Ресей Қазақстанға тағы қыр көрсетті. Бұл жолы Қытаймен Орталық Азиядан келетін тауарды қазақ жерін айналып өтіп, Каспий теңізі арқылы тасымалдауды жөн көргенге ұқсайды. Бұдан кім ұтпақ, кім ұтылсқа шықпақ? Әрине, Ресейдің асығы алшысынан түсері хақ. Тек қаржылық қана емес, ең бастысы Орталық Азия республикаларының арасына сына қағу, ауыз бірлігіне нұқсан келтурі жағынан.
Күрделі мәселенің күрмеуін шешуге тырыспас бұрын, дүрдараздықтың себебі неден басталды дегенге үңіліп көрелік. Украинаға басқыншылық соғыс ашқан Ресей, озбыр тірлігі үшін әлемнің қарсылығына тап болды. Санкция салынды. Одақтас болып отырған жұртта Ресейдің әділетсіз ісіне қырын қарады. Соғысты қолдаудан бас тартты. Соның бірі Қазақстан. Ресми Астана бір емес, бірнеше рет Қырымды, Донецск мен Луганскіні мелекет ретінде мойындамайтынын ескертті. Бұл әрине Мәскеуге жақпағаны анық. Онысын Каспий құбыр консорциумының жұмысын әлде неше рет түрлі сылтаумен тоқтатуы арқылы білдірген. Әлбетте, бұл құбырымен қазақ мұнайының 80 пайызы өтетінін ескерсек, Қазақстанға үлкен зиян келгені белгілі. Ендігісі мынау. Мұныңда сыры белгілі. Ресей санкцияны айналып өтіп, Қазақстан арқылы тауар тасуды жолға қойған еді. Бұл Батыс елдеріне белгілі болып қалып, АҚШ және Еуроодақ тарапынан Астанаға ескертулер жасалды. Ескерту өз алдына, Қазақстан дәліздік рөлді атқара беретін болса, санкциядан құр қалмайтынын айтты. Ресми Астана қосақ арасында кетпеудің қамын жасап, еліміз арқылы Ресейге өтетін тауарларды қадағалауды күшейтті. Шекара бекеттерінде апта тұрмақ айға созылған кептелістер пайда болды. Бұл әрине соғыс жағдайында отырған Ресейге өте тиімсіз еді. Өйткені әскери мақсатқа қолданылатын құрал-жабдықтар аса қажет -тұғын. Содан болар, амалсыз Қазақстанды айналып өтетін балама жолдарды іздеуді бастады. Соның бірі Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан арқылы келіп, Каспий теңізін көктей өтіп ресейлік Астрахан қаласына апаратын бағыт. «Егер Қазақстан тауарларды шекара бекеттерінен тоқтаусыз өткізіп жатса, Ресей мұндай айналма жол іздемес еді. Әрине ресми Астана Батыстың Ресейге қарсы салған санкциясының қағидаттарын бұзғысы келмейді. Олай болмаған жағдайда, өзі санкцияға тап болады. Сондықтан амалсыз жасалып отырған қадам екенін сеземіз. Дегенмен Қазақстан ЕАЭО мүше болғандықтан қандай жағдай болмасын, мідеттемелерді бұзуы тиіс емес еді» дейді ресейлік сарапшы Андрей Князев. Ал, қазақстандық саясаттаушы Ерасыл Ислам: «Ресей екі жеп биге шығуды көздеп отыр. Біріншіден, егер балама жол пайда болса, Қазақстанның Батыспен Шығыс, Солтүстікпен Оңтүстік арасында дәліз болу мүмкіндігіне айырады. Екіншіден, алдағы уақытта одақ болсақ деп отырған Орталық Азия елдері арасына сына қағады. Алайда, бұл балама жолдың іске асуы екіталай. Өйткені бұдан бұрын табаны төсіліп қойған «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жолы тұр» – дейді.
Осы тұста Қазақстан арқылы өтетін «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» магистралды жолына тоқталып оның мүмкіндігімен болашағы туралы тілге тиек ете кеткенді жөн көрдік.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бағы тая ма?
Бұл жолдың Қытай үшін де, Қазақстан үшін де, Еуропа үшінде маңызы зор. Ресеге де тиімді. Бұл жол Қытай тауарын Қазақстан, Орталық Азия, Ресейдің батыс өңірлеріне және Еуропаға тасымалдаудың ең қысқа бағыты деп есептелінеді. Бұл Шығыспен Батысты жалғайтын 40 күндік теңіз жолын 4 есеге қысқартып отырғаны белгілі. Қысқасы, Қытайдан бастау алып, Қазақстанды көктей өтіп, Ресейдің Санкт Петербург шаһары арқылы Еуропаға шығатын жолдың ұзындығы 8445 шақырым болса, оның 2 787 шақырымы еліміз арқылы өтеді. Егерде үш мемлекеттің жерін басып өтетін жол құрылысы толыққанды біткен кезде, Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа жылына 30 миллион тоннадан астам тауар тасымалданды деп межеленген. Демек «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің маңызы зор. Елімізде бұл жолдың бойында 200 ден астам елдімекен орналасқанын, онда бес жарым миллион халық өмір сүретінін ескерсек, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ел экономикасына айтарлықтай серпін беретінін бағамдай беруге болады. Қысқасы, баяғы Ұлы Жібек Жолы арада бес ғасырдан соң қайтадан жаңғырып жатыр десек артық айтпағанымыз. Қазақстан тарапы 825 миллиард теңге құйса, Ресей жағы өз жерінен өтетін жолға 539,6 млрд. рубль жұмсап отыр. Аз қаржы емес. Енді келіп осыншама қаржы құйылған жолды іске алғысыз етіп, балама жол іздеу Ресейге тиімді ме? Қазақстан қайтпек? Қытайдың не ойлағаны бар?
«Бір нәрсені ескерген жөн. Қазақстан тарапы, Ресейге деген тәуелділіктен құтылау үшін, өз тауарын, соның ішінде көмірсутегі отындарын тасымалдау үшін балама жолдар іздеп, Капий теңізі арқылы Грузияға, Әзірбайжанға ары қарай Түркия, Еуропаға шығатын жолдар қарастырып, тіпті аздап болсада осы бағыттар арқылы тасымалды жүзеге асара бастады. Ал, Ресей осыған қарымта ретінде қадам жасап жатыр деуге болады. Дегенмен, мұның саяси астарыда бар. Әрі экономикалық тиімді жағыда бар. Әрине Ресей үшін үш мемлекетті басып өтіп тауар тасығаннан гөрі, бір мемлекет арқылы соның бәрін алғаны ыңғайлы болмақ. Ол үшін Қазақстан кедендік тарифтерді көтермей, келісілген деңгейде ұстап тұрғаны жөн. Ондай жағдайда Ресей Қазақстаннан бас тартпас еді. Әрі бұл тасымал үшін пайда көріп отырған Қазақстанғада тиімді болып қала бермек. Алайда Қазақстанның Қытаймен шекарадағы кеден бекеттеріндегі тазалықтың жоқтығы яғни сыбайлас-жемқорлық кесірі тасымалға үлкен бөгет болуда. Осының өзі Ресейді амалсыз өзге бағыттарды іздеуге итермелеп отырған факторлардың бірі. Қытайдың не ойлағаны бар дегенге келсек, Қытай бір ғана көлік жолын салып, Қазақстанға тәуелді болып қалуды қаламайды. Сондықтан Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанды басып, ары қарай Еуропаға шығып кететін темір жол құрылысын бастап жатыр. Алдағы уақытта тауар тасымалының негізгі бөлігін сол бағыт атқармақ. Онда да, ол жолдың бойында дұрыс логистикалық тізбек қалыптастыра алса. Ал, Ресей сол жолды пайдаланып қалуға тырысуда. Әрине мұның бәрі Қазақстанды белгілі бір табыстан қағылуына алып келеді. Бірақ «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жолының бағы таяды деуге келмес. Бірі темір, екіншісі көлік жолы болып тасымал қызметін атқармақ. Ең бастысы кәсіпкерлер қай жолды таңдап өз жүгін алып жүрмек. Бәрі соған тіреліп тұр. Ұтылып қалмас үшін Қазақстан тарапы тарифтік бағаларды өзгеге тиімді етіп ұсына алса болды. Сонда пайдадан кенде болмайды» дейді белгілі экономист Мақсат Халық.
Егерде жолдың инфрақұрылымын ұстап тұру үшін жылына 3 млрд. теңге бөлінетінін ескерсек, онда осы бағыттағы жүк тасымалы өзге арнаға ауып кетпеу үшін Қазақстан тарапы белгілі бір деңгейде жіңілдіктерге баруға тиіс. Әйтпегенде, пайда тұрмақ, жолды ұстап тұрудың өзі мұңға айналатыны қазірдің өзінде белгілі болып қалды. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәліздің бағын байлайтын екінші бір мәселе ол соғыс. Әділетсіз соғыстың авторы болып отырған Ресейге санкция салынды. Осы себепті Ресейдің Еуропаға шығатын барлық жолына тосқауыл қойылды деуге болады. Мұның бәрін аждаһа елі таразыға тартып, Ресейді айналып өтетін жолды қарастырғаны анық. Ол бағыт, Орталық Азия арқылы Қазақстанмен Ресейді айналып өтетін темір жол. Бұл мәселе, өткен мамыр айының 19 күні Қытайда ОА басшыларымен өткен саммитте шешілген. Бірақ қазіргі құны 8 млрд. доллар деп есептеліп отырған бұл жоба қашан жүзеге асады? Бұл жағы әзірге белгісіз. Осы тұста Қытайдың Қазақстан арқылы өтетін тағы бір темір жол бағыты барын еске ала кеткен жөн. Тауар Қытайдан шығып (Сиань қаласынан) қазақ жері арқылы Ақтау портына келіп, кемелерге тиеліп Әзірбайжанға жетеді. Сол жерден қайтадан жүк вагондарға тиеліп Грузия, Румыния, Венгрия, Словакия, Чехия арқылы Германияға барады. Бұлда Қытайдың Ресейді айналып өтіп Еуропаға тікке баратын бір бағыты еді. Егерде Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан арқылы темір жол түсетін болса, Қазақстан арқылы жүретін темір жол қаңырап қаламай ма дегенде күдік бар. Дегенмен алдағы уақытта бұл бағыт қытай кәсіпорындарының тауарын тек Германияға ғана жеткізбей, тағы бір тармақ қосылып, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия арқылы Түркияға тартылатынын ескерсек, бір үміттің оянатыны анық. Онда бұл жолдың бағын қырғыз, өзбек, түркімен жері арқыл өтетін темір жол байлай алмайды десек болады.
Ресей Қазақстанды «тәрбиелегісі» келе ме?
Ресейдің Қазақстанды айналып өтіп, жүк тасымалын жүзеге асырғысы келген бастамасы қаншалықты өміршең? «Бұл әзірге жүзеге аспайтын жоба. Рас, Ресей Қытай салатын темір жолды пайдаланғысы бар. Бірақ ол бүгін-ертең бола қалатын дүние емес. Үлкен қаржы керек. Бір ғана қырғыз елі 250 шақырым көлемінде темір жол салу керек. Оған Бішкек даяр емес. Сол секілді өзбекпен түркіменде темір жолымен көлік жолын жөнге келтіруі тиіс. Мұның бәрі уақытты талап етеді. Бұл кем дегенде 5-6 жылдың жұмысы. Ақиқатын айтсақ, Ресейдің өзі қазақ жері арқылы төтелеп тауар тасығанды жөн көреді. Жол қысқа, уақыттан ұтады әрі шығын аз. Қауіпсіздігі тағы бар. Сондай-ақ жақында «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі деген жоба дүниеге келді. Сол бойынша Ресей Қазақстан, Грузия арқылы Иранға, Пәкстанға, Үндістанға шығуды ниеттеніп отыр. Қазір Еуропаға жол жабылып қалғанын ескерсек, бұл бағыт Ресей үшін өте маңызды. Сондықтан Қазақстанды қаншалықты айналып өткісі келседе, қазіргі геосаясат оған жол бермек емес» дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам. Осының бәрін біле тұра, «Қазақстанды айналып өтеміз» деп жаһанға жар салып Ресейдің күшенуінің артында не жатыр? Әлде саяси астар бар ма? «Анығы сол. Ресей Орталық Азия одағы құрылып кете ме деген үрейде. Өйткені соңғы кезде Орталық Азия және Тұран одағы бастамалары жиі айтыла бастады. Тұран одағын құруға талпынып жүрген Ердоғанның Түркия билігін тағы қолға алуы, Ресейді осындай қадамға баруын жеделдетіп жатыр. Мәскеудің мұндағы мақсаты, Астананы кері итеріп, Бішкек, Ташкент, Ашхабад өзіне тартып, бұл елдердің арасына сына қағу, араздастыру. Бірақ түркі жұрты Мәскеудің арбауына түсе қояр ма екен?» – дейді саясаттанушы. Бұл жерде шеті қылтиып тұрған бір ақиқат дүние, ол Ресей айтқан қырғыз, өзбек, түркімен жерін басып өтетін жолдың өзі тұрмақ, сорабыда дайын емес екендігі. Демек Ресейдің бәлденуінің артында оқшау, тәуелсіз саясат ұстана бастаған Қазақстанға қыр көрсету, әрі ең бастысы ресми Астананың Қазақстанды Каспий аймағы мен Орталық Азияда көлік торабына айналдырам деген үлкен жобасына кедергі келтіру деп түсінген жөн сияқты.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ