АҚШ Орталық Азияға неге көз тікті?

Бұл  олардың  соры  ма, бағы  ма,  білмедік, әйтеуір соңғы  кезде Орталық  Азия мемлекеттерін алпауыт елдер өздеріне  шақырып, әр  түрлі  деңгейде  алқалы  жиындар  өткізуді көбейткен. Бір қарағанда  мұның бәрі саяси-экономикалық  интеграцияның   аясында  өтіп  жатқан қалыпты бас қосулар секілді көрінеді. Дегенмен  оның өзегіне үңілсек өзге  бір дүние  жатқанын  аңғаруға  болатындай. 

Сонымен  «Орталық  Азия  (бұдан ары  қарай ОА) – Жапония», «ОА – Еуродақ», ОА-Ресей», «ОА – Араб елдері», «ОА-Үндістан», «ОА-Қытай», «ОА-АҚШ» форум,  саммиттердің  жиілеуі  нені  білдіреді?  Бәлкім  Орталық  Азиядағы  жүз миллионға  тақап  қалған адам рессурысы  ма,   әлде  осы аймақта отыз  триллионға  тарта мелдектеп жатқан  қазба байлық  па? Мүмкін  бұл  өңірдің  шығыстан  батысқа, терістіктен,  түстікке  дәліз  болуға лайық  орналасуы  ма?  Қысқасы, алпауыт  елдерді  Орталық  Азия несімен арбауда?  Биылдың  өзінде  ОА басшылары  Путиннің шақырумен Мәскеуге  барды.  Араға  аз  уақыт  салмай ОА  мемлекет басшылары  аждаһа еліне  барып, Си Цзиньпиннің алдында  қаздай  тізіліп  отырды.  Бұл  аздай шілде  де Сауд  Арабияның  Жидда  шаһарында Шығанақта жатқан Араб елдерімен  саммит  өткізді. Енді ОА басшыларын  АҚШ  президенті Байден  шақырып  отыр. 19-20 қыркүйекте  ОА –ның тізгінін  ұстап  отырғандар  Байден  шалдың  алдынан табылары  белгілі. Бұған  дейін  тек  СІ  министрлігінің деңгейінде  өтіп келген «5+1»  диалогы  енді  саммитке ұласып, АҚШ  президенті   бетпе-бет отырып  өзі  өткізбекші.   Байден Орталық Азия басшыларын  неге  жинап  отыр? Қандай  келелі  мәселе жөнінде әңгімелеспек?  Әзірге бұл жағы бізге  жұмбақ. Бірақ топшылауға  болатын сияқты. Өйткені  әлемдегі  бүгінгі геосаясттың тегершегі  қай  бағытқа  дөңгеленгенін  бағамдап  отырған  жұрт,  Байден  әңгімесінің «біссімілләсін»  неден бастарында  білетіндей.

«Байден  Путин  мен  Си Цзиньпин  секілді 5+1 бас  қосу форматын  мемлекет басшылары деңгейінде  өтетін  саммитке айналдырғысы келіп отыр.  Өйткені  СІ  министрлері  деңгейіндегі әңгіме  бір  бөлекте, президенттер деңгейіндегі  кездесу бір  бөлек. Бұл  жолы  Байден  Орталық  Азия  президенттерімен көзбе көзіп  отырып,  ойындағысын айтып,  олардың  уәдесін алғысы келген  келген  секілді.  Саммитте негізгі айтылатын  бірақ  мәселе  бар.  Ол – Украинаға  басқыншылық  соғысын  жасап  отырған Ресейді  қалайда  оқшаулау. Әскери  қуатын әлсірету,  экономикасын күйзеліске  түсіру, Кремльдің саяси амбициясын  орнына  қою. Ол  үшін әлем елдері  осы  бағытқа  жұмылу  керек.  Оның  ішінде Ресеймен бұрынан ым-жымы  бір, әрі КСРО-дан  бірге келе  жатқан  тағдырлас Орталық  Азия  республикалары  да Батыспен  ымыраға келе  отырып,  Мәскеуге  қарсы  жұмыс істеуі  тиіс. Яғни Батыстың  санкциясын  қолдап, ОА  арқылы өтіп  жатқан  тауарлар легіне  тосқауыл  қою. Байден осы  мәселені ОА  басшыларынан  қатаң түрде  талап етпекші.  Саммиттің көрігін қыздаратын  негізгі  әңгіме  осы.  Өйткені АҚШ  ОА елдерінің  көмірсутегі  отынына  тәуелді  емес. Вашингтонның аймақтағы  елдермен сауда айналымыда  10 млрд.  доллардан аспайды. Ақ  Үйге  маңыздысы  саммиттің  саяси  мәні» дейді  саясаттанушы  Ерасыл Ислам.  Саясаттанушының  айтуынша  АҚШ  дипломатиясының  негізгі  міндеті  қалайда ОА -дағы  Ресейдің  ықпалын әлсірету  болып  табылмақ көрінеді. Әсіресе, Украинадағы  соғысқа  малтығып  жатқан  Ресей қазіргі  күні  бұрынғы  өз  дәрегейіндегі  ОА  мемлекеттеріне көңіл аударуды азайтқан. Демек осы  сәтті пайдалана  отырып, АҚШ  Ресейді өңірден  тықсырып  шығарып,  өз ықпалын  нығайтуды  қолға  алуға  кірісті  деуге  болады.  Ақ үйдің бұл  талабына ОА мемлекеттері  қалай қарайды?  «Рас,  Ресей  соғыспен санкцияның  әсерінен әлсіреді. Бірақ ол елдің  саяси амбициясы  әлі  жоғары. Кесерткілік  қуаты  бар. Уысынан ешкімді  оңайлықпен шығара  қоймасы  хақ.  ОА  елдері саяси жағынанда,  экономикалық жағынан  да Ресейге  тәуелді. Өйткені ОА республикалары кемеліне келген мемлекеттердің  қатарына  жатпайды. Бәр  жоғы  өзгелер  үшін, шикізат отаны.  Бұдан  тыс Ресеймен  ат құйрығын  кесісу басқа  басқа, Қазақстан  үшін  үлкен қатер.  Мәскеу  орыс халқының  құқын  қорғау  деген  желеумен Қазақстанғада әскери интервенция  жасауға   мүмкіндігі  жетеді.  Сондықтан ОА  басшылары  Ақ  үй  қожайынымен кездескенде әрине  бас  шұлғып  түрлі уәде  беруі  мүмкін. Бірақ Ресейден алыстап кетеді  деп айта алмаймын.  Өйткені  Ресей Әскери  қуатымен де,  саяси ықпалымен де,  экономикалық  әлеуетімен де  ОА елдерін байлап-матап тастаған. Оны пытырлатып  үзу  үшін ОА елдеріне  уақыт керек. Қытай басшысы Си Цзиньпин  Қазақстанның  тұтастығына,  қауіпсіздігіне  кепіл  береміз  деп талай  айтты. Бірақ сондай әңгімені Украинағда айтқан. Бірақ орнындады   ма? Жоқ. Сол  секілді Ресей  тұтқиылдан  Қазақстанға  тап  берсе, Қытай әскерін  кіргізіп, кесе көлденең  тұрады  деп  айта алмаймын»  дейді сяасаттанушы Әзімбай  Ғали.  Оның  сөз саптауынша  Ресей  соғыспен санкциядан  қанша  титықтасада, ОА -ны  тырп еткізбеуге қауқарлы. Мәселенің  тағы  бір  қыры,  Ресеймен ОА елдерінің арасындағы сауда айналымы  өткен  жылы 42 млрд.  долларға  жеткен.  Биыл  ол тағыда  бірнеше  пайызға  өсуі  мүмкін. Ал,  ондай  нарықтан ОА елдері  айрылғысы келмейтіні  анық. Одан тыс ОА  республикалары  Ресеймен  Шанхай Ынтымақтастық  ұйымы,  Еуразиялық  экономикалық  одақ және Ұжымдық  қауіпсіздік  шарты  ұйымы  аясында бірге. Бұл  ұйымдардан бас тару аймақтағы   елдердің саяси-экономикалық  қауіпсіздігіне  жарқыншақ  түсумен  бірдей. Сол секілді ОА елдері Қытайданда  бас  тарта алмасы хақ. Қытай мен арадағы сауда айналымы қазір 70 млрд.  доллардың үстіне  шықты. Алдағы уақытта  өңірдегі  жұрт оны 100 млрд.  долларға жеткізсек деп  талпынып  жатыр.  Бір  ғана  Қазақстанның   аждаһа  елімен  тауар айналымы  31 млрд.  доллардың  көлемінде.  Әрі  көрші әрі  экономикалық әлеуеті  өте  зор елмен қарым-қатынасты  тоқтау мүмкін  бе?  Жоқ. Демек,  АҚШ  президенті Байден  ОА елдерінің  басшыларын Ресеймен  Қытайға  қарсы қанша айдап  салғысы келседе, көздеген  мақсатына  жете  қоюы екіталай. Олай  болса,  Орта  Азия  елдері  бір  жақты  емес, ешкімнің  көңілін жыпайтын, өздеріне өте  тиімді  көп векторлы  саясатын алдағы уақыттада жүргізе  берері  хақ.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған