандарда, кейбір елдімекендерде тұрғындармен кездесіп, ономастика кеңістігіндегі қажетті өзгерістер туралы түсінік беріле бастады. Шынымызды айтсақ, жергілікті тұрғындардың (басым көпшілігі орыстілділер) көпшілігі елдімекендерінің, көшелерінің аттарын ауыстыруға толықтай қарсы. Бұл жерде түсіндіру жұмыстарымен қатар нақты заң қажет. Меніңше, олардың арасында Қазақ елінің мемлекеттілігін мойындамайтын, іштен тынып жүрген азаматтар да жеткілікті. Бұларға мемлекеттің ономастика бағытындағы жасқаншақтығы, жалпақшешейлігі, бұл саладағы талаптың екіұштылығы – қорқақтық болып есептелінеді. Тағы бір көңіл аударатын мәселе; ономастика саясаты – мемлекеттік саясат болып саналғанымен, жергілікті мәслихат немесе Халық ассамблеясының бұл мәселеге белсене араласқанын көре алмадым. Ашығын айтқанда, елдімекендердің аттарын ауыстыру, ең алдымен солардың жұмыстары болуы керек.

— Тәуелсіздіктің басында көше, елдімекендердің атауларын өз ата-бабаларының атына өзгертіп алған қалталылар жетерлік. Қазіргі жағдай қалай?

— Тоқсаныншы жылдары осындай келеңсіз жағдайлардың орын алғаны рас. Соның салдарынан президент Назарбаев елдімекендердің, көшелердің аттарын ауыстыруға ұзақ мерзімге тыйым салып, мараторий да жариялады. Соңғы уақытта бұндай деректерді кездестірген жоқпын. Бірақ кезінде Кеңестік жүйеге беріле қызмет жасаған лауазымды тұлғалардың есімдерін көшелерге берілуі тоқтаған жоқ. Керек десеңіз, президент Тоқаев мырзаның бастамасымен Қапшағай қаласының аты «Қонаевқа» ауыстырылды. Бұл жерде, біріншіден, қалаларға адам атын беруді шектеу қажет деген ономастика саласының басты ұстанымы бұзылды, екіншіден, қазақтың тілдік нормасы, заңы аяққа тапталды деп білемін. Қазақ адамның фамилиясын емес, атын береді (Жамбыл облысы, Абай облысы, т.т.). Біз орыс тілінің заңдылығын ұстанып, Дінмұхаммед деген атауды ысырып тастап, «Қонаев» деген фамилияны енгіздік. Осы жерде есімізге ұлы Сократтың «Өздері қабылдаған заңды ұстанбаған елдің болашағы жоқ» деген қанатты сөзі еске түседі.

Президенттің өткен Құрылтайда ономастика мәселесіне ерекше тоқталып «Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс» дегені – кеш те болса бұл бағытта өзгеше бір серпіліс болады ма деген үмітті оятты. «Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек» деген пікірін де қолдауға болады. Өз басым, «жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек» деген сырғытпа сөзді «жалпыұлттық басымдықтар бірінші орынға шығады» деген унитарлық елдің нақты ұстанымымен ауыстырар едім.

Әңгімелескен  Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған