Ұлттық статистикаға сәйкес, 2019 жылмен салыстырғанда былтыр құмар ойындар мен бәс тігу қызметтерінің көлемі 40 есеге өсті.
Соңғы 2 жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, қазақстандықтар ең көп жұмсайтын жетекші орынға ие болды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана халықтың шығыны 100 млрд теңгеден асты.
Бұл кітапханалар мен мұражайларға қарағанда 70 есе, шығармашылық пен өнерге қарағанда 50 есе, IT қызметтеріне қарағанда 5 есе және жылжымайтын мүлік операцияларына қарағанда 2 есе көп.
Қазір бұл бағыттағы жарнама кез келген онлайн-платформада қолжетімді. Бұл өз кезегінде мәселенің кең өріс алуына себеп болып отыр.
Бүгінде ешкім лудомания мәселесімен айналыспайды. Салық органдары тек салық төлетуге мүдделі. Жергілікті атқарушы органдарға бюджетке түсетін түсімдер маңызды. Кәсіпкерлер кірісті «қуады». Нәтижесінде халық зардап шегеді: азаматтар мүліктерін салып, несие алады. Артынан ажырасады, жұмысынан айырылады, қылмысқа барады, өмірмен есеп айырысады.
Жақында ғана Ақтөбелік жас жігіт әкесінің жалақысын құмар ойыннан жеңіліп, өз-өзіне қол жұмсаған еді. 23 жастағы жігіт букмекерлік кеңседе 1 миллион екі жүз мың теңгеге жуық ақша ұтылған.
Жігіт бұл қадамға келесі күні туған күні болатын әкесінің барлық жалақысын ставкаға салып ұтылғаннан кейін барған. Жарты жыл ішінде ол құмар ойындарда 1 миллион 200 мың теңгеге жуық ақша ұтылған. Мұның бәрі ойын автоматтарынан басталған, содан кейін бұл ставкаларға ұласқан.