Қазақстанның ерні кезеріп, шөліркеп жатыр… Кім қол үшін созады, кім тостақ толы су ұсынады… Үлкен мәселе. Рас, Қазақстан территориясында бағамы ондаған триллион долларлық көл-көсір байлық мелдектеп жатыр. Бірақ бүкіл тіршілік иесіне аса қажетті су тапшы.
Десек те, елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар. Бір қарағанда су қоры мол секілді көрінгенімен, шынтуайтында татымсыз. Өйткені өзендеп жүргеніміздің көбі, көктемде сулы болғанымен жаз шыға арнасы кеуіп, қабыршықтанып жататын жылғасымақтар. Көл деп көпіріп жүргеніміздің басым көпшілігі суы жарамсыз, сазды, қоғалы көлшіктер. Арналы өзендер, жағасын толқын ұрып жататын көлдер кемшін. Қысқасы, аумағы 2,7 млн. шаршы шақырым жерді алып жатқан еліміз үшін су тапшылығы айқын сезіліп тұр деуге болады. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген зерттеулерде елдегі су қоры 126 мың текше шақырым деп есептелсе, қазір ол 100 мың текше шақырымға азайған. Ал, халық саны көбейіп келеді? Қайтпек керек?
Орталық Азияда су қақтығысы бола ма?
«Орталық Азия үлкен жанжалдың алдында тұр». Өңірдің сарапшылары осылай дейді. Текетірестің негізгі себепкері шекара дауы, жер дауы немесе өзге де саяси мәселелер емес, су көрінеді.Шындығы сол, мұны жоққа шығаруға болмас. Өйткені Орталық Азияда жатқан Қырғызстанмен Тәжікстан арасындағы бірнеше қақтығыстың себепкері осы су мәселесі. Мұндай текетірестер Өзбекстанмен Тәжікстан, Қазақстан мен Қырғызстан арасында да бар. Себебі қырғызбен тәжік судың бастауында отырған елдер. Төменгі ағыстағы қазақпен өзбекті һәм түркіменді үнемі шөміштен қағып келеді. Су тапшылығы, суға байланысты жанжал Ауғанстанмен Пәкстан, Иран арасында да баршылық. Пәкстан күрішпен мақтаны экспортқа шығаруда алдынғы бестікке кіретін мемлекет. Бірақ су тапшы. Осы мәселе жөнінен Үндістанға тәуелді. Өйткені тұщы судың 80 пайызын үнділерден алады.Ал, осыдан бірер айдың көлемінде ауған тәліптері суға байланысты Иранмен қарулы жанжалға барды. Қазір Ауғанстан Амудария өзенін байлап, ұзындығы 285 шақырым болатын «Куштепа» каналын тартып жатыр. Яғни дария суының 30 пайызы ауған жеріне бұрылмақ. Бұл мәселе алдағы жылдары сусырап отырған Өзбекстанмен үлкен дауға алып келуі әбден мүмкін. Мәселен, «Су: Азиядағы келесі ұрыс алаңы» атты кітабында Нью-Делидегі саяси зерттеулер орталығының профессоры Брахма Челлани осы аймақта жатқан мемлекеттердің алдағы уақытта суға байланысты туындауы мүмкін қақтығыстары жөнінде талдау жасаған. Аймақтағы соғыстың себепшісі өзге емес, су дегенді айтады. Алайда, Орталық Азия мемлекеттері су үшін қарулы қақтығыстарға бара қою екіталай дейтіндерде баршылық. Мәселен, Назарбаев Университетіне дәріс беруші, су ресурстары мен климаттың өзгеруі саласындағы мамандық бойынша экономист-эколог Стефанос Ксенариос өңір елдерінде суға байланысты түсініспеушілік бар екені ақиқат, бірақ ол үлкен қақтығыстарға себепші бола қоймайды деген пікірде. Бәріде келісімдер арқылы жүзеге асуы тиіс дейді.
Әрине, кім қалай деседе, бүгін-ертең бұл өңірде суға байланысты қақтығыс туып кетеді деу ерте екені анық. Әлбетте, тәжіктерді де, қырғыздарды да түсінуге болады. Өздерінен бастау алатын өздерге гидростансалар орнатып, қуат көздерін өндіруге мүдделі. Бірақ трансшекаралық өзендер еш елдің жекеменшігіне кірмейді. Әлбетте, Сырдария мен Әмудария трансшекаралық өзендерге жатады. Сондықтан Тәжікстан да, Қырғызстан да екі өзенді жеке меншігіміз деп жариялап, ойларына келгенін істеуге құқылы емес. Ол – халықаралық заңға қайшы. Ең бастысы, осы аймақта жатқан бес ел су мәселесін үстел үстінде отырып, бәтуалы шешкені жөн. Айтпақшы, өңірдегі суды пайдалану жөнінде 1992 жылы қабылданған Алматы келісімі бар. Бірақ қаншалықты өз күшінде жұмыс істеп тұр, ол жағы әзірге белгісіз. Тұщы су мәселесі тек Орталық Азия елдерінеде ғана тиселі проблема емес. Әлем бойынша қат дүниеге айналуда. Жалпақ жаһандағы халықтың 45,3 пайызы өмір сүріп жатқан 145 мемлекет 263 трансшекаралық өзендерді пайдаланады. Қазір осы мемлекеттер арасында да су дауы көтерілуде. Мұның арты үлкен қақтығыстарға алып келуі әбден мүмкін. Бұл – ақиқат. Өйткені әлемдік ауа райының күрт жылынуынан таулардағы мәңгі мұздақтар еру үстінде. Мұзтаулар түгесілген кезде, құрғақшылық басталары заңдылық. Мұның арты әлемдік дағдарыс, аштыққа алып келеді. Халық жайлы жер іздеп, қоныс аудару басталады. Бұл миграциялық соғыстардың шығуына себепші болуы мүмкін.Су тапшылығының осындай себеп салдары бар.
Сібір өзендері Қазақстанды құтқара ма?
Әңгіменің басында Қазақстан шөліркеп жатыр деп бекер айтқан жоқпыз.Өйткені елімізде су тапшы. Шөлді-шөлейтті өңірлер жетеді. Ең ірі Орал, Есіл, Ертіс, Іле, Шу, Талас, Сырдария трансшекаралық өзендерге жатады. Қазақстан Ресеймен Қытайға, қырғызбен өзбекке тәуелді. Аталмыш арналы өзендер бастауын осы мемлекеттерден алады. Нақтылайтн болсақ, көрші елдерден келетін судың мөлшері 44 текше шақырым. Ресейден – 7,4 т/ш, Өзбекстаннан – 13,7, Қырғызстаннан – 3, Қытайдан – 19,9 т/ш су келеді.Өз ішіміздегі өзендердің жылдық көлемі не бәрі 105,5 текше/шақырым. Демек еліміз су жағынан көршілерге тәуелді екенін осыдан көруге болады. Әгәрәки, болжамдарға иек артсақ, 2050 жылы Қазақстанда мұздақтар еріп бітетін көрінеді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, осы мерзімге таяу уақытта ғаламдық жылымық салдарынан Қазақстанның ауа температурасы 3 градусқа артады. Соның нәтижесінде шөлейт жердің көлемі солтүстікке қарай 300-400 шақырымға ендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. Бұл жақсылықтың нышаны болмаса керек-ті. Қысқасы алдағы уақытта еліміз үшін тұщы су қасқалдақтың қанындай қат дүние болмақ. Қазақстан айтақырға айналмас үшін, қайпек керек? Осы тұста бұрынан айтылып, бірақ орындалмай келе жатқан Сібір өзендерін Қазақстанға, үлкен есеппен алсақ Орталық Азияға бұру мәселесі еске түседі.
Тарих жүлгегіне көз салсақ, Сібір өздерін Орталық Азияның шөлді өңірлеріне бұру мәселесі Сталиннің алдынада қойылған көрінеді. Бірақ Кеңес елінің жез мұртты көсемі ұсынысты қабыл алмаған секілді. Бұл мәселе 1960 жылдардың соңында тағы көтеріліп, 1970 жылы Кеңес елі арнайы қаулы қабылдады. Онда Обь өзенінен Қазақстан арқылы Өзбекстанға дейін су тарту мәселесі қойылды. Алып жобаның құны 33 миллиард рубль еді. Сол кезбен айтсақ, бұл астрономиялық баға болатын. Бірақ су барған өңірдегі өндіріс орындарынан түсетін пайда жылына 7,6 миллиард деп есептелді. Демек, Кеңес елі Сібір суын Орталық Азияға бұрғаннан еш ұтылмайтын -тұғын. Алайда бұл жоба ұзақ тартыстың арқасында тек 1983 жылы ғана бекітілді. Бірақ жүзеге аспады. Негізгі себеп, Кеңес елінің Ауғанстандағы соғысы бар қаржыны «жеп» қойды. Орталық Азия елдері үміт еткен алып жоба осылай құрыдымға кеткен-ді. Десекте, бұл мәселе оқтың-оқтың көтеріліп келді. Тек бастама, әңгіме жүзінде. Өткен аптаның соңын Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Ресей мемлекеттік думасының депутаттарына тағы осы мәселемен шыққан еді. «Біз мұнаймен газды тб.тауар ретінде сатамыз. Неге суды да сатпасқа? Онсызда көктем кезінде Сібірді тасқын басып, су алып кетіп әуреге түсеміз. Миллиардтаған рубль шығын келеді. Онданша, артық суды шөлдеп жатқан Қазақстанға, одан ары Өзбекстанға берейік. Сүйтіп екі жеп биге шығамыз» дейтіндерде Ресейден табылды. Олардың ішінде су ресурстарын зерттеп жүрген ғалымдарда бар. Бірақ иә бірақ дейтініміз, бәрі қаржыға тіреледі. 2003 жылы Ресейдегі Су мәселесімен айналысатын ғаламдар Сібір суын Орталық Азияға жеткізу үшін кем дегенде 300 миллиард доллар керек екенін есептеп шығарған екен. Ал, бұл жобаның құны қазіргі күні бірнеше есеге артып кеткені белгілі.
Ал, мұндай қомақты қаржыны Ресей бөле ме? Қазақстанның қаржылық әлеуеті жете ме? Ең үлкен мәселе осы. Әрине, суын тауар ретінде пұлдап сатқысы келген Ресей алып жобаны қаржыландыруға мүмкіндігі бар. Бірақ Украинаға жасап отырған басқыншылық соғыс ол елдің қаржылық ресурысын шектеп тастағаны белгілі. Қанды қақтығыстың кесірінен қазір Ресей экономикасы титықтап, кері кетуде. Демек, ол елдің әлеуеті қазір Сібірден Қазақстанға су каналын тартуға жетпейді. Қазақстанның мүмкіндігі қандай? Ұлттық қорында не бәрі 58 млрд. доллардан аспайтын қаржысы бар Астана мұндай ірі жобаға тәуекел ете алмасы белгілі. Әрі жемқорлыққа белшесінен батқан елде үлкен қаржыны қажет ететін ғасырлық жоба тағыда ақша «сындырудың» кебіне айналар еді. Дегенмен «Обь, Ертіс өзендерінің 7 пайыз суын елімізге бұра алсақта жетеді. Көп қажет емес. Су каналы Торғай даласымен келіп, Бетпақ дала арқылы Сырдарияға құяды. Одан ары Аралға барады. Канал жағалай талай елдімекен тұрғызылып, жүздеген мың адам жұмыспен қамтамассыз етіледі. Қазақсанның экологиясы дұрысталады. Тіпті орталық Қазақстанда бірнеше су қоймаларын тұрғызуға болар еді. Әсіресе батыстан шығысқа 500, солтүстіктен оңтүстікке 300 шақырымға созылған яғни 75 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан Бетпақ даланы Сібір су арқылы неге адамға жайлы қонысына айналдырмасқа» дейді экологиялық жасылдар партиясы «Байтақтың» басшысы Азаматхан Әміртай. Ал, тұщы су мәселесін зерттеп жүрген профессор Тоқтамыс Меңдібаев былай дейді: «Бұл жобаны жүзеге асыруға болады. Оған 300 млрд. доллар кетеді деп айта алмаймын. Қазір канал қазып, үлкен шығынға батудың қажеті шамалы. Әрі канал арқылы ағатын судың 60 пайызы жоғалады. Өйткені жаһандық жылыну кезінде судың буға айналуы тым күшейіп бара жатыр. Ондай болмас үшін, Сібір суын елімізге құбырлар арқылы жеткізу керек. Бұл әрі арзанға түседі, әрі суды жоғалтпаймыз. Егерде бұл жоба жүзеге асып жатса, Аралға су барып, теңізді сақтап қалуға болады».
Әрине, алдағы уақытта жоба жүзеге асып жатса ешкімге жаман болмасы хақ. Бірақ бұл жерде бірнеше мәселенің шеті қылтиып тұр. Әлдетте, Ресей суды тегін бермесі анық. Өйткені мұнайда, газда түгесіледі. Қысқасы көмірсутегі отындарының заманы өтеді. Ал су мәңгілік. Суды Қазақстанға одан әрі Орталық Азияның республикаларына сату арқылы Ресей саяси ойынның жаңа бір өрнегін құрмақ. Яғни біріншіден көз-көсір пайда табу, екіншіден су Мәскеудің Орталық Азияға ықпал ететін басты құралына айналады. Жұмыртқадан жүн қырқып қалуға тырасатын Кремль мұндай мүмкіндікті пайдаланары хақ. Екіншіден, Ресей келісім беріп,Сібір өзендерін Қазақстан өз күшімен тартатын болса, үлкен қаржы салынары белгілі. Бірақ еліміздегі талай ірі жобалардың жемқорлықтың кесірінен сиырқұйымшақтанып кеткені секілді, бұл жобада соның кебін киіп, құрыдымға кетпей ме деген күдік жоқ емес. Десекте, шөліркеген Қазақстанға Сібір өзендерін бұратын кез келді.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ