Қаңтар оқиғасынан кейін халық үлкен өзгерістер күткен еді. Өйткені президент және оның айналасы «екінші республика», «Жаңа Қазақстан» деген әңгімені айта бастады. Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, президенттік сайлау, Сенат сайлауы, Мәжіліс сайлауы сияқты дүркін-дүркін өткен сайлаулар жұртты игі бір ойға жетелген. Халықтың көкейінде жүрген мәселелер биік мінберден көтерілді. Ескі жүйе түп-тамырымен жойылып, қоғамда әділеттілік орнайды деген үміт пайда болды.
«Әулеттің» айналасына топтасқан ескі кадрлар биліктен тайдырылды. Біразы шет елге қашты. Шортаны бар (Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды), шабағы бар осында қалған біраз адам ұсталды, түрмеге тоғытылды. Экс- президенттің атақ-дәрежелері, қол сұғуға болмайтын шектеулері алынып тасталды. Мұның бәрін бұқара елдегі үлкен өзгерістің нышаны деп қабылдаған. Дегенмен соңғы кезде, биліктің саясатта, экономикада, әлеуметтік салада реформаларды бастау жөнінде ертегіге ұқсас әңгімелері айтылған күйі қалып, әу баста басталған «жылымықтың» соңы сиыр құйшақтанып кеткен еді. «Жаңа Қазақстан» құру мәселесіде тұйықталып келе жатқандай. Қаңтар оқиғасынан кейін арада бір жарым жыл өтті. Не өзгерді? Ауыз толтырып айтатын дүние жоқ секілді. Экс-президенттің дәуірінде айтылған әдемі әңгіме, қазірде сол қалпында қайталануда. «Ескі Қазақстанмен» «Жаңа Қазақстанның» арасында еш өзгеріс болмай қалғандай. Ескіні күйреттікпе деп жүргенде, керісінше «Ескі Қазақстанның» соның ішінде «әулеттің» маңына топтасқандардың үндері соңғы кезде жарқын-жарқын шығып, күш ала бастаған сынды. Соның бір көрінісі, Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевтің «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, ал Нәби Айтжановтың KEGOC-тың жаңа басшысы болып сайлануы. Нәби Айтжанов бизнесмен Дінмұхамед Ыдырысовпен бірге жұмыс істеген. Еске сала кетсек, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС-сы Дінмұхамед Ыдырысовтың бақылауында. Өзі биліктің майлы жілігін армансыз мүжіген, Назарбаевтың оң қол, сол қолының бірі болған мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің құдасы болып келеді. Айтпақшы, былтыр ақпанда Мәжілістегі спикерлік орнын босатып берген Нұрлан Нығматулиннің қазір қайда жүргені белгісіз. Ал, былтыр Тараздағы «Қазфосфат» ЖШС -ны басқаратын ұлы Нұрхан Нұрлановқа байланысты дау болып, директорлықтан кетті деген сыбыс шыққан. Алайда, сол Нұрхан Нұрланов ЖШС да өз орнын сақтап қалғанға ұқсайды. Олда болса, Нұрлан Нығматулиннің әліде билікте ықпалы бар екенін айғақтайды.
Жалпы, қаңтар оқиғасынан кейінгі өліара кезең өткен соң, бұрынғы басшылықта болғандардың қайтадан бас көтере бастауы нені көрсетеді? «Жаңа Қазақстанның» жаңа кадрлары қайда? Әлде ескі жүйе аралықта болған сәл үзілістен кейін, күш алып, қайтадан үстемдігін жүргізе бастады ма?
«Қазіргі президентпен экс – президент арасында белгілі бір деңгейде ымыраластық орнап, келісімге келген сыңайлы. Мәселен, «Транстелекоммен» KEGOC-тың басшылығын «әулетке» жақын жүрген адамдардың «басып» ала бастауы соның көрінісі. Шынтуайтына келсек, Транстелекомда, KEGOC та мемлекет үшін өте маңызды, стратегиялық мәні зор компаниялар. «Транстелеком» теміржолдың байланыс саласын қамтамасыз етсе, KEGOC еліміздегі біртұтас электр энергетикалық жүйесінің операторы. Осыларды ескі жүйеге жақын адамдардың басқарылуына беруі, жақсылықтың нышаны емес. Егерде ескі жүйе бас көтеріп, қаңтардағыдай жағдай қайталанса, олар кез-келген кезде елдегі електрді өшіріп тастай алады. Бұл деген мемлекеттік деңгейдегі апат деген сөз» дейді саясаттаушы Ерасыл Ислам.
Демек, «Жаңа Қазақстан» «Ескі Қазақстанның» ыңғайына жығылып, дегеніне көнетін болса, онда өз қолымен өз «көрін» қазып жатыр деуге болатындай. «Әулетке» жақын адамдардың әліде билікте орнын сақтап қалуы, мемлекеттік маңызы бар мекемелерге басшылыққа келуі, қаңтардан кейін түрмеге түскен біраз «шортандардың» отыру режимі жеңілдеуі, экс-президенттің «әмияны» атанған Еуразиялық топтың Шығыс Қазақстандағы энергетика саласын алуы сияқты жағдайлар соңғы кезде халықтың билікке деген сеніміне селкем түсіргендей. Өйткені қаңтар оқиғасынан кейін биік мінберден берілген уәделердің көбі сөз жүзінде қалып қойғаны белгілі. Әсіресе, «Транстелеком» мен KEGOC басшылығына ескі жүйедегі әлеуетті адамдардың жақындары келуі қоғамда үлкен пікір талас тудырып жатыр. Көпшілік ескі жүйенің өкілдеріне Жаңа Қазақстанда «орын жоқ» деседі. Бірақ «Жаңа Қазақстанды» тілмен жағы қарыспай әмбеге жарнамалап жатқан билік, жаңа жүйені ескі кадрлармен жасақтағысы келетіндей ме, қалай? Түсінбедік.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ