Қазақстандық шіркеулер Мәскеудің қол астында қала бере ме?

Алматының  бір  шетіндегі шіркеу ауласына  орыстың православтық  әулиесі, «ұлы» кінәзі, даңқты қолбасшысы һәм  «дипломаты»  Александр Невскийге  (шіркеу  соның атымен аталады)  ескерткіш  орнатылуы қазақы  қоғамда үлкен  дау тууына себепші  болды. Пікірлер  қақ  жарылды. Бірі  ескерткіштің  тұрғызылуына  қарсы  болса, екіншісі «ешқандай тарихи  маңызы жоқ ескерткіш,  одан бізге келіп-кетер қауіп нөл» деген уәж айтты.

Әлбетте, қаланың  қақ  ортасында  емес, жұрттан  оңаша, ғибадатхана ауласына орналасқан ескерткіштің расында ешқандай  идеологиялық мәні болмауы  мүмкін. Бірақ шіркеудің Қазақстан заңдық  қағидаларымен  өмір сүрмейтінін, Ресейлік яғни  Мәскеу патриархатының бір бөлігі болып  саналатынын, сол  жаққа тәуелді екенін ескерсек, бір қатердің бұғып жатқанын  байқауға  болатындай. Осы орайда, діннің тұтастығы – елдің тұтастығы дегенді  қанша қайталасақта,  шынтуайтында сәл  нәрседен  ши шықса, елдегі  діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтыратыны  ақиқат нәрсе. Дүниедегі  діни  соғыс,  ең  қиын  соғыс. Айтқымыз келгені ол  емес,  тілге  тиек еткеніміз, еліміздегі праваславтық шіркеулердің өз  қолы өз аузына жетсе,  өзгеге бағынышты  болмаса деген  лепес.  Мұндай пікірді жақында қазақстандық православ дінбасы Яков Воронцовта айтқан. Ол қазақстандағы шіркеуді орыс  православ шіркеуінің  басшысы Кирилл басқаратынын, епископтыда солар  тағайындап жіберетінін айта келе, қазақстандық  шіркеу автономды  болса жөн еді деген-ді. Оңды  пікір. Өйткені  тәуелсіз елдің дініде  өзге  жұртқа  тәуелді  болуы  тиіс емес.  «Ол  үшін еліміздегі  ҚМДБ  бар, ассамблея  бар, шіркеу  басшылығы  бар  бәрі  жиналып, бұл  мәселені шешетін уақыт  келді»  дейді  саясаттанушы  Ерасыл Ислам.  «Темірді қызған кезде  соқ» демекші, уақыты  келіп, пісіп жетілген  мәселені дер  кезінде шешпесек, оның залалы қиын болмақ. Елімізде төрт мыңға  тарта дініи бірлестіктер  бар. Соның ішінде православтардың 342 бірлестігі, католиктерде  86, протестанттарда 595, иудейлерде 7  бірлестік  болса  ал буддистердің 2  бірлестігі  бар көрінеді.  Қысқасы  елімізде  төрт  мыңға  тарта  жұрт  құлшылық ететін ғибадатхана  бар деген сөз. Бұдан тыс қаншама секталар  жұмыс істейді. Онда  қандай уағыз айтылады?  Елдің береке-бірілігі,  қоғамдағы  тұрақтылық  жөнінде  ме, әлде ұлттар арасына іріткі салу  мәселесі айтыла  ма?

Тағыда  нақтылай  түссек, православтық храм  саны 301, католик  шіркеуі 108, протестанттардың 406  құлшылық  үйі бар. Бұлардың  саны  көбеймесе азайып  жатқан  жоқ. Сол секілді синагога, кришнаид, Иегова куәгерлі, Бахай, Будда тб. храмдарын  қосыңыз. Егерде  осылардың  бәрі  өзімізге  емес, сыртқа  тәуелді  болса, өзгенің айтқанымен  жүріп  тұрса  не болмақпыз. Ертең «православтықтар Невскийге  ескерткіш  қойды, біз  одан кембіз бе?» деп   өзге  храмдар  мен құлшылық  үйлері өз әулие-әмбилеріне арнап ескерткіштер  қоя бастаса  қайтпекпіз.  Тағыда,  «аулада  тұрған тастұғырдың  ешқандай тарихи маңызы, идеологиялық  негізі  жоқ»  деп  қол  қусырып  отыра  береміз  бе? Сондықтан осылардың  бәрін реттеп,  бір ізге түсіретін заңдық  пәрмені бар жарғы қажет»  – дейді  саясаттанушы.

Алайда,  Қазақстан  зайырлы  мемлекет  болғандықтан, діннің  үстемдігіне жол  жоқ. Тіпті  дінді  мансұқтауға  тиісті емес. Солай  бола  тұрсада, өз  жерінде  тіркелген діни бірлестіктерге өзге  жұрттың ықпалы  жүргеніне,  өзге  жұрттың идеологиясын тықпалағанына  қарсы  тұра  білгені жөн. Демек, дінгеде дербестік  керек. Православ дінбасы Яков Воронцов: «Елде өзін-өзі басқаратын шіркеу құру мәселесі тоқсаныншы жылдардан бері көтеріліп келеді. Қазақстандық шіркеу автономды болуы керек»  деген  сөзінде жан  бар.Айтпақшы бұдан біраз  бұрын Украина православие шіркеуі – Орыс православие шіркеуінен бөлініп өздерін Киев патриархаты деп атағаны белгілі. Ал,  біз  не  деп атаймыз? Әлде қазақстандағы шіркеуді орыс  православ шіркеуінің құзырына  беріп қойып, қарап  отыра  береміз  бе? Бүгін ескерткіш қойған  олар, ертең тағы бір идеологиялық тетігін іске қоспасына кім кепіл? Елімізде православ дінін  ұстаушылар  саны, ислам дінін  ұстаушылардан кейін  екінші  орында  тұрғанын  ескерсек,  Мәскеудің иелігіндегі шіркеулер  кімнің  әнін айтып, кімнің биін билейтіні  белгілі. Демек, мұны  әскери тілмен айтқанда көмулі жатқан «мина»  деуге болады. Ал,  оның жарылуы кез-келген уақытта  болуы мүмкін. Ең қауіптісі  осы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған