Өзен жағалағанның өзегі талмайды деп жатамыз. Рас,су тіршілік көзі. Алайда сол құрғыр Қазақстанда тапшы. Еліміз бастауын өзге мемлекеттен алатын трансшекаралық өзендерге тәуелді. Содан болар саптыаяқ басынан қарауыл қарап, тірлік кешіп жатқан жайымыз бар.
Өйткені елдегі сурамалы жердің көлемі 1,4 млн. гектар екенін еске алсақ, бізге көп су керек. Тіпті 2027 жылға қарай сурамалы жердің ауқымын 3,3 млн. жеткіземіз деген әйдік жоспарымыз тағы бар. Әрине, сурамалы жерді көбейте отырып, ауыл-шаруашылық өнімдерін өзімізде даярлап, азық- түлік қауіпсіздігін шешіп алсақ, жаман болмас еді. Бірақ қолбайлау болып тұрған бір жайт бар. Ол су. Әсіресе еліміздің оңтүстік облыстары жаз шыға қаталап жатады. Өйткені арналы Сырдарияда, Таласта, Шуда сырттан келеді. Трансшекаралық өзендерге жатады. Мәселен, суармалы жер Түркістан облысында 38, Алматы облысында 29, Қызылорда облысында 14 ал, Жамбыл облысында 8 пайызды құрайды. Демек, осыншама сурамалы жері бар бұл облыстардың сусыз күні жоқ. Амалсыз судың басында отырған «су саудагері» атанған қырғызбен тәжікке, өзібекке алақан жаяуға тура келеді. Жыл сайын жаз шыға осы аймақтың диқандарының жанайқайы шығады да жатады. Себеп судың тапшылығы. «Судың басында отырғандар бал, аяғында отырғандар у ішеді» дегендей судың бастауына иелік ететін айырқалпақтылар, жаз шыға ағыстың төменгі жағында отырған көрші жұртқа шекесінен қарайтын жағдайды шығарған. Тіпті қырғыздар суды саяси мәжбүрлеу тетігіне айналдырып алған десек те, қателеспейміз. Айтқымыз келгені, судың саяси құралға айналғаны емес, бар суды қалай бөліске саламыз, соның жайы. Сонымен өзге өңірді былай қойғанда, биыл тағыда Таласпен Шудың бойында отырған диқан қауым байбаламға көшті. Қысқасы, Талас өзені бойындағылар суға талас тудырды, Шудың бойындағылар су үшін шу шығарды. Өйткені, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас және Рысқұлов аудандарындағы егіс алқаптары судың жетспеуінен көкөніс біткен күйіп, мыңдаған гектар қант қызылшасы, пияз, жүгері еккен фермерлердің еңбегі зая кетпекші. Нақтылай түссек 4 мың гектар қант қызылшасы мен пиязға су болмаса бір қауіптің төнгені анық. «Құлындаған дауысы құраққа жеткен» төрт жүзге тарта диқанның үнін еліміздегі «еститін» Үкімет естіді ме, әйтеуір Қазақстан жағының бастамасымен екі елдің өкілдері кездесу өткізді. Бірақ шешілген дәнеңеде жоқ. Қырғыз тарапы, «су жоқ. Лимит бітті. Аз суды өзімізге жеткізе алмай отырмыз» деп құрғақ шөппен ауыз сүртті. Қазақстан тарабының біліктілігі жетпеді ме, қырғыз бауырларды су беруге көндіре алмады. Су болмайтын болған соң, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Таразға барып, фермерлермен кездесті. Үкімет тарапынан резервтен қаржы бөлінетінін жеткізді. Әйтеуір диқандар шеккен залалды осылайша ретке келтіретінін айтты. Бұғанда шүкір. Ал осы су мәселесіне тікелей жауап беретін Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қара көрсетпеді. Бәлкім қырғыз елімен болған суға байланысты келіссөзде сәтсіздікке ұрынған минстрдің диқандарға көрінуге беті болмаған шығар.
«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөздің өзегінде шындық жатыр. Мәселен, елімізде су мәселесімен айналысатын төрт бірдей мекеме бар. Айталық Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Трансшекаралық өзендер департаменті, Су ресурстары комитеті және Қазақ Су Шаруашылығы Ғылыми-Зерттеу Институты деген мекеме. Осылар немен айналысады? Түсінбеймін. Онда 200 дей адам жұмыс істейді. Мен талай айттым. Онданша бір ғана су минстірлігін құрайық. Сол бәріне жауап берсін деп. Бірақ менің сөзімді тыңдаған ешкім жоқ. Бұлар айлық алып отырса болды. Басқаға бас қатырмайды. Солардың ішінде су саласын білетін маман бар деп ойламаймын. Су жетпейді емес. Су бар. 1982 жылы қырғыз елімен су мәселесі бойынша келісім жасағанбыз. Онда бәрі жазылған. Өкініштісі қазір сол құжатты көтеріп, оқып, сол бойынша жұмыс істейін деген бір министрді көріп тұрған жоқпын. Оларға керегі осы салаға бөлінетін қаржы. Соны есептеп, бұйырғанын жемсауға салып отырса болды. Өзен басына, тоған қасына барған министрді көрдің бе? Кезінде Жамбыл облысында 250 мың гектар суармалы жер болды. Соған суды кең молынан жеткізіп тұрдық. Ешқандай дау-дамай болмады. Қазір неге екені қайдам 182 мың гектар деп көрсетіледі. Тіпті Жамбыл облысына су қоймасын салайық дейтіндер бар. Күлкілі. Суды қайдан алмақ. Қырғыз жерінде Тараз өңіріне су жіберіп тұратын Киров қоймасы бар. Соны дұрыстап пайдалана алсақта жетеді. Бір қызығы, министрлік «су жөнінде жаңа келісім жасау керек» дегенді жиі айтатын болыпты. Бұған дейін жасалған келісімдерде бәрі қаттаулы тұр емес пе? Неге біз барды пайдаланбай, бәрін «ескі» деп, «жаңа» деген ұғымға ұмтыламыз. Бұдан не ұтамыз? Қазір Қазақстанда су саласының білікті мамандары кемде кем. Сонда құжатты кім даярламақ? Судың иісі мұрнына бармайтындар ма? Бұрынғы екі жақты келісімде бәрі көрсетілген. Талас пен Шудың қасына жаңа бір өзен я болмаса канал қосылған жоқ. Бәрі орнында тұр. Олай болса, «жаңа келісім, жаңа құжат» деп формалды өтірік жұмыс істегенсу кімге керек? Әлде президент алдына барып, «су мәселесіне шешіп жатырмыз» деп есеп беру үшін бе?» дейді 1981-1990 жылдар аралығында Су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев. Рас, бұрнағы құжаттарда Талас пен Шуды қазақпен қырғыз қалай бөліске салынғаны қаттаулы. Үңілейік. Шу өзені бойынша Қазақстанға тиселісі 0,11 текше шақырым яғни 3,0 пайыз. Ал, 3,84 текше шақырым яғни 97 пайыз айыр қалпақтылардың бақылауында. Талас өзені бойынша қырғызға тиселі су 94 пайыз (1,72 текше шақырым), ал қазаққа тиселісі 6,0 пайыз (0,11 текше шақырым) екен. Сондай-ақ су қоймаларның барлығы қырғыз жерінде орналасқан. Демек, «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» дегендей айырқалпақтылар қажет кезінде қазақты шөміштен қаға алады деген сөз.
«Қырғыз ағайындардың бізге суды қысып беруін түсінуге болады. Қырғыздада құрғақшылық болды. Әсіресе Шу және Талас облыстарында. Содан олар суды өз диқандарына қарай бұрды. Сондай-ақ, жылдағыдай емес, Киров су қоймасында су аз. Мәселен, өткен жылы 177,28 млн. текше метір болса, биыл ол 32,48 млн. текше метр көлемінде. Яғни 144,8 млн. т.м кем деген сөз. Демек, су мәселесі жөнінде бір емес, он рет келісөз өткіз. Бірақ ештеңе шешілмейді. Өйткені, жаһандық жылынудың кесірінен жыл сайын Памирмен Тәңіртаудағы (Тянь-Шань) мұздықтар тез еруде. Содан болар алдағы уақытта судың кемуі арта берері сөзсіз. Оған біз даяр болуымыз керек. Демек бізге сумен ылғалды көп қажет ететін дақылдардан аздап бас тарта бастаған жөн. Мәселен, 1 кг. күрішке кем дегенде 5-6 тонна су қажет. Бұл бізге қажет пе? Сол секілді мақта.Оғанда су көп қажет. Жалпы Орталық Азия елдері судың тапшылығын қазірдің өзінде сезініп жатыр. Демек, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтқаны жөн. Сырттан сатып алу әлдеқайда тиімді. Бұл бір. Екіншіден, судың орта жолда буланып не болмаса жерге сіңіп жоқ болуынан сақтану үшін, суды құбырлар арқылы тасымалдауға көшкен жөн. Себебі, ирригациялық және су тарату жүйелері тозған. Арық-тоғандардың жай-күйі сын көтермейді.Оны жөндеу қыруар қаржы. Үшіншіден, суды үнемдеуді халыққа кеңінен түсіндіру. Қажет болса шектеу шараларын енгізу қажет. Сондай-ақ, суды баяғыдай егіске жайып жібермей, заманауи технологияларды қолдана отырып, тамышылатып суғару секілді мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Мұның бәрі азда болса суды үнемдеуге әсер етеді» дейді «Байтақ» экологиялық партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай. Әлбетте, суды үнемдеу дұрыс-ақ. Бұл жағынан қырғыз алда тұр. Жекеменшік моншаларды, көлік жуу орындарын тб суды көп қажет ететін тұрмыстық кешендердің жұмысына тыйым салынды. Мұны бізгеде жасау қажет. Қытай сарапшыларының есебіне қарасақ, аймақта жатқан мемлекеттер суды кем дегенде 56 пайызға үнемдей алатын болса, онда 300 миллионға тақау жұртты сумен қамтамассыз етуге болады екен. Бірақ бұған біздің бұқара даяр ма? Мәселе сонда. «Менің пайымымда судың басында отырған Қырғызстан мен Тәжікстанды ортаға ала отырып, Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан суды бөлу және пайдалану үшін жаңа келісімшарт жасасқаны дұрыс. Бұдан өзге тығырықтан шығар жолды көріп тұрған жоқпын дегенді айтады саясаттанушы Ерасыл Ислам. Сондай-ақ, саясаттанушы: «Бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Үнемі «қырғыз су бермей жатыр» деп көршінің құлағын шулатып жатамыз. Меніңше бұл дұрыс емес. Барлық кінә министрлікте, су шаруашылығының басы қасында жүргендерде. Солардың біліксіздігінің кесірінен үнемі қазақтар ұтылып жататын келіссөздер жүргізілді. Келісімшарттарға қол қойылды. Бәрін қайта қарап, бүгінгі күннің талабын ескере отырып, жаңа келісімдер жасалғаны дұрыс. Өйткені баяғы көл-көсір су жоқ. Барымен базар ететін күн туды. Қырғыз премьер министрі Ақылбек Жапаров «Су Орталық Азия республикаларын бірімен бірін қырылыстыратын фактор болмауы тиіс. Керісінше су мәселесі мемлекеттерді біріктіретін факторға айналған кезде аймақта даму болады» деуі тегін емес. Демек Орталық Азия мемлекет басылары жиналып, жаңа келісім шартқа қол қойғаны дұрыс. Бұл министрлік деңгейінде шешілетін мәселе емес» дейді. Шындығы осы. Су басты тақырыпқа айнала бастаған заманда бұл мәселе тоған басыларының, су саласына иелік ететін министрлердің деңгейінде емес, мемлекетаралық келісімдер жасалып, мемлекет басшыларының араласуымен шешілетін дүние. Әйтпесе оңтүстік өңірдегі диқандарымыздың еңбегі еш, тұзы сор болып қала беретіні анық.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ