Қош бол, Миттал!

Тәуелсіздіктің  алғашқы  он  жылында  мемлекет  үшін стратегиялық  маңызы  зор  көптеген өндіріс орындары  шет елдіктердің қолына  өтіп кеткені белгілі. Бәлкім  бұл кезде Қазақстан Үкіметінің  келісімшарттар жасауға  тәжірибесі  болмады ма, әлде біздегілер сырттан келгендер ұсынған параға  малданып, мемлекет  мүддесінен  гөрі,  қара  басының  қамын  көбірек күйттеді  ме, әйтеуір иісі  қазақтың  ырыздығына айналуға  тиісті  нысандар жекешелендіру  тұсында арзымайтын  бағаға сырттан келгендерге сатылған.

Солардың  бірі Қарағанды металлургия комбинаты  еді. Комбинатты 1995 жылы «Болат  падишахы»  атанған  болат  өндіретін әлемдегі ең  ірі ArcelorMittal  компаниясының  басшысы үнділік  бизнесмен Лакшми Миттал  не  бәрі  200 млн.  долларға  сатып алған  көрінеді. Онда  да ол  тиын-тебенді бөліп төлейтін  болып келіскен. Бұл  жөнінде экономист,  сарапшы  Айбар  Олжай  былай  дейді: «Ол өз  қалтасынан 135 миллион  доллар  төлеген. Ал,  1997  жылы комбинат қоймасындағы  металлды  сатып, Үкіметке  содан 22,5 млн.  доллар  берген. Қалған 40 млн.  долларды  1999 жылы комбинаттың  өзі  тапқан табыстан бөле салды  да,  қарыздан  құтылды.  Сүйтіп  не  бәрі  қалтасынан 135 миллион доллар  шығарған Миттал  26 жылда  Қазақстаннан  26 миллиард  доллар  таза кіріс алды. Енді кемінде 3 миллиард долларға  қайта сататын  болады».  Айтпақшы,  осылайша екі  жеп  биге  шыққан  Лакшми  Миттал  Қазақстанның болат  қорыту  комбинатымен  қатар, бір  қатар электр  станцияларын, көмір  шахталарын және  өзгеде кәсіпорындарды  сатып алып, керегесін кеңейте  түскен. Бірнеше  рет  атауын өзгерткен  компания 2007 жылдан бастап АМТ яғни  «АрселорМиттал Теміртау» деген атқа тоқтаған-ды. Алайда  сонау  60 жылдардағы техникамен  жабдықталған комбинатқа  не  болмаса шахталарға компания айтарлықтай  инвестиция  салып,  модернизациялаудан  өткізді   деп айту  қиын. Осы  компанияға  тиселі нысандарда жиі-жиі апаттың  болуы жұмысшыларға  арналған қауіпсіздік шаралары сақталмауы  адам  шығынына  алып келіп  жатты. Содан  ба,  қоғамда «АрселорМитталға»  деген  жағымсыз пікір  қалыптасқан  еді. Алайда,   әлемдегі  болат  өндірісінің 10  пайызын  ұстап отырған һәм «катитализм акуласы» деген  дүр аты  бар Лакшими Митталға  Қазақстан билігінің  тісі басып,  «жағдайды  түзе»  деп айтуға дәрмені  жетпеген. Керісінше   қайсы бір  жылы «Достық»  орденін кеудесіне тағып  жібергені  бар.  Қазақстан  билігінің  еркелетіп, арқадан қағып марапаттап жатуы  компания  басшысын  тіпті еркінсітіп  жіберген. Өндірісте  болған  апаттар  кезінде  айыппұл  ретінде не  бәрі 10 миллион  теңге ғана төлеген. Бары  осы. Дегенмен  соңғы  кезде  осы компанияға байланысты  билікте  бір  дүрбелең  басталғанға  ұқсайды. Компанияның Шахтинскідегі  «Қазақстан»  шахтасында  өрт  шығып,  бес жұмысшынің    шейіт  болуы  биліктен көзін ашқанға  ұқсайды. Алдымен  үкімет басы  Әлихан Смайылов  компанияның  өндірісті  жаңарту  және  инвестиция  тарту жөнінде алған міндеттемелерді орындамай  отырғанын айтып айыптады. Соңғы  15  жылда  талай  ірі апаттар  болып,  жүздеген адам шығыны  болғанында премьер министр  тілге  тиек етті. Ал, қаржы  министрі   Ерұлан Жамаубаев «АрселлорМиттал» компанияның Қазақстаннан кету мәселесі бойынша саяси шешім қабылданды  дегенді  де айтып  салды. Демек  көп  ұзамай Лакшми Миттал  Қазақстандағы  бизнесімен  қош  айтысуы ғажап емес. Бірақ  ол  тек кетпесі анық. Барын бүгінгі нарықтық бағамен  сатып кетері анық. Онда  да өзі  сатып алған 200 миллион  долларға  емес. Аузын арандай ашып, 3 миллирд  доллар  сұрап  отырғаны  белгілі.  Дәл  қазіргі  жағдайда елде   оны  сатып алатын  қаржы  бар  ма?  Үкіметтің  не  ойлағаны  бар? «Үкімет Митталдан құтылғысы келсе, тек бір шешім ғана бар: «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамын «ТemirtauSteel» ұлттық компаниясына айналдырып, оны «Самұрық-Қазына» қорына тапсыру. Артынан Халықтық IPO өткізіп, акцияларының 49 пайызын ел тұрғындарына сату керек. Сонда 3 миллиард долларды ақтап алады және Теміртаудың жақсы жұмыс істеуіне бүкіл халық мүдделі болады. Болатты әлемдік Stemcor сынды трейдерлер арқылы споттық нарықта сатуға мүмкіндік бар»  дейді экономист  Айбар  Олжай. Рас, компанияға  қарасты  өндіріс салаларында  бұған  дейінде  талай апаттар  болды. Адам  шығыны  орын алды. Бірақ еліміздегі  билік  оның  бәріне самарқау  қарап,  азын-аулақ  өтемақы төлеттіргеннен  басқа  шара  қолданбаған  еді. Бұл  жолы қатаң  шара  қолдануға  бел буып, үнділік  бизнесменді елден ит  қосып қууға  даярланып жатқанға  ұқсайды. Осы  тұста әлеуметтік   желіде қаңғып  жүрген  мына  бір  қауесетке назар аударған  дұрыс секілді. Онда, «Ресей Қазақстанның  уран  саласын,  соның ішінде уран қоры  өте  мол Буденовск  кенішін  алды.  Енді Қазақстанның металлургия  саласына  ауыз  салмақшы. Ресми  Астана  келісім бергенге  ұқсайды. «АрселорМитталдың»  орнына  ресейлік  «Северсталь» келіп қалуы мүмкін» деген болжам айтылады. Бұл  қаншалықты ақиқат? Онсызда Мәскеудің Украинаға  қарсы ашқан  басқыншылық  соғысынан  кейін, қазақы  қоғамда Ресейге  деген жиіркеніш, русофобия   қалыптасып қалған  еді. Оны  билік біледі. Соны  біле   тұра Ресейлік болат өндіруші компанияға  еліміздің  бүкіл  болат өндірісін  беріп қоя  ма? «Ол мүмкін емес»  дейді Айбар  Олжай. «АМТ-ны Северстальға өткізу санкция жағдайына өте қауіпті қадам болатыны анық. Себебі, ол кезде Северсталь активі ретінде Қазақстанның тұтас болат өндірісі санкция аясына ілінеді. Және Северстальдің қазіргі материалдық жағдайы да мәз емес, оған АҚШ пен Еуроодақ санкция салып, сол аймақтағы тауарлары мен қаржылық активтері бұғатталған болатын. Олар санкциядан 2022 жылы шамамен 400 миллион доллар жоғалтты. Қазір жұмысшыларына уақытылы жалақы төлеу, олар мен жұмыс істейтін аумақтардағы халқы алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауда қиындыққа тап болып отыр»  дейді  ол. Экономистің айтып  отырған  уәжі  орынды.  Жарайды,  ресейлік Северсталға  Қазақстанда  есік  жабық  делік,  сонда «АрселорМитталдың» орнын кім баспақ?  Әлемде  болат  өндірісін  ұстап отырған  он  шақты  ірі компания  бар.  Соның  бірнешеуі  Қытайда.  Сол Қытай алпауыттары қазақтың  қара  металлургиясына көз  салуы  ықтимал. Ресми Астанмен Бейжіңнің  арасы  тым  жақсы  екені  белгілі. Алайда, Қытай  мен Үндістан  арасы дүрдараз. Бейжін  осының  бәрін  таразға  тарта   келе,   Астандан  үнділік бизнесменді  қуып  шық деп иек  қағуы  әбден  мүмкін. Бірақ  қазақы  қоғамда қытай «синдромы»  деген үрей бар. Оны  билік  біледі. Демек,  билікке еліміздегі болат өндірісін  мемлекеттің  қарауына   қайтарып алудан  басқа  жол  қалмағандай.

Жалпы кім  қалай  деседе, үнділік  бизнесмен Лашми Митталдың басына Қазақстанда  қара  бұлт  үйірілгені  анық.  Арты немен тынады?  Әзірге  белгісіз.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған