Дос Көшім, «Ұлт Тағдыры» қозғалысының төрағасы: Ономастика – мемлекеттің идеологиялық құралы

– Досеке, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Құрылтайда еліміздегі ономастика мәселесіне қатысты пікірін білдіріп, осы салаға қатысты қандай жұмыстар жүргізу керектігін айтып өтті. Бұл мәселеге тікелей араласып жүрген маман ретінде президенттің көзқарасына қандай баға берер едіңіз?

– Біріншіден, шынымды айтайын, президент Қазақстандағы ономастика мәселесіне арнайы пікір білдіреді деп күткен жоқ едім. Демек, бұны – ономастика саласының мемлекеттің идеологиялық бағытының бірі екендігін мойындау деп түсінуіміз керек. Мүмкін, президенттің осы сөздерінен кейін ономастика мәселесі жергілікті тіл жанашырлары мен тіл басқармаларының, облыстық ономастика комиссиялары мен аудан, ауыл әкімдері жұмысының деңгейінен шығып, облыс әкімдері мен министрліктің, парламент депутаттары мен үкіметтің тікелей айналысатын жұмыстарының қатарына кірер деп үміттенемін. Президент өз сөзінде «Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. …Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек» деп қадап айтты. Қысқасы, ендігі қадамды – парламент пен үкімет жасауға тиіс.

Ал өзіңіз осы саланы реттеудің қандай жолдарын ұсынып, қандай мәселелерге көңіл аудару керек деп ойлайсыз?

– Мойындауымыз керек, қазіргі ең басты мәселе – отаршылдық кезеңде және советтік дәуірден қалған, ескі идеологиялық атаулардан құтылу. Жергілікті орыстілді, кеңестік менталитетте қалған тұрғындар өз елді мекендерінің советтік идеологиялық атауларын «жүректерінен жоғалтпауға» жандарын салуда. Әрине, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, бірақ бәрін біліп, түсініп отырып, қарсы шығатын тұрғындарға не істеуге болады? Әлде, «айқай-шуға бармай», «тыныштық сақтап» Ленин, Киров, Калининдердің аттарын ауыстырмай отыра береміз бе? Бұл, меніңше, президенттің сөзіндегі «ономастика саласын тәртіпке келтіру» болып табылмайды. Сондықтан «идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды» ауыстыру мәселесін парламентте заң ретінде қабылдау керек деп ойлаймын. Екіншіден, жыл сайын тек бірнеше елдімекен, бірнеше көшелердің аттарын ауыстырумен шектелу – тым ұзаққа созылатын процесс. Егер жергілікті тұрғындардан аса бір қатты қарсылық болмаса, 80-90 пайыз ескірген атауларды бірден ауыстырған дұрыс сияқты. Жыл сайын халықты шулатып, тұрғындарды екіге бөліп, айқай-шу шығарып жатқанша, бір «айқайдың» астында бес жылдық жұмысымызды жасап алғанымыз анағұрлым тиімді болар еді. Үшіншіден, қазір «ескірген идеологиялық атауларды» – советтік кезеңдегі коммунистік идеология деп түсінеміз. Меніңше, бұл терминге патшалық Ресейдің отаршылдық идеология тұрғысынан берілген атаулар да жатады. Солтүстік, Шығыс Қазақстан аймағында бұндай атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Айтпақшы, Павлодар мен Петропавл да осыған кіреді. Төртіншіден, ономастикалық, топонимикалық, т.т. атауларда бірізділік болуы шарт. Неліктен Солтүстік Қазақстан облысында Есіл деген өзеннің атауы «орысша» Ишим болып айтылуы, жазылуы керек? Ең қызығы, екеуі де ресми түрде қолданылады. Қазақ даласында сан ғасырлар бойы ағып жатқан өзеннің қазақша атауы болуы – талқылауға жатпайтын шындық. Бірақ отаршыл Ресей империясы өзінің басып алған жерлерін өздерінше атағаны белгілі. Бұл да отаршылдық идеологиясы. Қазір соның салдарынан көшенің бір жағына «Жетісу» деп екінші жағына «орысша» – «Семиречье» деп жазып жүрміз. Бұндай мысалдар, өкінішке қарай, өте көп. Меніңше, унитарлық елде басқа ұлттардың қазақ атауларын қалай айтуына қарамай, жазылу нормасын бір тілге – мемлекеттік тілге алып келу міндеттелінуі қажет.

Біздің естуімізше, сіз биыл да бірнеше облыстардың аудан, ауылдарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіпсіз. Осы кездесулерден алған әсерлеріңізбен, тәжірибелеріңізбен бөліссеңіз.

Биыл Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының елдімекендерінде 39 кездесу өткіздім. Әр облыстың іс-шараларының өзіндік ерекшеліктері бар. Қостанайдағы кездесулер 7 аудан орталығында өткізілсе, Солтүстік Қазақстанда бірнеше ауданның елдімекендерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал Батыс Қазақстанда бір ауданға қарайтын (Бәйтерек ауданы) он бір елдімекеннің тұрғындарымен кездестік. Айта кету керек, республикадағы ономастика мәселесін түсіндіру жұмыстары Қостанай облысында алғаш рет басталса, Солтүстік Қазақстан екінші жыл қатарынан жүргізіп отыр. Ал Батыс Қазақстан бұндай түсіндіру бағытындағы іс-шараларды тұрақты түрде (төрт-бес жыл бойы) өткізіп келеді. Меніңше, атаулары ауыстырылуға тиіс елдімекендерді алдын ала белгілеп алып, сол жерлерде түсіндіру жұмыстарын тікелей жүргізген тиімді болады. Жергілікті тұрғындар түсіндіру жұмыстарының жүргізілуінің – болашақта елдімекеннің атауының өзгеруінің алғашқы қадамы екенін сезгені, білгені жақсы нәтиже береді деп ойлаймын. Әрине, Батыс Қазақстандағы кездесулер өткен елдімекендердің («Красноармейск», «Рубежин», «Чиров», «Раздольный», «Красный Урал», «Павлов», «Горбунов», «Октябрьск», «Зеленный», «Калинин») тұрғындарының барлығы бір кездесуден кейін ауылдарының атауларын өзгертуге келісе қалды деу артық болар. Бірақ келесі жылы осы атаулардың тең жартысы келмеске кететіні анық. Бұл – жергілікті атқарушы билік пен облыстық ономастика бөлімінің бірлесе жүзеге асырып отырған тұрақты жұмыстарының нақты нәтижесі.

Өзіңіз тікелей араласып жүрген жұмыстың «әттеген-айларын» да айтып өтсеңіз.

– Менің қарным ашатыны – жергілікті мәслихат депутаттарының, облыстық ҚХ Ассамблея мүшелерінің бұл жұмысқа белсене араласпауы, қашқақтап жүруі. Бұлардың бізбен қатар отырғаны, халыққа мемлекеттің идеологиясы болып табылатын мәселені ашық қолдағаны – жұмысымыздың нәтижелі болуына үлкен көмек болар еді. Алайда қасымыздан аудан басшылығының өкілі мен ауыл әкімдерінен басқа ешкімді көрмейміз… Екіншіден, жергілікті қазақтілді тұрғындардың да қолдауы тым мардымсыз. Орыстанып кеткен өз ұлтымыздың өкілдері «советтік атауды өзгертпейміз!» деп жағаласа кеткенде, оларды орнына қоятын қазақ азаматын таба да алмай қаламыз. Кейбіреулері кездесуден соң қасыңа келіп, бұл бағытты қолдайтындарын білдіреді, бірақ кездесу кезінде «тыңдаушы» деңгейінен аса алмайды. Бұрынғы советтік атауларды сақтап қалушылар тарапынан мықты белсенділік көреміз, бірақ сол атауларды ауыстыру бағытындағы пікірталасқа бел шешіп араласа кететін біздің бағытты қолдаушылар «сен тимесең, мен тимен» деп, бұқпантайлап отырады. Жергілікті қазақ азаматтарында белсенділік жоқ. Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарын түсінуге болатын шығар, бірақ Ақжайық тұрғындарының рухтарының басылып қалғаны реніш тудырады.

– Ономастика жұмысының келешегіне қандай баға берер едіңіз?

– Қазақ жеріндегі жер-су, қала, ауыл, т.т. атаулары үш толқынмен ауысқан сияқты. Біріншісі – Ресей империясының отарына айналған соң, басқыншылар, шамалары келгенше, барлық атауларды орыс тіліне ауыстыруға тырысты. Екінші толқын – Кеңес жүйесінің орнауынан кейін орын алды. Бұл кезеңде ел-жер атаулары коммунистік идеологияның салдарынан өзгеріске түсті. Үшінші кезеңде – тың игеру жылдарында, жасанды интернационализмнің әсерінен алдыңғы екі өзгертулерден «аман қалған» қала, көше, мектеп, кітапхана, т.т. атаулары орыс тілді атауларға ауыстырылды… Бұл салада қордаланған мәселе бастан асады. Президенттің сөзінен кейін ономастикаға қатысты заңдарға не өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі немесе жаңа заң нормалары енгізіледі деп ойлаймын. Әңгіме – осы жұмыстың ашық жүргізілуінде. Бізде кейбір мәселелерді мемлекеттік қызметшілер шешеді де, азаматтық қоғам өкілдерімен пікірлесуді, оларды жұмыс тобына қосуды «ұмытып кетеді».  Екінші көңіл аударатын мәселе – шартты түрде, «орыс тілді аймақ» деп аталатын Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарында ономастикалық жұмысты барынша жандандыру керек. Бұл жердегі орыстілді атаулардың қаймағы бұзылмай тұр деуге болады.

  • Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған