Қазақстанның басына бір қара бұл үйіріле бастағаны белгілі болды. Әрине Қазақстанды шауып аламын деген жау жоқ. Бірақ шешімі күрделі дау күтіп тұрғаны белгілі. Ол Каспий мұнай концорциумы терминалының қауіпсіздігіне байланысты. Мәселе КМК-ның мұнай құятын терминалдары Ресейдің Қара теңіз жағасында орын тепкен Новороссийск қаласында орналасқан.
Қазір сол портқа Украина тарапы соққы жасауда. Өйткені Ресейдің сол жерде Қара теңіз флоты қоныс тепкен. Сол тұстан ресейлік әскери кемелер қанатты зымырандармен Украинаны атқылауда. Ал, қарымта соққы ретінде Киев кемелер орналасқан портты дрондар арқылы бомбылауға көшті. Бұл енді сол жерде тұрған мұнай терминалдарынада төнген қатер. Шалыс жасалған бір соққы мұнай терминалдарының күлін көкке ұшырары анық. Онда Қазақстанның күні қараң дей беруге болады. Неге? Мәселе мынада, Қазақстанның «Қашаған», «Теңіз» және «Қарашығанақ» кеніштерінде өндірілген мұнайдың 80 пайызы сол КМҚ арқылы Новороссийск портындағы мұнай терминалдарына құйылады. Одан әрі танкерлерге тиеліп Еуропаға асады. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 60 пайызы осы құбыр арқылы тасымалданады деуге болады. Оның үстіне Қазақстанның бюджетінің 75 пайызы осы мұнайдан түскен қаржыдан құралатынын ескерсек, Новороссийскдегі терминал істен шықса, еліміз үшін үлкен зиян екенін бағамдай беруге болады. Мұның алдына осы терминалдарда бірнеше рет іркіліс болып, Қазақстан тарапы жүздеген миллион доллардан қағылып қалған. Ал терминалға Украин дроны дөп тиіп, талқаны шықса, Қазақстанға қаралы күн орнады дей бер. Содан болар осыдан бірер күн бұрын Укриана жағы портқа тағыда соққы жасаған соң, Қазақстан тарапыда қарап отыра алмады. Үкімет басы КМҚ директорымен кездесті. Ал Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Новороссийск портының қауіпсіздігі мәселесін саяси деңгейде көтеретінін айтты. Жөн -ақ. Бірақ тәуелсіздік алғалы көп тармақты саясат ұстанып келген Қазақстан мұнай тасымалында да неге көп тармақты құбыр құрылысын жүргізбеген? Түсініксіз? Енді келіп бастарына тигенде ғана, тал қармаудың қамына көшті. «Қазақстан өз мұнайын экспортқа шығару жолдарын диверсификациялауға кірісті. Баку-Жейхан бағыты бойынша келісім жасалды. Баку-Супса мұнай құбыры бойынша, «Дружба» мұнай құбыры бойынша да келіссөз өтіп жатыр», – дейді Сәтқалиев. Рас, біраздан бері Қазақстан Каспийдегі танкерлер арқылы Әзірбайжанға мұнайын тасымалдауға көшкен. Одан ары Баку – Тблиси – Жейхан құбырымен Түркияға, Еуропаға экспортталады. Бірақ танкердердің мүмкіндігі шектеулі. Жылына ары кеткенде 10 миллион тоннаға жетер жетпес көмірсутегі отынын тасымалдай алады. Ал, КМҚ-ның мұнай өткізі қабілеті жылына 67 миллион тонна. Осының өзі-ақ КМҚ-ның Қазақстан үшін орны бөлек екенін көрсетіп тұр. Демек ресми Астананың орнынан өре түрегелетіндей жайы бар. Бірақ наразылық нотаны кімге жібереді? Кімге сұқ саусағын безеп, сес көрсетеді? Мәселе осында. Украина дейін десек, олар өз жерін қорғап соғысып жатыр. Новороссийскдегі портты атқыласа, ол жерде Ресейдің әскери кемелері тұр. Сол кемелер зымырандармен Украин қалаларын атқылауда. Мыңдаған адам ажал құшуда. Инфроқұрылымдар, стратегиялық нысандар қиратылуда. Осы кемелердің үнін өшіру үшін украиндар амалсыз портқа соққы жасауға көшті. Украина президенті Зеленский «Ресейдің Қара теңіз флотының бірде бір кемелерін сау қалдырмаймыз. Жалпы Ресей порттарына кіріп -шығатын су жолындағы барлық кемелер біздің заңды нысанамыз» деп қаһарын төге сөйлеуі тегін емес. Демек Қырым түбегіндегі көзге түскен барлық кеме-баржа-танкерлер украин жағының нысанасына айналмақ. Тіпті осыдан біраз күн бұрын Новороссийск портына таяу тұрған Ресейдің ең ірі «Сиг» мұнай танкері дрондардың соққысына ұшарады. Демек, порттан Қазақстан мұнайын тиіп шыққан танкерлерде украин тарапының шабуылына тап болуы әбден мүмкін. Осы орайда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «Ресей Украина жанжалы Қара теңіз бассейнін қамтуы, бұл деген осы өңірдің барлығына төнген қауіп» деп баға беруі жай айтыла салған сөз емес. Демек құрлықтағы жанжал енді теңіздіде шарпый бастады деген сөз. Яғни бұл Қазақстанның мұнай тасымалдауына үлкен кедергі болмақ. Осы орайда ресми Астана кімге арыз айтпақ? Кімнің әрекетін дұрыс, кімдікін бұрыс деп айыптамақ? Әрине Украина тарапы өз жерін басқыншыдан азат ету үшін күресіп жатыр. Оған «бұл қалай?» деп ешкім дау айта алмас. Ал, басқыншылық әрекетке барып отырған Ресейге қарсы Астана «соғысты тоқтат. Әскеріңді украин жерінен шығар» деп айта ала ма? Қайдам? Соғыстың жүріп жатқанына бір жарым жылдан асты. Әділетсіз соғысты халық айыптағанмен ресми Астана әзірге ләм мим деп аузын ашқан жоқ. Үнсіз. Онда Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың «Новороссийск портының қауіпсіздігі мәселесін саяси деңгейге көтеріміз» дегені не сөз? Порттың қауіпсіздігі соғыстың тоқтауына байланысты. Ал соғысты ашып отырған Ресей емес пе? Сәтқалиевтың Кремль қожайынына қарсы доқ көрсетіп, бірдеңе айта алар ма екен? Әй, қайдам?
Украина жағына келетін болсақ, олар Қара теңіздегі үстемдікті қолға алуға тырысып жатыр. Теңіздегі барлық кемелерді атқылап, Ресей портын құрсауға алмақ. Ресей Қара теңіз арқылы жылына 100 миллиард доллар болатын жүк тасымалдайтынын есепке алсақ, сол көл-көсір пайдадан көп ұзамай Мәскеу қағылып қалмақ. Онсызда соғыстан әбден титықтап қалған Ресей экономикасына бұл үлкен соққы болып тимек. Новороссийск порты құрсауда қалса, Қазақстанда орны толмас шығынға батары қазірдің өзінде белгілі болып қалды. Қайтпек керек?
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ